Қарқаралыда көпбалалы аналарға грант берілді

Қарағанды облысындағы көп балалы аналар мемлекет қолдауымен өз кәсібін ашып, дамытуда. Мысалы, Қарқаралы ауданының өзінде соңғы айларда 8 кәсіпкер грант алды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Меруерт Сыздықова да 500 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өз бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Алдағы уақытта асхана ашуды жоспарлап отыр.
– Менің 4 балам бар. Алдымен торттар мен бәліштерді отбасыма және қонақтарға пісірдім. Бірақ, көп ұзамай тапсырыстар түсе бастады. Сол кезде мен өз бизнесімді ашуды ұйғардым. Бүгінде бізде барлық аудан бойынша үлкен ассортимент пен клиенттік база құрылды. Осылайша, біз атаулы әлеуметтік көмектен бас тарттық. Жәрдемақының орнына өндірісімізді кеңейту үшін грант алуға шешім қабылдадық. Бұл болашақта балаларымызды өзіміз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Меруерт Сыздықова.
Гранттың тағы бір иегері Әсем Мамежанова кесте тігумен айналысады. Алынған қаражатқа ол кесте машинасын сатып алды.
– Мен 40 жастамын және бес балам бар. Кестемен бұрыннан айналысамын, бірақ, арнайы машинам болмады, бәрін қолмен жасайтынмын. Бұл көп уақыт алады. Енді, жұмысым әлдеқайда оңай болмақ. Жақында тапсырыспен жәрмеңке үшін алжапқыш тіктім. Тапсырыс барлық ауданнан түсетіндіктен, балаларым да маған көмектесуде, – дейді көп балалы ана Әсем Мамежанова.
Жыл басынан бері Қарқаралы ауданында осындай қаржылай көмекке 110 кәсіпкер ие болды, оның 8-і көп балалы отбасылар.
– Биылдан бастап жас кәсіпкерлер үшін өз ісін және бизнес-идеяларды дамытуға гранттар қарастырылған. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ауданымыз бойынша биыл 110 кәсіпкер 54 млн. 287 мың теңгеге қаржылық көмек алды. Олардың 8-і көп балалы отбасылар, 5-і жұмыссыздар, 5-і аз қамтылғандар, 5-і мүмкіндігі шектеулі адамдар және 87-сі жас кәсіпкерлер. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Қарқаралы ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Қанат Бабайбеков.
Оның айтуынша, грант алған кәсіпкерлердің көпшілігі қаражаттарын мал шаруашылығын дамытуға жұмсамақ. Қалғандары қызмет көрсету, тамақтану, киім тігу және т.б. салаларда еңбек етуді көздеп отыр.
Қазір ауданда 439 отбасы атаулы көмек алуда. Олардың 6-ы жәрдемақы алудан бас тартып, өз ісін ашуға шешім қабылдады. Осыған байланысты гранттарға қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылуда.