Ең кішкентай планета
Мен осы жасыма жеткенше екі планетада ғұмыр кешіп келемін: Біреуі – Жер-Ана деп аталатын Макро-Әлем, екіншісі – Қызыларай атты Микро-Әлем. Мен әлі күнге дейін осы екі әлемде өмір сүріп жүрмін. Мына Жарық Дүниеде кіндігім Ақжарық-Ақсораңға түсіп, қазақ боп жаралмағанда адамзаттың керуен көшіне ілесер ме едім, ілеспес пе едім? Оны бір Құдай біледі. Түбіміз қырғыз көрінеді… Қырық жыл қырғын болса да руын ұмытпайтын қазекең “қырғыз” дегенде… шамданып, шамырқанып жүруші едім, кейіннен оны да ести-ести ет өліп кеткен; көре-көре көп нәрсеге көз жетті. Пушкиннің түбі – араб, Лермонтовтың түбі – шотландиялық екен. Бірақ, осылардың екеуі де орыс жырын орыстың өзі шығара алмаған шырқау биікке шығарып кеткен. Алашыңа бір ауыз соны лебіз айтсам деп, қолыңа қалам ұстап, ақ қағазға телмірген екенсің, мәселе – сенің қайдан шыққандығыңда емес, қай белге, қандай биікке шыққандығыңда. Ақынның автопортреті – шығармасы. Оның кім екендігі көзіқарақты адамға содан тасқа таңба басқандай көрініп тұрады. Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан» романында Абылай 1777 жылы Құсшы тайпасының біразын Сарыарқаға түп көтере көшіріп әкеліп, шұрайлы қоныс беріп, қазаққа қосқанын айтады (М.Мағауин, «Шыңғысхан». Алматы, 2001, 335-бет). Қазан төңкерісі қарсаңында Қарқаралыдағы сол Құсшы тайпасы бір мың шаңыраққа жеткен екен. «Ал манадан бері ұстанған жолымызбен, қазақтағы Құсшы қауымынан кімдер бар десек, ХІХ ғасырдан әйгілі Шөже ақын, сондай-ақ, қазіргі замандағы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы – Арғын Қаракесек құрамындағы Құсшы табынан болады, ал Төлеңгіт тайпасының құрамындағы Құсшы руынан ХХ ғасырда жасаған атақты биші – Шара шыққан» (М.Мағауин, «Шыңғысхан», 335-бет).
Құсзатының білгірі Есенғали Раушанов Ақсұңқар деген құстың Алашты тастап кеткеніне бірнеше заман болды дейді («Құстар біздің досымыз». «Жазушы», Алматы, 2009). Ақсұңқардың ХІХ ғасырда осы Ақсораңда ұя салғаны – тарихи факт. Менің арғы атам Сүлеймен Қажыкен деген баласымен аң аулап жүріп, Ақсораңнан Ақсұңқарды көрген де, баласына соның атын қойған. Бұл – 1912 жыл.
Сол құстың баласы – менмін!
Ал, Есенғалидың айтуына қарағанда, Ақсұңқар солтүстік қиырдағы ормандарда, Ібір-Сібірден де әріде өмір сүретін көрінеді…
АҚСҰҢҚАР
Ақсұңқар, Ақсораңға барасың ба?
Алтын тақ, асқақ болмыс, бәрі – осында.
Дүниеде сені көрген пенде сирек,
Сол көптің мен де жүрмін арасында.
Мұзарт шың, түу биікте тұлғаланған,
Бір көру дидарыңды туғалы – арман.
Бір ұлы ем Ақсораңның, адамзатта
Атыңды елден бұрын ұрлап алған…
Ақсұңқар, мысың да – өктем, кәрің де –
өктем,
Жайсаңның құс жолымен бәрі де өткен.
Әлихан, Әлімхан мен Жақыптарың,
Сен жеткен шыңдардан да әрі кеткен.
Басылып тау мен мұхит, дала мысы,
Келеді Көк Тәңірге қарағысы.
Аспанды, Алланы да тәрк қылды-ау,
Құсзат пен Адамзаттың ала құсы.
Ақсұңқар, сен де – құссың, мен де – құспын,
Сен құшқан мұз құрсауды мен де құштым.
Санатын Алашыңның көктен көріп,
Қанатым талғаннан соң жерге түстім.
Уа, Ақсораң
Поэзия – топырақтың туындысы! Менің күллі шығармамның алтын арқауы – Ақсораң-Қызыларай-Қарқаралы. Олар болмағанда мына жарық дүниеде мен де жоқ едім! Бала күнімнен жүрегімді арбап, жатсам, тұрсам жаныма маза бермеген “Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәтінің” өзі кіндік қаным тамып, кір жуған жұртым Қызыларай һақындағы жыр. Адамзат пен Алашқа қатысты дүниенің бәрін де ақыл-есімді жиып, адам болғалы Ақжарық-Ақсораңнан көріп, көңіліме тоқығам. Анам Һалифаның бесік жырынан бастап, әкем Ақсұңқардың тізесінде отырып естіген, білгендерім, Әлихандардың іште кеткен шер-шемені ес жиған соң өлең болып, қағаз бетіне түсті. Мен ештеңені ойлап тапқам жоқ. Мен іздеген дүниенің бәрі Қызыларайдың топырағында, тауы мен тасында, ескен желі мен көшкен бұлтында жатыр еді… Одан қалғанды Шатырша мен Бектау Ата, Қарқаралы, Ұлытау мен Алатау, Алтай тауларынан, Атырау шөлдерінен, Бетбақдаланың жазығынан тауып алдым. Түркияға жолым түскенде оның бір шоқысының Қызыларайдың Ойрантауынан аумайтынын көріп, аң-таң қалып едім: Оғыз қыпшақтарының осы жақтан кетеніне сонда тағы бір көзім жеткен: Олар осы біздің Қызыларайдан кеткен – менің ауылымнан! Қазір Еуропадағы ерен ел болып отыр!
Уа-ай, Ақсораң!
Тұрсың ба етектегі елді елемей,
Төбеңде – жұлдыз, төменде ұшқан
құс қалып;
Хан Тәңіріден қарасаң – төбедей,
Мұхиттан қарасаң – мұзарт шыңыңды
бұлт шалып!
Абылайды айтса сен-дағы
іштен тынарсың,
Кенесары – көзіндегі сораң-ды.
Ақсұңқар құсың бұлтқа салған ұясын,
Менің сойымның түп-төркіні содан-ды.
Кеудеңде – Әсеттің әуені,
Әлімсақтан Әлиханның шемені.
Мені Алла алқады әуелі,
Сонсоң, аруақ жебеді!
Ой туады ойдан соң,
Жыр туады жырдан соң,
Көк болмаса да көйлегім.
Ақсораңның етегінде туған соң,
Адамзатқа асқақ-асқақ сөйледім!
Алашымда – негізім.
Шау тартатын шақ та жетіп, ой қашты.
Ақсораңда тұрып айтқан лебізім,
Атлантты аттап өтіп,
Аллаға жетпей қоймас-ты…
Алашта “Арқасына аруақ қонған жер” деген бір қасиетті сөз бар. Соның бірі һәм бірегейі осы – Қызыларай! Түгелдей түгендеп шығу мүмкін емес. Кешегі Алаштың үш арысына дейін айтсаң да, соның өзі бір алақандай аймаққа аздық етпес еді! Атой салып, Абылайлар өткен бұл жерден. Он жетінші жылғы қазан төңкерісінің қырғыны мен жаппай тәркілеу, аштық, сталиндік қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру секілді саяси науқандардың барлығының ізі сайрап жатыр тау-тасында. Ақтоғай – Алаштың автопортреті! Сенің бүгінгі кедейлігің түк те емес. Арғы ата-бабаңдағы мыңды айдаған мырзалық пен сүйегіне біткен бекзат-тектілік, Алла жазса, әлі жеті атаңа дейін жететін болады! Ең бастысы, аяғыңда – тұсау, қолыңда – кісен жоқ қой?!
Қызыларайдың көзі – қияда болуы керек. Ақсораңға қарасаң болды, адаспайсың. Құзғын құсап бауырыңа басып жемей, қырандайын шашып жейтін қиянға жетелейді сені! Арқасына аруақ қонған Ақсораңның баласы, Әлиханның аруағы жар болғай саған! Аспанда – Алла! Жерде – Алаш елі!
***
Кеңес Одағының кезінде тау елінің бір баласы кісі қолынан жазым болып, қылмыстық іс дауға айналыпты. Оны өлтірген де тау елінің тұрғыны екен. Жоғарғы сот бір тоқтамға келе алмай, істі Жоғарғы Кеңестің Президиумына әкеледі. Бәрі де ату жазасын ұсынады. Тек Ақын Расул Ғамзатов қана үкімге қарсы дауыс береді.
– Мұныңыз қалай? – дейді Президиум мүшелері аң-таң қалып, – Жендетті ақтағыңыз келіп тұр ма?
– Біздің Авар жұртында бір дәстүр бар еді, – депті сонда Расул. – Біз – дастарханынан дәм татқан үйді жамандыққа қимайтын елміз. Мен бұл жігіттің шешесінің қолынан шай ішіп едім…
Қызыларайда мен дәм татпаған үй жоқ! Дүниеге шырылдап келгеннен осы күнге дейін Қызыларайдың топырағы мен ата-баба аруағы, ел-жұртымның дәмі жебеп жүр мені! Мен елден кетердегі алты жасар баласынан бастап, алпыс бел, жетпіс белес, сексеннің сеңгірінен асқан ауылдастарымның бәрі көз алдымда! Бәріңізге ақ жол тілеймін!
…Ауылға бір барғанымда менің Оралбек ағамның кенжесі орта мектепті тәмамдағалы жатыр екен.
– Қарағандыға көшпейсің бе? – дегем.
– Мен кетсем, аруаққа кім дұға бақшылайды?! – деді ол.
Аталы сөз! «Туған жер, өлген мола жібермейді» деген Абайдың өзі. Нағыз қазақи мінез ғой – бұл. Сапа молданы алдыға салып, аруақтарға дұға бақшылаған сайын Орекеңнің осы сөзі есіме түсе береді…
ҚЫЗЫЛАРАЙ
Атыңды ылғи аңыз ғып айтыпты өлең.
Соның бәрін бір жерге қайтіп терем?
Мен өзіңнен жүз рет кетіп қалып,
Жүз мың мәрте қайтадан қайтып келем.
Сарайым да өзіңсің, қорымым да.
Қайда жүрсем қорғайтын қорығым да.
Кеткен жоқпын мен сенен, Құлап қалған –
Құжырамның жатырмын орынында…
Күйкі тірлік көлбеңдеп, былай қалып,
Саған бауыр басқаным Құдайға анық.
Моласында Ақсұңқар-Һалифаның,
Музам ұшып жүреді шыр айналып?
Алтын қазық, тамырым, бәрі – осында.
Түу алыстан көре сап қарасын да;
Ақсораңға қонам да, ұшам қайта,
Атырау мен Алтайдың арасында.
Дауыл сырын… сезініп, дәуір сынын,
Құстай ұшу пендеге – ауыр, шыным.
Қайда ұшсам да көзге оттай басылады,
Қызыларайда қап қойған қауырсыным.
Атыңды ылғи аңыз ғып айтыпты өлең.
Соның бәрін бір жерге қайтіп терем?..
Фәниіңнен бақиға кетіп қалып,
Сол жақтан да мен саған қайтып келем?
Еуропа ғалымдары өлген кісіні кремоториге салғанда оның денесі қорқынышты бір сезімнен дір ете түскен екен. Соны әлем “Сенсация!” деп жариялап, әлі күнге дейін аң-таң қалып отыр. “Пенденің өзі өлгенмен жаны өлмейді” – деген Құрандағы Алланың ақихаты – бұл! Рух – мәңгілік!
ШЫБЫН- ЖАН
Мына Мархұм өртенерде, расында,
Шошып кеткен…
Миы жоқ па басында?!
Крематорий оты деген немене,
Күйіп тұрған сойқан өрттің* қасында?!
Өлгеннен соң шірік өкпең сырылдап,
Иттей кешкен ғұмырың да ырылдап,
Қалады екен қара жерде!
Ғарышқа –
Шыбын жаның ұшады екен шырылдап…
Тәніңе ие болады екен молда кеп,
Жан кетеді: “Бөрі азығы жолда” деп!
Шыбын жаным, он шақты жыл жүре тұр,
Сонан кейін, қайда кетсең, онда кет…
Атыраудан –
Алтайыңды шолып кеп,
Енді мұнда жүре берме тоңып көп;
Жаназаңды шығарғанша, асықпай,
Ақсораңға бір-екі күн қонып кет?
Уақыт бере қойса соған, ай, Алла,
Мен де біраз жүрейінші саяңда?
Қарқаралдан өтер тұста, асықпа,
Жиренсақал Әулиеге аялда?
Уақыт болса, біраз сайран саларсың,
Асықпағай, барар жерге – барарсың;
Жетісудан өтер тұста, өкіріп,
Жер бетіне бір құлдырап аларсың?
О, Тәңірі!
Өзің ғана қолда! – деп,
Жүрсең, нәсіп болады екен сонда көп.
Шыбын-жаным, оншақты жыл жүре тұр,
Содан кейін, қайда кетсең, онда кет…
*Тозақ өрті.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