Қарқаралы

Қарқаралы һәм қан майдан

БКП (б) Саяси Бюросының 1941 жылғы 22 маусымдағы «Кеңес халқына үндеуін» бүкіл кеңес кеңістігіндегі халықпен бірге Қарқаралы ауданының тұрғындары қайғылы оқиға ретінде қабылдады. Ал, үндеудің соңындағы «Біздің ісіміз дұрыс, жау талқандалады. Біз жеңеміз!» деген рухты сөздер халықты жігерлендіре түсті. Бұл жоспарлар КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП (б) Саяси бюросының 29 маусымдағы соғыс жүріп жатқан аймақтардағы облыстық партия, кеңес органдарына жарияланған мәлімдемесінде ашып көрсетілді. Мәлімдемеде ұсынылған «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» ұраны сол кезеңдегі негізгі рухани роль атқарды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарқаралыдағы бірлескен әскери комиссариаттан, яғни, Қарқаралы мен Егіндібұлақ (Қу) аудандарынан бір құжаттарда қызыл әскер қатарына 2700 адам – сержант және қатардағы жауынгер құрамына алынғаны көрсетілген. Сонымен қатар, соғыс жылдары Қарқаралы бірлескен комиссариаты бойынша ауданнан 3265 адам шақырылған. Олардың көпшілігі механизаторлар, ауыл шаруашылығы мен басқа да халық шаруашылығы саласының мамандары еді. Міне, осы жалпылай соғыс мақсатына шақырылған маман жұмыс күштері, ауданның ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп, жағдайды қиындатып жіберді.

1941 жылы 1 қаңтарда Қарқаралы ауданында 45 колхоз болса, оның негізгі шаруашылық бағыты мал шаруашылығы болды. Қоғамдық мал басының саны 37722-­ні құраса, оның ішінде, ірі қара, қой, ешкі, жылқы, түйе және 1943 жылдан шошқа шаруашылықтары дамытылды. Соғыс кезеңінде, әр жыл сайын 3700 центнерден астам ет мемлекетке өткізіліп отырды. Сол кезде ауданда мал басын өсіру қиындықсыз, өзінен-­өзі өсті деп айтуға болмайды, қайта қиын болды.

1942 жылғы сәуір айындағы БКП /б/ Орталық Комитетінің «Майданға көмек беруді арттыру» еліміздің барлық еңбекшілеріне арналған үн деуін Қарқаралы ауданының колхозшылары қолдай отырып, Бүкілодақтық Социалистік жарысқа қосылуда белсенділік танытты. Соның нәтижесінде 1942 жылдың қорытындысы бойынша 32 колхоз мал басының жоспарын орындаса, 44 колхоз ірі қара басын, 38 колхоз жылқы басын, 21 колхоз барлық мал түрінің жоспарын толық орындап шықты. Аудан еңбеккерлері осы жылдары мемлекетке ет өткізу жоспарларын орындаумен қатар, майданға және еліміздің өндірістік аудандарына, отандық қорғаныс қорына және жаудан азат етілген. Аудан тұрғындарына сый ретінде үнемі мал өнімдерінің жіберуіне қарамастан қоғамдық мал басын өркендетуге қол жеткізді.

1943 жылдың қорытындысы бойынша 1944 жылы Қарқаралы ауданы Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылып, бірінші сыйлығы мен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды. Аудан еңбекшілерінің ерен еңбектері мемлекет тарапынан бағаланып отырды.

1942 жылы қаңтар айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VI пленумында ауыл шаруашылығы жұмыстарының қортындылары қаралып, онда саяси ұйымдастыру жұмыстарын ауыл еңбекшілерінің арасында жандандыру, ауыл шаруашылығының материалдық­техникалық базасын нығайту, механизаторлар кадрларды әйелдер есебінен көптен дайындау, оның сапасын арттыру қажеттілігі міндет етіп қойылды.

1942 жылы ауданда МТС қайта жабдықталып, оның қарамағындағы 10 колхоз болды. Сол жылы орташа егін өнімін әр гектардан 3,7 центнерден алуға қол жеткізілді. Халық шаруашылығы жоспары талаптарына сай, аудан көлемінде бақшалық-мәдени егістік көлемі 1941 жылы 110 гектар болса, ал 1942 жылы 289 гектарға артты.

