«Қар – аппақ, бүркіт – қара…»
Халық дәстүрін жаңғырту – ұрпақ алдындағы асыл міндет. Қазақтың саятшылығы да бір бөлек мәдениет. Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде 11 облыстан, Алматы мен Астанадан келген 60 құсбегі өздерінің бағы мен құсының бабын сынады. Чемпионатқа жалпы саны 40 бүркіт, 17 қаршыға және 9 сұңқар әкелінді.
Аңшылар құстарын қолына қондырды, аң аулатты. Төрешілер құсбегі мен құстың арасындағы байланысқа баға берді.
Қарағандылық Қазбек Жандаулет бұл чемпионатта үшінші орыннан көрінді. Бірінші және екінші орындарды Жамбыл және Алматы облыстарының өкілдері иеленді.
Ақмола облысынан Дархан Кеңес аңға бүркітін де, сұңқарын да қосты.
– Менің үлкен ағам аң аулайтын. Мен де бірте-бірте қызығушылық танытып, онымен бірге жаттықтым. Бізде сұңқарлар да, бүркіттер де бар. Уақыт болса, әртүрлі құстармен жұмыс істеуді үйренуге болады, – деді Дархан Кеңес.
Чемпионатта Дархан Кеңес сұңқарымен екінші орын алды. Ол сондай-ақ, бүркіттермен аң аулайтын финалистердің қатарына кірді. Бірақ, бұл санатта жүлделі орынға іліге алмады.
– Дәстүрлі аң аулауда көптеген факторлар рөл атқаруы мүмкін. Бұл ауа райы, жер бедері, қысым, құстың бабы. Барлығы бүркіттің шеберлігі мен тәжірибесіне байланысты бола бермейді. Менің өзімде асқан тәжірибе жоқ. Көбіне ағам барады осындай додаларға. Бірақ, өткен жылы Көкшетаудағы жарыстарда бүркітпен үшінші орынға ие болдым, – деді Дархан Кеңес.
Сұңқармен аулауда жүлделі орындарды Алматы облысы мен елордадан келген құсбегілер олжалады. Түркістан, Жамбыл облысының саятшылары да үздіктер қатарында.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 500, 300 және 200 мың теңгеге ақшалай сертификаттар табысталды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz