Жаңалықтар

ҚАРАҒАЙДЫҢ ҚАРСЫ БІТКЕН БҰТАҒЫНДАЙ…

Абзал азамат, абыз ақсақал Сәтбек Дулатбеков туралы бір үзік сыр

Уақыт пен Кеңістік деп аталатын тарихи-философиялық ұғымдар аясында бір жайт айрықша ден қоюымызды талап етеді: ол өмір – мұрат, өлім – ақиқат екені туралы қағида. Осыдан келіп, адамның барша болмысына үңілу, оның не үшін өмір сүретіні, ғұмыр кешудегі негізгі мақсатының мәні мен маңызы, мазмұны жайлы толғану туындайды. ХІХ ғасырда қазақ топырағында дүниеге келген, барша әлемдік деңгейдегі өзекті проблемаларды саралай келе, жалпы адамзат үшін ренессанс жасаған хакім Абайдың «толық адамы» қандай адам? Қазір жер бетінде жеті миллиардтан астам адам ғұмыр кешіп жатыр екен, соның қаншасы «толық адам» деңгейіне көтерілді? Оның қандай шарттары бар? Белгілі бір өлшеуіші, безбені бар ма? «Толық адам» атану үшін не істеу керек? Әлгі «Сұлулық әлемді құтқарады» (Достоевский) тұжырымдамасы Абай ренессансына сай келмейтіні де, ондай жүкті көтере алмайтыны да мәлім. Адамзат сұлулыққа ұмтылмай жүрген жоқ. Демек, сол сұлулықтың да көсегені көгертіп жатқаны шамалы-ау… Әйтпесе, соңғы жылдары дүние жүзінің көп жерінде орын алып жатқан қантөгістер, үстемдікке ұмтылу, күштінің әлсізге жасаған әлімжеттігі, көптеген елдердегі қырық құбылған саясат, Азиядағы адамзаттың соңғы пайғамбары таратқан Ислам дінін бұрмалап, түрлі зиянды ағымдарға жол берудің өзі Сауд Арабиясында пайда болғанын қалай түсіндіреміз? Сұрақ көп, жауап жоқ… Өкінішке қарай, толымды уәж айтылмай келеді. Мүмкін, Абай жарықтықтың:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,

«Мені» мен менікінің мағынасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі – деп толғанғаны біраз жайттың бетін ашар. Сірә, солай шығар, себебі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз ұлы данышпан Абайдың өлең жолдарына көбірек жүгінетін.

Сәтбек аға Дулатбеков… Басында айтқанымыздай, өмір –мұрат, өлім – ақиқат. Абзал ағаның бақиға аттанғанына да бірер күнде қырық күн толмақ.

Бірден басын ашып айтайық, ол кісімен жиі кездесіп, сұхбаттасқан, етене араласқан жандар емеспіз. Алайда, мәңгі бақи бірге боп, бірге жүрген адамның өзі жан досына сөз арнағанда ойын жеткізе алмай қиналады ғой. Ал біз болсақ, аз да болса ол кісімен пікірлескен сәттерімізді, ол кісі туралы жазылған дүниелерге, ол кісіне жетік білетін замандас, аға-інілерінің пікіріне сүйендік.

Сәкең әрі қарапайым, әрі саф таза, өз болмысын азаматтық ажары мен кісілік келбетінің аласармауына арнаған жан еді. Ол романтикаға беріліп, мұзарт шыңдарды бағындырам деп алдына мақсат қойған да адам емес-ті. Ол бекзаттық пен тектілік жан әлеміне ұя салған азамат еді. Алайда, ол сондай қасиет, сипаттар маған тән деп есептеген жан еместін. Бір ғажабы, Сәкеңді де, ағасы Орынбасарды да білетін болғандықтан, мынадай тұжырым жасағымыз келеді – екеуі де қарағайдың қарсы біткен бұтағындай жандар еді. Сәтбек аға заң саласында қызмет етсе, Орынбасар аға сол кездің перзенті болғандықтан, ауданда, түрлі шаруашылықтарда партия, кәсіподақ, селолық кеңес салаларында басшылық қызметтер атқарды. Өткен уақыт біздің жүріп өткен жолымыз ғой, ақты ақ, қараны қара деу – парызымыз. Алайда, қазақ өткеніне топырақ шашқан халық емес. Орекеңді шешендік, астарлы сөз, елеусіздеу болып көрінетін әжуа, мысқыл ерекшелейтін. Турашылдығы мен принципшілдігінен біраз жұрт қаймығып тұратын. Жарықтық, ғұмырының басым бөлігін партия қызметінде өткізсе де, сол тәртіпке іштей бір наразылығы, сыртқа шығармағанмен іштей бір бұлқынысы бардай көрінетін. Бәрін тізбей-ақ қоялық, бірер мысал ғана келтірейік.

Ол кезде қарапайым еңбеккер де, лауазымды қызметкер де қазақстандық газет-журналдар өз алдына, Мәскеуден шығатын ақпарат құралдарына міндетті түрде жазылады. Орекең де, әлбетте, әлгілердің бәрін тәптіштеп оқып жүреді. Бір күні кеңсе алдында жолығып қалып: «Мына бас мақаланы оқыдыңыз ба? Бас мақала «Жалынды ұрандар» деп аталады. Сонда жалынсыз да ұрандар болғаны-ау, ә?!» дегені осы жолдардың алғашқы авторының жақсы есінде қалыпты. Бірде қолында қыруар газет-журналы бар, ішінен «Қазақ әдебиетін» суырып алып, «… сіз мына мақаланы оқыдыңыз ба? Ана қаламгер бауырымыз туралы «қабырғалы жазушы», «белді суреткер» деген анықтама беріліпті. Сонда қабырғасыз да, белсіз де жазушы болғаны-ау, ә?!» – деп күлген екен.

Ол кісі өз қоғамының перзенті болып, сол жүйеге еңбек сіңіріп жүрсе де, соны белгілі бір дәрежеде мысқылдап, әжуалап жүргендей әсер қалдыратын. Бірде совхоз басшыларын хатшы келіншектен сұрап, оның: «Директор да, партком да малшыларды аралап кетті» дегенін естіп, «Апырмай, қат-қабат шаруашылықпен айналысып жүрген адамдарды қайда деп сұрап тұрған мен де ақымақ екенмін-ау» деп күліпті. Шын мәнінде, әлгі екі басшының өзен бойында суға түсіп, мәз-мейрам болып отырғанын білгендіктен айтып тұр екен мысқылдап.

Орекең тегеурінді, оқыған-тоқығаны мол, сөзге шебер, таным деңгейі мықты, не айтса да заңға негіздеп айтатын сұңғыла жан еді. Алайда, ол кісіге қарағанда, зияткерлік деңгейі жоғары болса да, Сәкең аға аса көп сөйлемейтін, келісті, келбетті жан еді. Сұңғақ бойлы, етжеңді тұлғасы бар, өңінде аздаған сұсы бар азамат тура сол заң саласында қызмет істеуді тәңірі пешенесіне жазған адамдай боп көрінетін. Кейде жан-жақты, терең білімді жан, әсіресе, заңтану, құқықтану жүйесінің асқан білгірі маңғаздана басып, болашақ заңгерлерге дәріс оқуға кетіп бара жатқан ақ бас профессорға ұқсайтын.

Өз дәуірінің қалаулы қызметшісі, зерделі заңгер Сәтбек Дулатбеков бүкіл саналы ғұмырын биліктің бір тармағы сот ісіне, әділет саласына арнады. Сонау 1955 жылы Шет аудандық сотында сот хатшысы болып еңбек жолын бастаған ол жарты ғасырға жуық уақыт осы салада үздіксіз қызмет етті. Еліміздің сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына есепсіз еңбек сіңірді. 1977 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мүшесі болды, заң саласының барша қауым білетін тұлғаларының біріне айналды. Салиқалы судья ретінде өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен сот төрелігінің беделін өсірді. Еліміздегі құқықтық қатынастарға сай сот әділдігін жүзеге асыруда, оның құрылымдық жүйесін әр жылдардағы замана саясатына сәйкес жетілдіріп, қоғам мен халық мүддесіне орай сот әділдігін жүргізуде аса қомақты, сан салалы қызметтер атқарып шықты. Халықтың келешегі мен елдің ертеңін еркін болжап, қоғамға жат үрдістерді жазбай танып, сын тезіне салатын көрегендік қасиетімен ерекшеленді. Ел тыныштығы мен халық ынтымағы үшін атқарған бұл қызметінің ауқымы кең, мәні зор болды.

Азаматтың атақ-абыройы, қадір-қасиеті жасаған жас мөлшерімен емес, адами қасиетімен, еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Қырық жылдан аса уақыт мәртебелі судья қызметінде жүріп, осы бір өткірдің жүзіндей сындарлы лауазымды қапысыз атқарып, әріптестері алдында беделге ие болу, қалың бұқара арасында сый-құрметке бөлену кез келген адамның пешенесіне бұйыра бермейтін сый. Серттен таймайтын, батылдық, қайсар мінез таныта білетін мәрттігі тағы бар. Сәтбек Дулатбекұлы осындай мәртебеге жетіп, мерейі тасыған танымал тұлға болды.

Жастайынан туған елінің киелі қасиеттерін бойына дарытып, перзенттік парызына адал болып, тура жолдан таймаған Сәтбек ақсақалдың өмір жолына, еңбек жолына үңілген сайын ел ағасына айналған ғұмырнамасына, азаматтық ар-намысының айшықты соқпақтарына, адамгершілік қасиеттерінің асылдығына, жан дүниесінің жайсаңдығына көз жеткізе түсесіз. Сырбаз сырт көрінісінің өзі жаратылысынан ірі міндеттерді, үлкен істерді тындыруға арналған азамат екенін аңғартатын. Кең пішілген айбынды тұлғасына шалқар ақылы мен зердесі, өмір мектебінен алған білімі, көргені мен түйгені үйлесім тауып, сырт пішіні мен ішкі жан дүниесі бірін-бірі толықтырып, ерекше жарасым тауып тұратын. Сәтбек ағай өзі көтерілген азаматтық, адамгершілік биігінен аласармай, табиғи тазалық қалпын сақтап өткен адам.

Сәтбек аға сот жүйесінде қазір бәріміз мансұқтап жатқан СССР кезіндегі уақытта да, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезде де қызмет етті. Яғни, екі түрлі уақыт аясындағы талаптарды өз көзімен көрді, таразыдан өткізді. Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі қандай болуы керек? Заң – адамның туғанынан бастап, көзі жұмылғанға дейінгі кезеңдегі барлық әрекеттерін реттейтін күш, ендеше, азат елімізде оның сипаты қандай болуы керек? Үнді, Вавилон, Мысыр, т.б. елдердегі құқық тарихына үңілсек, заңның тым ерте дәуірде пайда болғанын аңғарамыз. Дегенмен, сол кезеңнен бастап осы уақытқа дейін заң бұзушылық әлем елдерінде күрт азайды деген мәлімет жоқ. Дүние жүзінде аса қуатты ел – АҚШ. Еуропадағы алпауыт мемлекеттер бар. Экономикасы, мәдениеті, әлеуеті, технологиясы күшті дамыған. Қылмыс азайса екен деп сол елдерде құқық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жалақысын көтеру, заңды күшейту, техникалық жабдықтарды заманауи талаптарға сай жақсарту, т.б. шаралар, өкінішке орай, күткен нәтиже бермегені анық. Ал халқы кедейлеу Үнді елінде есіктер кілттенбейді, аштан бұратылып жатқан адам өлсе де ешкімнен ештеңе ұрламайды. Бұл елде қылмыс көрсеткішінің аз болуы ұлттық дәстүр мен ата салтын, дінін берік ұстағанында. Қазақ тарихында әйгілі билер ердің құнын да екі-ақ ауыз сөзбен бітірген.

Міне, осынау жайттар тәуелсіз елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, сот жүйесін жаңғыртуға алғышарттар жасаған-ды. Сәтбек аға терең таным білімі арқасында осы саланың дала энциклопедиясы атанған жан болды. Қазақта билер соты, ақсақалдар соты, ар соты дала сотын құрайтын. Қыруар міндеттерді ҚР Жоғарғы Сотында ширек ғасырдан астам қызмет атқарған Сәкең, оның замандастары шешуге атсалысса, олардан тәлім алған жастар солардың ісін жалғастыруда.

Жалпы, азаматтың ісі артында қалдырған сонарлы ізі – көп жылғы іс-тәжірибесінің көрінісіндей, жемісіндей – орнын басқан шәкірттерімен де бағаланады. Сәтбек ағайдың бұл тұрғыда да шаршысы толық болды. Ұзақ жылдар ішінде заң, құқық саласында бірнеше буын ұрпақ өкілдерін, талай-талай азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Сот жүйесінде білім мен біліктілігін шебер ұштастыра жүріп, ізін басқан буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бай іс-тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырды, ақыл-кеңесін аямады. Кәсіби шеберлікті шыңдауда, адами қасиетті қалыптастыруда адастырмас темірқазық болды.

Осы жерде бір жайт еске түсіп отыр. 90-шы жылдардың ортасында бір азаматпен әңгімелесудің реті келіп еді (өз өтінішіне орай, аты-жөнін атамадық, қазір ірі кәсіпкер). «Істі болдым, қателестім, қылмыскер атандым. Үйдегі үлкендер таныстықтарын пайдаланып, Сәтбек ағаға телефон соғыпты. Сол кісімен сөйлесуге тура келді. Ол кісі мені өзі іздеп тауыпты. «Ісіңмен таныстым. Арандап қалған сияқтысың. Сот барлық жайтты ескерер. Бірақ есіңде болсын, әлі жассың, жаныңды ар соты соттар, сол бәрінен қиын болар» дегені әлі күнге жанымды мазалайды. Жаза алдым, түзеу мекемесінде де әлгі сөз есімнен кетпеді. Тәртіпті адам болды деп мені ерте босатты. Алайда, Сәкең айтқан ар соты деген сөз әлі көкірегімде сақтаулы» – деген еді әлгі азамат.