Машина­трактор парктерін пайдалануды жақсарту, механизаторлық курстарды ұйымдастыру, дәнді дақылдар егістігі мен суармалы жерлер көлемін ұлғайту нәтижесінде мемлекетке астық өткізу жөніндегі мемлекеттік жоспар 1941 жылмен салыстырғанда 1942 жылы екі есеге артты. 1942 жылы 9171 гектар егістіктен 40592 центнер бидай, 1250 гектардан 3599 центнер сұлы, 3521  гектардан 8222 центнер бидайық, 398 гектардан 1008 центнер тары, 431 гектардан 1698 центнер қара бидай жиналды.

Аудандық газет үнемі қарағандылықтардың және қарқаралықтардың майдандағы және тылдағы ерліктеріне баса назар аударып отырды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұран аудан жастарының өміріндегі негізгі ұстаным болды. Жастар фашистерден азат етілген Донбасқа, «Қарағанды комсомолдары» атты танк колоннасына қаржы жинауда, мемлекеттік займға жазылуда белсенділік танытты. Сондай-­ақ, олар Бүкілодақтық комсомол жастар ұйымдастырған бес жексенбілікке қатысып, ауқымды қаржы аударумен қатар Қарқаралы қаласындағы мектеп­интернатта оқитын жетім балаларға үнемі қамқорлық көрсетіп жүрді.

1944 жылдың қазан айынан аудан мал шаруашылығы саласында 360 комсомол еңбек етсе, оның ішінде, 10 колхоз төрағасының орынбасары, 2 ферма меңгерушісі, 18 мал дәрігері, 38 есепші жастар болды. Атап айтқанда, «Новый путь» және «Жаңаауыл» колхоздарының сауыншылары – Қ.Смадиева, Бөлегенова, «Ұзынжол», Калинин атындағы, Ленин атындағы, «Жарбастау», Мамыраев атындағы колхоздардың механизаторлары – Борсембаев, Исабекова, К.Изкина, А.Тлеуқұлова, М.Көрікбаева, «Қызылшілік», «Жоншілік» колхоздарының шопандары – Сүлейменов, Қошманбаев және тағы басқа көптеген жастардың қажырлы еңбектері үлгі болды. Аудан көлеміндегі шаруашылықтың басқа саласында 2745 әйел еңбек етті. Оның 2320-­ы колхоздарда, 425-­і ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істеді. Аудан депутаттары арасында 63­әйел болды. Оның біреуі облыстық кеңеске, 8-­і аудандық кеңеске, 11­-і қалалық кеңеске, 43­-і ауылдық кеңестерге депутат болды. Әйелдер   арасында   237-­сі   Стаханов   қозғалысына,   49-­ы қоғамдық жұмысқа белсене қатынасып, тиісті жұмыстар атқарды. Сонымен қатар, жауапты жұмыс саласы бойынша 31 әйел ферма басқарушы болса, Байкенова, Канабаева, Әзкеева, Садырбаева, Уәлибекова, Аюбаева, Әуесбекова, Жүнісова ауылдық кеңестің төрайымы қызметтерінде еңбек етті. 1942 жылы қаржы жинау аудан көлемінде  асыра орындалды.

Жос пардан тыс 1 млн. 870 мың сом қаржы жиналды. Орталық партия комитетінің нұсқауы бойынша Қазақстанның барлық аймақтарында, оның ішінде, Қарқаралы ауданында Кеңес армиясы қорын құру мақсатында колхозшы шаруалар арасында қозғалыс кеңінен құлаш жайды. Қазақстан еңбекшілері «Қазақстан колхозшысы» атты танкі колоннасын құруға 475 млн. сом ақша бөлді. Қарқаралы ауданының еңбекшілері 1 млн. 148 мың сом ақша тапсырды. Олардың ішінде, Белгібай Қошкенов – 100 мың сом, «Қарағаш» колхозының басшылары –  Шаймерденов – 100 мың сом, Алдажұманов – 30 мың сом, «Тегісшілдік» колхозының бригадирі байсеркина және «Калинин» колхозының ферма бастығы Болатбеков әрқайсысы 21 мың сомнан ақша берді.

