Арқаның ажары – Ақтоғай
Биыл адамзаттың дамуы тарихының бірегей ошағы Ақтоғай ауданына – 90 жыл. Ақтоғай – қазіргі кезде облыстағы экономикасы өркендеп, халқының әл-ауқаты өсіп келе жатқан ауданның бірі. Талай тоқырауды басынан кешіріп, дағдарыстан кейінгі өсу – осының бәрі ел болып қолдаудың, шұғыл шаралар мен дер уақытында қабылданған шешімдердің жемісі екені анық. Біріншіден, бекем бірлік, екiншiден, сол құтты мекенге маңдайының тері сіңген қарапайым ақтоғайлықтардың еңбегi.
Қадым заман
Бағзыдан бастасақ, академик Ә.Марғұлан ашқан, археологтар Ж.Құрманқұлов, А.Бейсенов індетіп зерттеген адамзат дамуындағы тас ғасырының, қола дәуірі мен сақ дәуірінің, түркі дәуірі мен қыпшақ дәуірінің және орта ғасыр кезеңінің топырақ пен тастарда таңбасы қалған өлке. Әулиетаудағы алғашқы адамдар тұрағына айналған тас үңгірі, Бегазыдағы алып кешен көнеден сыр шертеді. Желтаудағы таңбалы тастардың галереясы – мәңгілік тасқа басылған тарих. Көрпетайдағы 37 батырдың тас қорғаны, Жіңішке аңғарындағы қыпшақтардың тәңірге табынған ғибадатханасы, Қарашоқы алқабындағы руно (сына) таңбасы бар тас мүсіні – мұрамыздың мәйегі. Жошының құлан аулап жүріп, атын арабша жаздыртып кеткен Кенелідегі тас таңбасы, Қушоқы мен Итмұрындыдағы мыс қорытқан кен орындары – көненің көзіндей болып сақталып қалған тарихи құнды мұралар, рухани мұрамыздың жалғасы. «Елім-ай» деп еңсеміз езіліп, жау жағадан, бөрі етектен алғанда жоңғарларға тұңғыш тойтарыс берген Тоқырауынның бойы майдан алаңы, Алаштың Абылайының тұрысатын жері, мәжіліс құрып ат шалдырған белі. XIX ғасырдың орта тұсынан бастап 700 десятина жерге жалпы ұзындығы 500 шақырымды құрайтын тоған қазып, суармалы егістікте аңызға айналған Арқаның ақбидайын өсірген өңір.
Кеңес дәуірі
Беріден тарқатсақ, өркениетінің бастауы болған ауданының іргетасы 1928 жылы қаланған. Осы жылы әкімшілік реформаларға сәйкес губерния және уезд атаулары алынып, округ және аудан атаулары енгізілгені белгілі. Алғашқыда аудан – Балқаш ауданы болып құрылған. 1929 жылы Тоқырауын ауданы болып өзгертілген. 1930 жылы Қоңырат ауданы болып атауы алмастырылып, орталығы Ақтоғай деген жерге көшірілген. Сол уақыттан бастап 1963 жылға дейін Қоңырат ауданы болып келіп, осы жылы аудан Шет ауданымен біріктіріліп, Ақтоғай ауданы болып аталды. Ақтоғай ауданының ұлаңғайыр жері оңтүстігінде Алматы, Жамбыл, шығысында Семей облыстарымен, солтүстігі мен батысында Қарағанды облысының Қарқаралы, Шет аудандарымен шектесіп жатыр.
Кеңес үкіметі кезінде де еңбегімен елеулі әкелеріміз бен аналарымыздың халқы үшін атқарған абыройлы істері аз емес. Бейбіт жатқан елімізге фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашқан шақта қарап қалмай қару асынып, Отан үшін от кешкендер қаншама. 1941 жылы Қоңырат ауданынан 2449 адам майданға аттанған. 1089 адам қаза тауып, хабарсыз кеткен, 1360 адам елге аман оралған. Ұлы Отан соғысында 218 адам ордендермен марапатталған. Қазақстанның 170 ауданы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағын алған 99 қазақтың екеуі ақтоғайлық болды. Олардың ерлігі қаруластары арасында аңыз болып тарап, ұрыс даласының ұранына айналды.
1951 жылғы деректерге сүйенсек, сол жылы ауданның 35 колхозы 11 колхоз болып қайыра ұйымдастырылып, 14 ауылдық кеңес 11 ауылдық кеңес болып ірілендірілген көрінеді. Ауданда ақтылы қой – 138448-ге, жылқы – 7640-қа, сиыр – 12423-ке дейін өсіп, өрісі түлікке толған.
