Жаңалықтар

«Қарқаралы басында жалғыз арша…»

Сахна саңлағы,  «Қазақстанның Халық әртісі» Рәбиға Есімжанова апамыз өмірінің соңғы жылдары ауруханада жиі жатып жүрді. Жақын білмейтін жанға жалпылдап сыр аша бермесе де, бір көргеннен кісіні тани білетін зерек, өте мәдениетті, таза кісі еді. Ал, сенген адамына сыршыл, қалтарысқа қалдырып қойған әңгімелерін шашын өргізіп отырған сәтте, жәй ғана сыр ғып айтып отыратын да аракідік: «әлгі менің  «жалғыз аршам» қайда, кешелі-бері көрінбей кетті ғой?», – деп, есік жаққа жиі көз тастай береді. Іздегені, өзі ерекше жақсы көретін, баласындай болып кеткен өнердегі шәкіртіні08a16c044482ea70b62c1f1ac85fbe50ң бірі, «Қазақконцерт» бірлестігінің жас әншісі – Рымтай Бөдесұлы болатын.

«Осы неге екенін білмеймін, талай жасқа жөн сілтеп, білгенімді үйретуден жалықпай-ақ келем, солардың алды өзімнің ізімді басып та қалды. Ал, мынау Қарқаралыдан келген кіп-кішкентай қара бала Рымтайды бір көргеннен іш тартып, қалай жақынымдай жақсы көріп кеткенімді білмеймін. Шарасынан шыға жаздап, мөлдіреп тұратын үлкен көздерінен бір ұшқынды, тазалықты көрем. Аңқылдаған, бір мінез, кәдімгі ауылдың баласы, елпелектеп, «апалап» қасыма келгенде, елжіреп кетем, әйтеуір. Шамамның бар кезінде, өзім гастрольге шыққанда, қасымнан тастамай алып жүрдім. Сонау алыс жерден астанаға өнер іздеп келді ғой. Оны жұрттың бәрі түсіне ме? «Әлі жас қой» деп, көп нәрседен шеттете беретін кездер де болады, ондайда бет-жүзің бар демеймін, араша түсе кетіп,  осы бала үшін талайлармен  «қызыл кеңірдек» болған уақыттар да болды ғой. Оған осы баланың өзгелерге ұқсай бермейтін бірбеткей мінезі, ән дегенде талғампаз, өз қолайына келетін әнді таңдап, сөзіне ерекше мән беретін қасиеті себеп. Ешкімге қимайтын, өзгелердің орындауына көне бермейтін «Қанатталды», «Жонып алды», «Жалғыз арша», «Ақ ерке» секілді біраз әндерді өзім үйреткем, өзіндік мәнерімен тамаша орындайды. Әсіресе, «Жалғыз аршаны» шырқау биікке көтеріп барып, әдемі иірімдерін ерекше ықыласпен, құйқылжыта айтқанда, бойыңды шымырлатып жібереді ғой, шіркін! Ерекше әсерлі естіледі. Мына біздің әншілердің көбі қайырмаға келгенде, «па, шіркін, бозбала, әйтпесе, қыз бала» деп, өздерінің ыңғайына қарай бейімдеп айта береді. Менің жаныма жақпайтыны да сол. Өздері шығарған әні болса, қалай бұрса – өз еріктері, ескі әуенге қиянат жасамаса екен.  Ал, Рымтай «Жалғыз аршаның» қайырмасын баяғыша, «па, шіркін, қызбалық, жастықтың әсерімен, салдым сайран» деп, әннің түпнұсқасын сақтай отырып, оның мазмұнын дәл беріп  айтады. Сол қызбалығымен, жастықтың жалынымен сонау Қарқаралыдан жалғыз өзі үлкен сахнада ән салып жүр ғой, менің «жалғыз аршам». Елден жырақта, өнер додасында өңкей саңлақтармен қатар жүру оңай емес. Қасындағы серігі қандай болар екен деп алаңдап жүруші едім,  ортақ әңгімелері бар адамға жолыққанына ризамын, өнер иесіне мықты тіреу, аялы алақан  керек, жүрегі нәзік жандар көмекке зәру келеді, сен оған лайықсың, қарғам, тілеулеріңді тілеп отырамын, айналайындар», – деген  ғазиз жанмен болған  сол жолғы соңғы кездесу, киелі өнердің айналасындағы әңгіме, менің де бүкіл өміріме өзгеріс әкелгендей еді.

Рымтай Бөдесов 1957 жылы 10 қаңтарда (4 наурыз құжат бойынша) ақын Қасым туған киелі топырақта, Аққора бөлімшесінде дүниеге келген.

– Мен қыстың күні қақаған қаңтарда туғанмын. Немеренің үлкені, сағынып көрген ұл баланың кіндігін ырым қылып, неміс әйелге кестіріпті, содан есімім – Рымтай. Әкем мектепте мұғалім болса да, мектеп директоры – жездеміздің беделі шарықтап тұрған шағы болса керек, туу туралы куәлігімді 4-наурызда туған Нұрғайша апайдың жалғыз ұлы Ғалымжанмен бірге алыпты. Қырқынан жаңа шыққан қызылшақаны әжем мен атам бауырына қысып, қыстаққа алып кетіпті, он сегіз жыл атамның алтын босағасында өстім, ол үй қашанда менің үйім болып қала береді, – деп, небір қызық оқиғаларды жіпке тізгендей, әсерлі әңгімелеп, жиі  еске алып отыратын ол. Атасының сол еркетотай немересі Рымтай,  Ғалымжан, Тұяқ, Тілеухан, Торғын, Тамара, Дастан – бәріміз «Совет» сегіз жылдық мектебінің табалдырығын 1964 жылы бірге аттап едік. Тағдыр тай-құлындай тебісіп, балалықтың алаңсыз күндерін бірге бастаған сыныптасым, атасының ерке баласы болып, тәртіп бұза бергені үшін бұрышқа мұғалім жиі тұрғызып қоятын қара бала  – Рымтаймен  он сегіз жылдан кейін қайта табыстырды.

…Күні бойы дөңгеленіп, шаруасы бітпейтін малшы ауылдың тынымсыз тірлігімен бірге, домбыра тартуды үйреніп алған Рымтай үйлеріне жиі соғатын, бір өзі бірнеше аспапта шебер ойнап, ән салатын сері жігіт, нағашы ағасы Мұхаметжан Түсіпбаевты ерекше жақсы көрді, жанына жақын санады. Қасынан қалмай жүріп, талай ән үйренді. Көкірегі арман-үмітке толы балаң жігіт бірде «Жонып алды», «Бір келіншек», енді бірде «Қарқаралы», «Ақ ерке», «Ақ сәуле» секілді әндерді шырқай жүріп, бұл әндер оны өзге әуендерге ынтықтырды. Мұхаметжан нағашысы өзі шығарған әндерінің көбін алғаш Рымтайға үйретіп, жұрт алдында оның орындағанын құптап отыратын. Әсіресе, ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Шіркін-ай, менен махаббат ауып кеткен бе?», «Сүйген ерін», «Өмір-ай, деймін» секілді біршама әндерін Рымтайдың орындағанын жақсы көрген. Ол өнерге деген ықыласының арқасында сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Жаңыл Қартабаева, Жүсіпбек Елебековпен қатар жүріп, ән салған ғажайып әнші Баймұқаш Қалабаевтардың алдын көріп, біршама халық әндерін үйренген.

Әскерден қайтып келген жас өнерпазды үкілі үміті Алматыға жетеледі. 1978 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, қазақ халқының дәстүрлі өнерін тал бойына дарытқан әнші, жазушы, қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі  Жәнібек Кәрменовтың сыныбында Мейірхан Адамбеков, Алтын Иманбаева, Сәуле Таудаева секілді әншілермен, тұңғыш шәкірттерінің бірі болып қабылданды. Ж.Кәрменов Рымтайды алғаш тыңдағанда-ақ, оның  әдемі қоңыр даусынан, сөйлеу мәнеріне сай сырт тұлғасынан, қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихын бір кісідей білетін ғажап талантына қоса оның бойындағы бекзаттығынан тек  әншілік қабілетінің жоғарылығын ғана емес, талай қасиетті байқайды. Жас таланттың алғашқы қадамынан бастап, аз уақыттың ішінде біршама өзі үйреткен әндерді ғана емес, ізденіп жүріп, халықтың арасында көп айтыла бермейтін шығармаларды репертуарына енгізіп, сауатты орындай білеген шәкіртінен көп үміт күткен болатын. Алайда, сұм ажал Жәнібектей халқымыздың ән өнерінің белгілі бір биік тұлғасын арамыздан алып кеткенде, Рымтай алыс шетелде, «Қазақконцерт» бірлестігінің құрамында Түркияда гастрольдік сапарда жүрген болатын.

Суыт  хабарды естімеген қалпында ұшақтан түскен беті үйге келе сала: «Амандық па? Түркиядан қайтарда мен бір түрлі түс көрдім. Биік сатымен жоғары көтерілген Жәкең, кенеттен басқыштан құлап бара жатты,  оны ұстауға шақ қалғанда, жете алмай қалдым, әттеген-ай», – деп, ауыр күрсініп барып, бір жамандықты сезгендей мазасыз күй кешіп еді. Аяулы ұстазының, арқа сүйер ағасының қазасын естіп ол ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай, қатты қиналғаны күні бүгінгідей көз алдымда.  «Ұстазға жақсы шәкірт болу – оны қайталау емес. Өз жолын тауып, ұстаздың берген дәрісін, дәрежесі жеткенше жетілдіре беру. Әннің падишасы – елдің ішінде. Соны іздей білу керек. Үнемі ізденіс, еңбек қана өнер адамын биікке көтереді. Бұл жағынан біздің Рекең озық тұр, мен оған сенімдімін», – дейтін Жәкең. Шындығында, Рымтай – Жәнібек ұстазының үкілі үмітін көзі тірісінде ақтай білген жанның бірі. Атақ, даңқ үшін емес, халқының таза өнері жолында ел арасына шыққан гастрольдік сапарларында үнемі табыспен, ерекше көңіл күймен оралған сайын Жәнібек пен Қайрат ағаларының алдынан өтіп, емтиханды жақсы бағамен аяқтаған баладай риза болып жүретін.

1981 жылы студияны бітіріп шыққан түлектермен қоса, Рымтай да Солтүстік Қазақстан облысына  жолдамамен аттанды. Өрімдей 11 қыз-жігіт облыстық филармонияның қасынан  «Қос алқа» эстрадалық-жастар ансамблін құрып, екі жылдан аса Қызылжарда абыройлы қызмет етті.

Садық Кәрімбаевтың «Ақ бидай», «Бізде дәрігер бір қыз бар», «Сауыншы жеңгей» секілді елге көп тараған әндерді сол жылдары өз репертуарына енгізген. Осындай әндерімен ол алыс-жақын жерлерді аралап, тіпті Омбы қаласына дейін барып, бірнеше концерт қойып келді.

1983 жылдың 5 қаңтарында, өзі үлкен өнер сахнасын армандап келген Алматыдағы  «Қазақконцертке» әнші-вокалист болып оралды. Қазақ өнерінің ірі тұлғалары Рәбиға Есімжанова, Роза Бағланова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев, Қажыбек Бекбосыновтармен бір сахнада өнер көрсетті, гастрольдік сапарларға бірге аттанды. Ешкімді алаламайтын, баладай аңғал, өмірдің қанша қиындығы алдынан шықса да, риза болып жүретін мінезі әріптес үлкендермен жақындастыра түсті. Жалғандыққа жаны қас, әділдікке келгенде, бетің бар, жүзің бар демей тура сөзбен турап түсетін бірбеткейлігін олар қатты бағалайтын. Екі сөзінің бірінде «мен Қасымның топырағынан жаралғам, ол көрген қиындық, менікінен де ауыр болды. Сонда да қазақтың қара өлеңін жамылып, күй кешті, үй-күйсіз жүрсе де, өмірден түңілген жоқ. Алматысын тастамады, менің жағдайым одан жақсы ғой» деп жүре бергенде, Роза Бағланова апасы қолынан жетектеп, Мәдениет министрінің алдына дейін алып барған. «Қасымның дәуірі басқа болатын, айналайын-ау, қазір соғыстан кейінгі кезең емес қой. Алматының айналасындағылар  жұмысқа жақын жатаханаларда тұрып жатқанда, алыстан келген мына балаға неге орын жоқ?», –деп,  әртістердің жатақханасынан бөлме алып бергені бар. Өзі арқа сүйеп, жанындай жақсы көретін Роза апасының да сенімін ақтап, 1993 жылы Қытайға бірге барған халықаралық айтулы фестивальдан  арнайы жүлдемен оралды. Келесі жылы Түркияда өткен халықаралық «Түркі әлемі» фестивалінде де жеңімпаз атанды.

Белгілі өнер иесі, композитор Ілия Жақанов сексенінші жылдардың орта шенінде «Лениншіл жас» газетіне   «Өмірдің өзі ән екен» атты Рымтай туралы  жазған мақаласында оның творчестволық жолы туралы жан-жақты баяндай келіп:  «…Әншіге жаратылыс дауыс… үн береді, түйсігі  мол сезім, сыршыл жүрек береді. Бұл қасиеттерге қоса, зерде мен ақыл тағы бар және  ән құдіретін ұғарлық өмірден түйген ұлағатты сырлар болады. …Дүние есігін әнмен ашып, еңбекпен есейген Рымтай Бөдесовтің өміріндегі бір қызықты, игілікті жылдары  Алматыдағы  эстрада студиясында өтті.

Өзі ұстаз тұтқан екі белгілі әнші – Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтың  шеберлігін бойға дарытуға өте ықыласты болды. Оларды көп тыңдады, олардан көп үйренді. Бірақ, әр әншінің өз беті, өз әні болуға тиіс. Рымтай өз әнін іздеді, тапты», – деп жазған болатын. Иә, Рымтай өз әнін тапқан әнші болды. Ол талмай ізденіп, өзгелердің репертуарына талғаммен қарай отырып, көп айтыла бермейтін, өз дауысының мүмкіндігіне сай келетін әндерді таңдайтын. Жаяу Мұсаның «Жуан аяқ», «Баянауыл», «Құлбай бай», Уәйістің «Ақ бөкен», Естайдың «Бір мысқал», халық әні «Жиырма бестің» былайғы  жұрт біле бермейтін  бірнеше нұсқасын тауып, ізденіп жүретін.

Бірде: – Ауылға барыппын. Бұқатышқанның үстінде Мұхаметжан нағашыммен баяғы ұзақ әңгімеге кетіппіз. Қолында керемет домбырасы бар екен деймін. Әй, Рымтай, мынау ешкімге бермей жүрген қимас дүнием еді. Саған арнап алып келдім, – деп, маған беріп жатқанда ұйқымнан оянып кеткенім. Қайран, Жан ағам! Көзінен жас сорғалап, біраз еңкілдеп, жылап алды. – Әй, осы жаман балам, түп нағашысына тартқан өнерлі болар ма екен, әлде, әлде… домбыра–халықтың мұң-зары ғой. Елдің бүгінгі қиын жағдайына марқұм, қиналып жүр-ау, деймін. Қой, тезірек ауылға барып, Жанның басына құран бағыштап келейін, оның үстіне, Жаңа ғасырды қарсы алып, біз Астанада рахаттанып жүргенде қырыққа келіп, Амантай інім де шаңырақ көтеріпті. Оншақты күн Саламат екеуміз ауылды аралап, елдің амандығын біліп қайтармыз», – деп, аяқ астынан жиналып жолға шыққан. Алайда, екі-үш күн өте сала, сап етіп, Алматыға қайтып келгеніне үйдегілер таңданып қалғанбыз. Өңі қуарып, көңілі құлазып келгендей көрінді. Біраз  уақыт, үнсіздіктен кейін ғана, «ауылға бекер барыппын, түгі қалмапты, қалаға сабылған халық. Жағдайлары өте нашар, тоз-тозы шыққан жұрт, үлкендерге амандасып, бейіт басына құран оқыттым. Бұл–ауылға алғашқы және соңғы сапарым!», – деп  жанарына жас үйірілген беті көшеге шығып кетті.

90-шы жылдардағы жаппай тоқырау, ел экономикасындағы дағдарыс, әсіресе, жаны нәзік, әсершіл, ел еркесі, өнер иелеріне кері әсер еткені белгілі. Өз өмірлерін тек киелі сахна төріне ғана арнаған дәстүрлі ән-күй орындаушыларға бұл ерекше соққы болып тиді. Оның үстіне, халықтың жүрегінен орын алған айтулы өнер иелері Әзидолла Есқалиев, Қажыбек Бекбосынов, Рахым Тәжібаевтармен бірге Рымтай да 1996 жылдың 11 қаңтарында Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрге ауыстырылды. Аты мен атағы жер жарарлық үлкен ұжымның да бұл кездегі мүшкіл жағдайы, елдің еркесі мен өнер серкелерінің жігерін жасытып, «балапан-басымен, тұрымтай-тұсымен» жағдайға тіреді. Көп ұзамай үлкен ұжымның әнші-күйшілері түгелімен жұмыссыз қалды. Бұл жүрегі жұмсақ, бала мінезді сахна үшін жаралған жандардың жігерін жасытты, жанын жегідей жеді. Айықпас дерт боп жабысты.

Елімізде қайта құрудың қиын тұсы, аласапыран, ел мәдениетіне  жанашырлары азайған сол кезеңде Рымтайды халқын сүйген абзал азамат, композитор, Алматыдағы Халық аспаптары мұражайының басшысы Қасен Қожахмет әнші ретінде жұмысқа қабылдады. Алайда, бір кездері арманы болған киелі сахнаға әбден бауыр басып қалғаны соншалық, шығармашылығы толысқан шағында қалың көрермендерінің ыстық құшағын, қолдау-қолпашын сағынғаны сезіліп тұратын. Анда-санда көңіліне ұнаған жыр жолдарына ән шығарып қоятын әуестігін қойып, енді оған шындап бет бұра бастаған. Алаш ардақтыларының соқпақты өмір жолы мен творчестволық қырлары оны қатты қызықтыратын. Ақын Мағжан Жұмабаевтың лирикаға толы «Жұлдыз-жүзік…» жырына түрмеде отырып анасына арнап жазған хаты «Сағындым» атты туындысына ән жазудан басталған шығармашылық жолы енді ақын Қасым Аманжоловтың «Сарыарқа», Кәкімбек Салықовтың «Сағынбасам», «Сүндет той», Ғалым Жайлыбайдың сөзіне жазылған «Алқатерек аруы», «Ақ қайыңға» ұласып, Несіпбек Айтұлының «Есіңде ме?», «Қайдасың, Қырандарым?» өлеңдеріне жазылған әндерде жалғасын тапты.

Жігітке тән «жеті өнерді» бойына жинаған Рымтай енді қазақтың  ұмыт бола бастаған саятшылық өнерінің қайта жандануына үлес қосты. Республикалық бүркітшілер жарысын ұйымдастыруға ат салыса жүріп, қолынан микрофонын тастамай әрі жүргізуші, әрі әнші ретінде танылып еді. «Арқада сал-серілік дәстүрді қайта жаңғыртам» деп, қолына қара домбырасын алып, жүйрік ат ұстап, қыран құс пен құмай тазыны да түгендей бастаған.  2000-шы жылдың наурыз айында Астанаға біржола қоныс аударуды, жұмыс бабын да шешіп қойып еді. Тағдыр оған жеткізбеді. Рымтай  43 жасында, 2000 жылдың 29-шы ақпанында ауруханада бауырға жасалған отадан оянбай қалды. Өзі тірісінде аманаттаған Аққорасына, сүйікті атасы мен әжесінің, өмірден ерте кеткен әкесінің қасына, мәңгілік мекеніне орын тепті.

Рымтай тек орындаушы ғана емес, өзі шығарған он бес шақты әнін  өнер зерттеуші, ғалым, күйші Базаралы Мүптекеевке нотасын қағазға түсіртіп қойған болатын, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваториядағы Арқаның әншілік мектебіне бүгінде оның орындаушылық  шеберлігі арнайы сабақ ретінде оқытылады. Рымтай туралы алдыңғы жылы тұңғыш рет, белгілі әнші Ардақ Исатаеваның шәкірті Ақерке Оралхан дипломдық жұмысын қорғап шықты.