1941 жылдың күзінде барлық елімізде Кеңес армия жауынгерлерін жылы киіммен қамтамасыз ету мақсатында тылдағы еңбекшілер арасында патриоттық қозғалыс кең қанат жайды. Жергілікті жерлерде киім қабылдау орны ашылды. 1942-­1943 жылдары майданға 8 мың комплект киім жөнелтілді. Тұрғындардан жиналған шикізаттан жергілікті өндіріс күшімен киім тігу ұйымдастырылды. Аудан өндірістік комбинатында және «Еңбек» артелінде 31 цех жұмыс істеді. Олардың ішінде тері өңдеу цехы, тігін, киіз байпақ жасау шеберханалары болды, дайындаған өнімдерін майданға жіберіп тұрды.

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске ауданның оқу орындарындағы оқушылар ауқымды үлестерін қос ты. Соғыс кезеңінде ауданда педагогикалық және мал дәрігерлік техникумы, 2 орта, 5 сегізжылдық, 35 бастауыш мектеп жұмыс жасады. Мектеп оқушылары «Біздің міндетіміз – тек қана жақсы оқу емес, майдан мен колхозға көмек ету!» деген ұранмен оқыды. 1941 жылы олардың күшімен танк колоннасын құру үшін 1200 сом, Мемлекеттік заем облигациясын алу үшін 10 мың сом жиналды. Қарқаралыдағы №1 орта мектеп оқушылары – Әбілова мен Жақсағынов әрқайсысы 1 мың сомнан өткізді. 1941 жылы мектеп оқушылары 60 тонна металл сынықтарын жинап тапсырды. Техникум мен мектеп оқушылары ауыл шаруашылық жұмыстары кезеңінде колхозшыларға көп көмек көрсетті. Әр жыл сайын колхоз алқабына 400-500 оқушы, 60-­70 мұғалім шықты. 1944 жылы  мектеп­-интернаттың 6­7 сынып оқушылары – Ыдырысов, Сағындықов, Асанов шөп  дайындау науқаны барысында әрқайсы күніне 9­10 гектар шабындық шабуға қол жеткізді.

1938 жылы облыс көлемінде тұңғыш рет қазақ колхоз­совхоз театры болып құрылған ұжым соғыс кезеңіне байланысты режиссер мен жүргізуші әртістердің майданға аттануынан, қаржы жағдайының нашарлауынан кейде ғана жұмыс жасады. 1943 жылдың соңында Қарағанды облыстық атқару комитетінің 10 шілдедегі №481 шешіміне сай облыстық қазақ драма театрының жылжымалы филиалындағы концерттік бригадалар құрамына еніп, қаржы бөлінді. Соғыс жылдарында театрда А.Шанин, Битебаев, Рахимбекова, Қ.Досжанов, Ғалиева, Мұрзабаев, Қартаева, Пұшпақбаев, Абылқасымов, Байбақтин, Қалабаев, І.Майшекина тәрізді актерлардың қатысуымен, Мұхтаровтың «Алла жан ұясы», Байжановтың «Жолдастар», Ғ.Мүсіреповтің «Бригадир Новиковтың үйленуі», «Қыз Жібек», М.Әуезовтің «Айман­-Шолпан» спектакльдері өткізілді. 1945 жылы соғыс аяқталысымен ұжым колхоз-совхоз театры болып қайта жандана түсті.

1945 жылы бүкіл Қазақстандағы тәрізді ауданда ұлы ақын Абайдың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қызу дайындық жүргізілді. Бұл дайындықтардың өз деңгейінде жүргізілгендігін мына төмендегі істердің көлемінен білуге болады. Екі рет аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің бірлескен қаулысы қабылданған, Абай творчествосы туралы 39 баяндама оқылған, 2 рет көрме ұйымдастырылған, 3 сессия өткізілген және спектакль дайындалып көрсетілген.

Соғыс жылдарында мәдени-ағарту негізінде 18 оқу үйі, 2 клуб, 6 кітапхана, 1 театр, 1 кинотеатр жұмыс істеді. Осы жылдардағы  мәдени­ағарту мекеме қызметкерлерінің жұмыс бағыттары аудан еңбекшілерінің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, Отан үшін күресте оларды біріктіру, көтеру болды.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

 Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button