Қарқаралының спорт үздіктері марапатталды
Туризм және спорт министрлігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің спортын дамытуға елеулі үлес қосқан үздік спортшыларды, жаттықтырушыларды, мамандарды және сала өкілдерін көтермелеуге бағытталған «Үздік – 2025» республикалық сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімін өткізді.\

Конкурстық комиссияның шешімі бойынша «Жылдың үздік спортшысы» номинациясы бойынша әйелдер арасындағы бокстан екі дүркін әлем чемпионы және Әлем кубогының күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова, сондай-ақ грек – рим күресінен Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері және жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Айдос Сұлтанғали марапаттарға ие болды.

Біздің аймақ марапатсыз қалған жоқ. «Үздік аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» номинациясы бойынша Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі жеңімпаз атанды, онда спортпен тұрақты айналысатын халықтың үлесі 41,3 пайызға жетті.

Сонымен қатар, бұл өңір республикалық деңгейдегі іс-шаралардың орталығына айналуда. 2025 жылы ауданда «Bugyly Trail» марафоны, ашық республикалық веложарыс және шаңғы жарысы, ардагерлер арасында қазақ күресінен біріншілік, сондай-ақ жастар арасында дзюдодан турнир сияқты ауқымды жарыстар өткізілді.

Қарқаралы биылғы жылы халықаралық жарыстарда медаль жеңіп алған жерлестерімен мақтанады. Олар: бокстан Әлем кубогының жеңімпазы Нығмет Нығман, дзюдодан Еуропа кубогының қола жүлдегері Санжар Еранұлы, тірек-қимыл аппараты нашар спортшылар арасында тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Дастан Үмітқалиев, дзюдодан Азия кубогының жеңімпазы Аида Тойшыбекова. Бұл спортта үлкен биіктерге жеткен Қарқаралы ауданы тумаларының жартысы ғана. Қарқаралы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Қайырбекұлы Иксановты құттықтаймыз.
Жамал АКПАРОВА



