Қарқаралы ауданында су құбырлары тартылып жатыр
Қарқаралы ауданының алты ауылында су құбыры желілері тартылуда. Одан бөлек, тоғыз ауылында блок-модульдік сорғы станциялары орнатылып жатыр.
Су құбыры тартылатын ауылдардың қатарында Қарағайлы кенті, Бүркітті, Теректі, Угар, Матақ және Томар ауылы бар. Жоспарға сәйкес күз айында әуелі Угар, Матақ және Томарға тартылады.
– Угар және Томар ауылдық округтерінде су құбырлары болған. Бірақ, жөнді жұмыс істемеді. Сондықтан ауыл тұрғындары құдық суын пайдалануға мәжбүр. Суы да тұзды. Енді осы ауылдарда жаңа желілер салынады. Қазірдің өзінде жұмыстар 70%-ға орындалды. Қалған елді мекендерде жұмыс жалғасуда, – деді Қарқаралы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омаров.
Сондай-ақ, ауданда Жарлы-Қарқаралы су құбырының құрылысы аяқталуға жақын.
Блоктық-модульдік сорғы станциялары 200 адамға жуық тұрғыны бар ауылдарда орнатылады. Атап айтсақ, Бастал, Мыржық, Белдеутас, Милыбұлақ, Жалпақішілік, Қарыншы, Қызылшілік, Аққора және Шөптікөлге қойылады.
– Қарыншы мен Жалпақішілікте жұмыстар аяқталды. Жаз айларында басқа ауылдарда да жаңа сорғы станциялары орнатылады. Осы жобалардың барлығын орындалса аудандағы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 93%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді Қарқаралы ауданының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Қуандық Таласбаев.
Ауданда медициналық көмектің қолжетімділігіне де көп көңіл бөлінеді. 13 ауылда ФАП, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынуда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz