Жаңалықтар

Қарағандыға Self storage қашан келеді?

Жұрттың бәрі зәулім үйде тұрмайтыны анық. Әркімнің қаржылық әлеуетіне қарай баспанасы бар. Соңғы кездері Қарағандыда тұрғын үй салу қарқыны белең алғаннан бері, халықтың жаңа баспанаға сұранысы арта бастады. Баспана құрылысы іркілмесе, болашақта халықтың көшу үдерісінде тоқтау болмасы анық. Осындайда бір жәйт еріксіз еске түседі. Бүгінде көшуге әзірленіп жатқан таныстарымыз бен тар пәтерде тұратын қалалықтардан «Жеке қоймам болса ғой!» деген ой-арман ұшқынын аңғара бастадық. Шынымен де, қазір халықтың қоймаға деген сұранысы күннен-күнге өсіп келеді. Бұл түйткіл әрқайсымыздың алдымыздан шығатын мұқтаж дүниеге айналғандай.

Сурет: kvartblog.ru сайтынан

– Екі баламен аядай бір бөл­емелі пәтерде тұрып жатырмыз. Дүкеннен ұн, күріш, макарон өнімдерін қапшықпен алайын десем, ас үйде айналатын жер қалмайды. Түнеукүні, несиеге кір жуатын машина сатып алдық. Бұрынғысын жөндеп сатуды жоспарлаған едік. Бірақ жаңасы сыймайтын болған соң, амалсыз қоқысқа тастауға тура келді. Маусымдық киім-кешектеріміз бен балалардың ойыншықтарын, артық төсек-­орындарды көршіміздің қоймасына қойдық. Құнды нәрсеңнің сапалы сақталғанына не жетеді! Десек те, дүние- мүліктерімізге қауіпсіз жер тапқанымызға қуанып отырмыз, – дейді Ә.Бөкейхан ауданының тұрғыны Ырысжан Мақан.

– Кеше екі бөлмелі пәтерімді саттым. Жаңа қожайындарға қаңтардың басында үйді босатып беруім керек. Енді, сыңсыған дүние-мүлкімді уақытша сақтайтын ғимарат таппай бас қатырудамын. Туған-туыстарым өздерінің артық заттарын қайда орналастырарын білмей отыр. Жекеменшік үйде тұратын танысымыздың қоймасы бос емес екен. Айналамнан қоймасы бар тұрғындарды іздеп таппай жүрмін, – дейді тығырыққа тірелген қала тұрғыны Лиза Айтбай.

Жарты миллион халқы бар Қарағандыға қоғамдық қойма керек-ақ! Облыс орталығында осындай қоймалар салынса, тұтынушылар қатары күн сайын көбейетініне дау жоқ. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде мыңдаған, ал Қазақстанда екі қоймасын тұрғыз­ған ZipWarehouse компаниясының өкілдері Алматыда қызметтің бұл түріне сұраныс өте жоғары екенін айтады.

Оңтүстік өңірдегі ірі мегаполисте қойма ашу ісі 2018 жылдан бастап қолға алынған. Дегенмен, қарасы әлі жүзге жете қоймаған. Астанада жеке және заңды тұлғалардың заттарын қабылдайтын қоймалар енді пайда бола бастады. Отандық қаржыгерлердің пікірінше, ірі бокс контейнерлердің жетіспеуі нарықтың дамуын тежейтін фактордың біріне айналып отыр.

Қазақстандық ORDA INVEST корпорациясы мен ZipSklad біріккен серіктестігі келешекте Астанада осындай жылжымайтын мүлік кешендерін дамытуды көздеп отыр.

– Біздің клиенттер тұрғын үй кешендерінің қолайлы ортасын қалыптастырады. Аталған жоба бағамы жылжымайтын мүліктің басқа түрлеріне қарағанда айтарлықтай төмен. Ал, ол өз кезегінде рентабельдің жоғары екенін айғақтайды, – деп мәлімдеді, «Курсив» басылымына берген сұқбатында ORDA INVEST өкілі Уәлихан Малғаждаров.

Таныс та, бейтаныс заманауи қызмет түрі бізге жаңа келіп жатқанда, АҚШ пен Еуропада бұл ивестиция дамудың даңғыл жолына көтерілген. Америкада жеке қоймалар ісі жарты ғасыр бұрын бастау алған. Тарихы 1980 жылы қалыптасқан Self storage XXI ғасырда жаhан жұртына кеңінен танымал ірі индустрияға айналып отыр. Оның аумағы – ауқымды, алып қойма кешендерінің қызмет аясы кең. Тұрғындар бұл жерге мау­сымдық киім-кешектерін, жөндеу жабдықтарын, бағалы жиhаздарын, тіпті қымбат көліктерін де, батыл түрде әкеп тапсырады. Тұтынушылар осы арадан шағын қоймалар алып, жеке мүліктерін қысқа немесе ұзақ мерзімге сақтау мүмкіндігіне ие. Тұтынушылар жалға алған контейнерге жеке құлыптарын әкеп орнатады. Кешен қызметкерлері мұндай клиенттердің мүліктерін өздеріне тапсырған.

Айтпақшы, АҚШ-та қойманың жалдамалы құны 450-500$ тұрады. Еуропада да тариф осындай шамада. Кез келген бизнес пайда табуды діттейтіні анық. Америкалық сарапшылардың айтуынша, батыста қойма бизнесінен түсетін жылдық табыс көлемі 21 млрд.долларды құрайды. Есесіне, клиенттерге көрсетілетін кепілдендірілген сапалы қызметтің тетігі көп. Еске салатын бір жәйт, біз мысал еткен мемлекеттерде қойма кешендер мен бокс-контейнерлер қаладағы инфрақұрылымы талапқа сай аудандарда орналасқан. Бұл тасымал қызметіне жүгінетін тұрғындарға жасалған үлкен мүмкіндік екені айт­паса да түсінікті.

Америкадағыдай заманауи қоймалардың шағын нұсқасы біздің қаламызда салынса, халықтың қажеттілігі ашылар еді. Жаңа логистикалық қызмет елдің мүлкін сақтап қана қоймай, болашақта бұл ара әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға береке көзі әрі қайырымдылық шараларға бастау болатын әмбебап кешенге айналмасына кім кепіл? Ендеше, кеншілер шаhарынан жекеменшік қоймалар мен бокс-контейнер салуға не кедергі?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button