Қарқаралы әуендерінен – Париж әсерлеріне
Бұл күнде Қарқаралы қаласындағы «Салтанат» ән-би ансамблінің есімін республика жұртшылығы ғана емес, алыс шет елдер де жақсы біледі. Бұл әңгіменің әуелгісі осыдан 40 жыл бұрын шілде айында Париждегі халықаралық-фольклорлық фестивальға қатысып, Отанымыздың гүл дидарын өнер тілімен паш еткен «Салтанаттың» өнеріне талғампаз Француз жұртшылығы ду қол соққан тарихпен бірге айтылады. Ортасында жүріп, Франция әсерлерінің он күнін жолжазба қылып жазып, оқырманмен бөліскен замандар өткен. Қырық жылдан кейін де Францияда жүргендейміз…
Ол – шын мәнінде өнер жарысы еді. Ұлттық өнеріміздің інжу-маржандарымен сусындай, кемел елінің керемет келбетін жыр еткен талантты ұл-қыздарымыз фестивальда жүлделі орынды жеңіп алып, ауылына абыройлы оралған.
Содан бері «Салтанат» ән-би ансамблі қандай өнер сынынан болсын сүрінбей өтіп, қарқаралылықтардың намысын биік ұстап келеді.
Арнаулы «Мерседес» автобусымен біз Париждегі 380 шақырым жердегі Гана қаласына жетіп барып, үш мың адам сыятын жазғы аренада үш рет концерт бердік. Бір жұма бойы өзара өнер сайысына түскен он бір елдің өкілдері ішінде «Салтанат» сонда елеулі табыстарға ие болды.
Әр жыл сайын дүние жүзі халықтарының фольклорлық фестивалін өткізу онда дәстүрге айналған. Халықтың ән, би, музыка өнеріне арналған ол дода дүние жүзінің 27 мемлекетінің өнерпаздары арасында өтіп келді.
Гана қаласында өткен алғашқы концертте әуенді әнші Марғұлан Хамиев атақты «Қаракесек», Орал Нүркетаев «Сұрша қыз», Жәнібек Жаманқұлов француздардың «Каде Русел», Рымкеш Сағымбаева «Ләйлім шырақ», Гүлбараш Жазықбаева «Гауһар тас», Мейірхан Адамбеков «Жамбас сипар», Болат Кенжебаев «Дударай» әндерін нақышына келтіре, француздарды барынша сүйсіндіреді. Ансамбль бір сағатқа созылған қызықты программада «Отан», «Жайдарман» сияқты әндерді хормен орындады.
Сонымен қатар, Францияның Олерон, Конфолан қалаларында өтті. Құрамында 35 мүшесі бар «Салтанат» ән-би ансамблі Конфоланда 10 күн бойы 4 мың адам сиятын арнайы сауық орнында жалықпай концерт беріп отырды. Фестивальді ұйымдастырушылардың халқымыздың өнеріне деген ризашылығы сондай, елге аттанар алдында біздің ән-би ансамблімізді және Венгрияның жас коллективін екі күнге, өз қаражаттары есебінен алып қалып, халықаралық қорытынды концертіне қатыстырды.
Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші секретары жетекшілік еткен ансамбльдің ол жетістігін сол кезде «Правда» газетінің тілшісі М.Полторанин деген журналист былай деп жазады:
«Париж маңында өткен халықаралық фольклорлық фестивальда «Салтанат» ең таңдаулы шығармашылық коллектив деп танылды. Франция баспасөзі атағандай, «Сазды музыка және әсемдік ансамблі» бұдан алты жыл бұрын ұйымдастырылып, село жастарының нағыз өнер мектебіне айналды. Мұнда тәжірибелі педагогтардың баршылығымен таланттардың өнері ұшталып, кәсіптік шеберлікке үйретілді. Фестивальда ансамбль әншілері – совхоз бухгалтері – Р.Сағымбаева, медициналық сестра – Қ.Мұхтарова, шопанның көмекшісі – М.Адамбеков және шофер О.Нүркетаев зор табыстарға ие болды. «Салтанат» жастары музыка мәдениетіне баулыйтын бірден-бір дара коллектив емес, мұндай ансамбльдер Егіндібұлақ, Нұра, Ульянов аудандарының клубтарында да ұйымдастырылған. Қазір Қарағанды облысындағы көркемөнерпаздар үйірмелерінің құрамында 5 мыңнан астам адам бар».
Ансамбль мүшелеріне халықаралық фольклорлық фестивальдің лауреаты атағы берілді.
Сол «Салтанатымыздың» салтанаты жарасып, алыс Франция елінен үлкен табыспен оралғанына осы шілде айында 40 жыл толды. Сол кездегі Советтер Одағы атынан осы фестивальға қатысқан жалғыз коллективті біз әлі күнге дейін мақтан тұтамыз.
Сейітқұл ТҮСІПБЕКОВ.
СУРЕТТЕРДЕ: Гана қаласы. Көшедегі шеру. «Салтанаттың» мүшелері Парижде. Солдан оңға қарай: Рымкеш Сағымбаева, Болат Кенжебаев, Мейірхан Адамбеков, Лиза Мұздыбаева және тілмаш қыз.
Суреттерді түсірген автор.