Сәтбек аға қоғамдағы өз орнын білетін. Дастарқан басындағы емен-жарқын араласу мен қызмет барысындағы қалыпты міндеттерін айыра білетін. Тым жалпақшешейлікке де бармайтын. Не істесе де, заңды басшылыққа алып, соның аясында ғана әрекет ететін.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы Қазақстанға ғана емес, СССР құрамындағы республикаларға қандай серпіліс әкелгені мәлім. Қозғалыс басылысымен жастарды, зиялы қауым өкілдерін жаппай жазалау науқаны басталды. Осы орайда, Сәтбек ағаның халқымыздың өрімдей ұл-қыздарының ісін жүргізуден бас тартқанын қазірде біреу білсе, біреу білмес. Алаш қайраткері, танымал тұлға Әлімхан Ермековтің бір ұрпағы істі болғанда, құжаттармен өзі танысып, әділдіктің ақ жолынан таймай, ара түскен де Сәтбек аға екенін қазірде біреу білсе, біреу білмес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, оны бірақ мақала көлемі көтермейді.

С.Дулатбеков күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, кішіпейіл, қарапайым болды. Адам бойындағы тазалықты, шынайылықты, ашықтықты қасиет тұтатын, көлгірлік, көзбояушылық ол кісіге мүлде жат еді. Екеуара әңгіменің шебері – тек кәсіби мамандық бойынша ғана емес, басқа рухани-мәдени әдебиеттерді де көп оқитын, көп білетін. Әрдайым ойы тұнық, салиқалы, толғамдары салмақты, сүбелі шығып жататын. Сөзінің мәтелі – Абай хакім еді, осы қасиетін істес болған, алдын көрген, ақыл-кеңесін алған адамдар күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Аңыз демекші, Сәтбек ағаның адамшылық абзалдығы, кәсіптік шеберлігі, аманатқа адалдығы турасында ел ішінде, халық аузында жүрген түрлі әңгімелер, тәмсілдер өте көп. Міне, солардың бәрі бас құрап келіп, алдағы уақытта тағылымды, толымды естелік жинаққа айналса деген талап-тілек бар. Ол әрбірден соң аруақ алдындағы ақтық борыш, кейінгі өскелең ұрпақ үшін керегірек қарекет. Қалай дегенде де, соңынан сонарлы із қалдырған ардагер азаматтың өнегелі өмір жолы өшпестей үлгі, елі үшін сіңірген есепсіз еңбегі, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды, маңызды болып қала береді.

Сәтбек ағаның отбасы да елдің бәрі құт мекендей құрметтейтін шаңырақ болды. Өмірлік жары Алтын ана екеуі бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында өрісті қыз, қонысты ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары өмірдің тарам-тарам жолдарында өз таңдауларын тапты, ат жалын тартып мініп, азамат атанды. Әсіресе, сырт тұлғасы да, мінез-құлқы да, адамның іші-бауырына кіріп кететін ізгілігі де өзінен аумайтын Нұрланды ерекше айтуға болады. «Екі әкенің, екі ананың ұлымын, екі ананың бірдей алдым жылуын…» – деп Тұманбай ақын жырлайтындай, екі әкеге, екі анаға тел өскен ұл, арда азамат Нұрлан Орынбасарұлы – бүгінде бүкіл елімізге танымал тұлға, белгілі қоғам қайраткері. Н.Дулатбековті жалпы жұртшылық жақсы біледі. Ұлттық руханияттың жоқшысы, ЖОО саласының білгірі, университет ректоры, облыстық мәслихаттың хатшысы болды. Қазірде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ол Орекеңнің бауырында өсті. Бірін-бірі толықтырған қос азаматтың тәрбиесін көрді. Бүкіл игілікті істерін айтпай-ақ қояйық, осыдан біраз жыл бұрын Мәскеу маңындағы Дон зиратынан ұлт көсемі Ә.Бөкейхановтың жерленген орны табылғанда, арнайы құлпытас жасатып, Қасымның қайсар өлеңін жаздырып, Әлекеңнің басына алып барып, белгі орнатқан осы Н.Дулатбеков еді.

Осымен тәмәт-тамам. Өмір атты адамзаттың көш-керуенінде, адам баласы жылап келіп, жылап кетіп жататын мына фәни жалғанда Абай данышпан айтқан толық адамдар көп болса екен деп тілелік. Сәтбек ағаның отбасына береке-бірлік, үрім-бұтағына тәңірім барша жақсылығын нәсіп етсін!

Мәуен ХАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button