Қарқаралы құрмет көрсетті
Қарқаралы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды облысы мен Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Омарбекова Рымбала Кенжебалақызының 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.

Жерлестері мерейтой иесін қошеметпен қарсы алып, ыстық ықыластарын бідірді. Айтулы шараға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков, облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымов, Мәдениет қайраткері, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов, Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің басшысы, ҚР денсаулық сақтау үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Аманжол Нұрбеков, облыстық «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Саят Әбдіғали, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ректорының кеңесшісі Мирас Құттыбай, танымал қаламгер Сағат Батырханова және басқа да мәртебелі қонақтар арнайы келіп қатысты.
Аудан әкімі Ерлан Құсайын мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан мерейтой иесіне құттықтау тілегін білдіріп, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, осы шараға арнайы келген Кеңес Жұмабековті де мерейлі жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Рымбала Кенжебалақызы жерлестерімен осындай мерейлі сәттерде қауышқанына ризалығын білдіріп, қошемет-құрметке алғысын жаудырды.
Осы күні көрермендер А.Шанин атындағы халық театрының қойылымын тамашалап, «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің өнеріне тәнті болды.
Мерейтой иесінің шашпауын көтере келген күміс көмей әншілер Сержан Мұсайын, Ержан Найманбаев, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің белгілі әншілері Рысты Рахимжан, Арайлым Жүкенова, Сырым Хордин, Мейрамгүл Карибжановалар сахнаны әнге бөледі.