Ресми

Қарғынға қамданыс қауырт

Қардың қалың түсуіне байланысты биыл су тасқыны болуы ықтимал аймақтар алдын ала қамдануда. Осыған орай, қарағандылық апаттық-құтқару қызметтерінің қазіргі жұмысы қауырт. Жыл сайынғы «Көктем – 2023» РКШО аясында тәжірибелік шаралар биыл да ұйымдастырылды. Бұқар жырау ауданындағы Садовое елді мекеніндегі Нұра өзенінің арнасындағы оқу-жаттығу Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр, генерал-майор Марат Күлдіков пен облыс әкімінің орынбасары Вадим Басиннің басшылығымен өтті.

– 255 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл – 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам адам. Оңтүстік аймақтарда қардың еруіне санаулы күн қалды. Қазір барлық күш-жігер алдын алу мен тасқынға дайындыққа бағытталған. Биылғы екі айда 15,1 шақырым уақытша бөгет салынды. Ал, 24 шақырымға жуығы жөнделді. 16 шақырымнан астам уақытша бөгет, сондай-ақ, елді мекендердің айналасында 41 шақырым білік тұрғызылды, – деген еді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Арқа даласы бұл тізімде аталмаса да, «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында жедел басқарудың барлық алгоритмі дайындалуда.
Арнайы оқу-жаттығуға Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, республикалық азаматтық қорғау қызметтері, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері біріктірілді.

– Жалпы бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – су басуы ықтимал елді мекендерді тасқын судан аман алып қалу. Сонымен қатар, қар қалың түскен елді мекендердегі көпірлер мен негізгі су арналарын тоң мен мұздан арылту, тасыған су бағытын өзен арналарына бағыттау да міндет, – деп атап өтті Марат Күлдіков.

Осылайша, табиғи апаттардың алдын алуға қамданған бір топ құтқарушылардың жұмысы арнайы дабылдан басталды.

Қай жұмыс болмасын белгілі бір жүйенің аясында іске асары анық. Төтенше жағдайлар қызметінің де ұстанымы – осы жүйеге бағыну. Арнайы жаттығу алаңында ең негізгі әрекеттер көрсетілді. Олар – елді мекендерді қар құрсауынан тазарту, тасыған су екпініне қарсы қорғаныс бөгеттерін нығайту, су өткізетін арнайы көпірлерді, арық және дренаж жүйесін тазарту, инертті материалдарды дайындау.

– Бүгінгі таңда өңірде су тас­қынында жедел әрекетке маманданған 35 мың адам, 11 мың бірлік техника, 700 жүзу және 3 мыңнан астам су соратын құрал сақадай сай. Биылғы қар мөлшерін қадағалау арқасында алдағы төтенше жағдайға толық дайынбыз деп айта аламыз. Оқу-жаттығу алаңындағы құтқарушылар әрекеті де соның бір дәлелі, – дейді Марат Мұхаметқалиұлы.

Аймақта былтырғы және одан арғы жылғы орын алған су тасқыны оқиғаларының анализдері қайта қаралып, сондай оқиғалар қайталанбау мақсатында нақты істер атқарылып жатқанын жеткізді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.

– Өңірімізде 150-ге жуық елді мекен мен 100-ге жуық автокөлік жолына қызыл судың қаупі бар. Космомониторинг қалыпты ауа­-райын көрсеткенімен, күн күрт жылынса, жағдай күрделенуі әбден мүмкін. Облыстағы өзендердің кейбірі арнасынан асып тұр. Ең үлкен Нұра өзенінің суы биыл нормадан 1,5 есе жоғары. Ал, жердің тоңы орташа есеппен 160 см-ге жуықтайды. Облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Тасқынға тосқын қою үшін 3,5 мыңға жуық адам және 1200 техника тас түйін дайын тұр, – деп мәлімдеді Қаһарман Нұртасұлы.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу бағдарламасы аясында су алған елді мекендердің тұрғындарын құтқару, оларды арнайы шатырларға жайғастырып, алғашқы жәрдем беру іс-әрекеттері де назарға ұсынылды.

Жан АМАНТАЙ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button