2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланғаны белгілі. Алматы облысының  әкімшілігі ұйымдастырған «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауында Рымтайдың Қасым Аманжоловтың өлеңіне жазылған «Сарыарқа» әні қазақтың қайталанбас тұлғасы, «Халық әртісі», Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Қайрат Байбосыновтың орындауында  жүлдегер атанып, әндер жинағына енді.

2002 жылы «Сорос-Қазақстан» Қоры «Қазіргі заманғы қазақ әні» атты республикалық конкурста Рымтайдың ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Сүндет той» әнін жеңімпаз деп танып, арнайы диск шықты. Қазақ теледидарында «Жаяу Мұсаның» әндерінен жазылған концерті, Қазақ радиосының Алтын қорында өзі орындаған отыздай әні, Рымтай туралы жарты сағаттық хабары бар. Қарағандының облыстық теледидары да 45 минуттық хабар дайындап, эфирден берген.

Рымтай тек әнші ғана емес, ағаштан түйін түйген шебер деп те атауға болады. Сөзге шешен, тарихи дүниелерді жатқа білетін, өзі де көп оқитын, сонымен қатар, ел аузындағы өнер адамдары туралы әңгімелерді жинап жүретін болған.

Домбыраның жалпы сыртқы пішіні дайын болса, қалған детальдарын, дыбысын, бояуын, бәрін өзі жасап отырған, қолы ашық болғандықтан ба, дыбыстары керемет домбыраларының көбін көңілін қимаған жандарға сыйлап отырған. Ең көбірек ұстаған домбырасын жақында Алматыдағы Халық аспаптар  Музейі алды. Осы мұражайдың төрінде тұрған белгілі шертпе күй шебері Әпике Әбенованың ұзақ жылдар ұстаған домбырасын бір кездері ол кісіге  қайтадан өңдеп, жаңалап та берген. Бірақ, өмірінің соңында ол кісі бұл домбырасын көзіндей көріп жүрсін деп, өзіне сыйға тартқан болатын.

Жыл сайын жазда демалысқа шыққанда отбасымен ел жаққа барғанды ұнататын. «Ештеңе алма, ағайынға. Біздің барғанымыздың өзі үлкен сыйлық, балам бар ғой» , – деп, Дидарын қатты жақсы көретін. Қарқаралыға жақындай бергенде, биік таудың басында, ылғи да қарайған бір ноқат алыстан көзге түседі. Әкесінің атымен атайтын ұлы:  – Әй, Рымтай, Қарқаралы басындағы жалғыз арша анау ма? – деп, алыстан әлгі қарайғанды көрсетіп, сұрай беретін. – Иә, балам, сол! Ол сені үнемі әкеңмен қарсы алып, шығарып салып тұрады, – дейтін.

Ұлы Дидар бүгінде – 32 жаста, жоғары білімді, туризм мамандығының иесі, кино саласында жеке кәсібі бар.

Тірі болса, биыл 60 жасқа толған тойын думандатып отырар еді деп ойлайсың. Бірақ, тіршілігінде туған топырағын, қалың елін сағынып, әдемі қоңыр үнімен әлдилеп отыратын өнер иесінің, намысты азаматтары, аудан Әкімі Халел Мұқатайұлы бастаған елдің жігіттері Рымтайды жоқтатпаймыз, мерейтойын айтулы етіп өткіземіз 08a16c044482ea70b62c1f1ac85fbe50дегені көңілге қуаныш ұялатты. Елінің алтын бесігі аяулы ұлын еске алып, елеп-ескеріп жатса, халықтың еншісіне айналған, ғасырлар аралап келе жатқан  асыл мұрасы аласармай, одан сайын асқақтай түсері анық.

Өткен аптада ғана, үлкен шараның алдында, Дидар: «Әуелі, Рымтайдың барып алдынан өтіп, құран бағыштап келейік» деген. Отбасымен Қарқаралы асып, Аққораға, «Көкбеттегі» Несіпбай атасының шаңырағын ұстап отырған Ерлан мен Кәмшатқа барып келген сапарында «Бұлбұл мен Батырға баяғы Рымтайдан сұрай беретін «Жалғыз аршаны» көрсеттім. Ол әлі көрінеді екен, білесіз бе?», – деп, бала күннен қалған өз естелігін еске түсірді.

  Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ,

жұбайы,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button