Өнердің ұясы
Ақтоғай – өнердің құндағы болып, аттары аңызға айналған шешен де, көсем де, батыр да, балуан да, жырау да, ақын да, әнші де, күйші де түлеп ұшқан жер. Алты Алашқа есімі ортақ Қараменде би, Сана би, Шабанбай би секілді орақ тілді дара, дана би-шешен бабалар, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбай сияқты кемеңгер көреген көсем арыстар шыққан төр. Жаугершілік күн туғанда арғымаққа ер салып-ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елі мен жерін қорғап қол бастаған Жидебай, Жалаңтөс, Сеңкібай, Ағыбай сынды сайыпқыран баһадүрлер, Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіров сынды ержүрек ерлерді туған өлке. Құт дарып, бақ қонған Ақтоғай аймағы, Тоқырауын топырағында басқасын айтпағанда Алашқа Әсет, Шашубай, Нарманбет, Аққыз, Манарбек, Күләш, Сатан, Әшімтай, Мағауия сынды өнер саңлақтары түлеп, қайталанбас құбылыс ретінде тарихымызда қалды. Қырық жылдан аса тарихы бар Ақтоғай аудандық «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансанблінің айналасында да көптеген өнерпаздар қанатын жайды.
90 жыл тоғысында 20 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған екен. 32 адам Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері мен қайраткері атақтарын алған. 238 адам КСРО-ның және Тәуелсіз Қазақстанның ордендерімен марапатталған. 507 анаға Батыр Ана, Алтын алқа иегерлері атақтары берілген. 50 адам ауданның Құрметті азаматы атанған. Аудан бойынша 103 адам ғылым кандидаттығына, 39 адам ғылым докторлығына диссертация қорғап, ғалым атанған. 33 ғалымға профессор, 13 ғалымға академик атақтары берілген.
Тәуелсіздік жылдары
Егемендік алған күннен бері аудан тәуелсіздікпен бірге түледі. Көптеген айтулы оқиғалар орын алды, жеткен жетістігі мен көтерілген биігі қуантарлық. Аудан бойынша 524 кәсіпкер мен 675 шаруа қожалығы аудан экономикасын көтеруге өз үлестерін қосып келеді. Ақтоғай ауданда ауыл шаруашылығына, оның ішінде, мал шаруашылығына айрықша басымдық берілгендігін атап өттік. Бізге жеткен мәліметке сүйенсек, революцияға дейін осы өңірде 100 мыңнан астам жылқы өсірілсе, 1970 жылдары қой саны 250 мыңды құраған. Ел есінде, 1982 жылы аудан республика бойынша биязы жүнді дегерес қойын өсірудің авторлық куәлігін алған. Бүгінгі таңда «Балқашбалық» АҚ-ның өнімдері Еуропаға экспортталуда. Марал, бөдене өсірумен жекелеген кәсіпкерлер шұғылдануда. Аудан тұрғындары мал шаруашылығын өркендетуге шұғыл бетбұрыс жасаған. Соның нәтижесінде, ірі қара – 48 411, ұсақ мал – 99 943, жылқы – 21 648 басқа, құс – 20 331- ге жеткен. 16 шаруа қожалығы 1090 асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп, ата кәсіпті жандандыруда. 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін иеленген. «Тәтібек» және «Алаш» кооперативтерінде мал бордақылау алаңдары құрылған.
Өткен жылы аудан бойынша 1280 гектар жерге дәнді дақыл, оның ішінде, 600 гектар бидай, 680 гектар арпа егіліп, әр гектарынан 12 центнерден өнім алынды. 71 гектарға картоп, 49 гектарға көкөніс егілді. Картоптан 2415,5 тонна, көкөністен 2500 тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, былтыр аудан бюджетінің таза түсімдерінің жоспары 1 млрд. 466 млн. 966 мың теңге, бүгінгі күнге орындалысы 1 млрд 517 млн. 358,5 мың теңгені құраған.
Түйін
Ақтоғай ауданының экономикасы да шапшаң ілгері басуда. Оның барлығы – Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Бұрын тек ауыл шаруашылығына арқа сүйеген өңірде бүгінде жаңа қызмет түрлері көбейген. Кәсіптің түрленуіне мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған пайдасы зор. Ақтоғай топырағы ат дүбiрiмен түлеп, табысты өңір тойы жаңа жобалармен, аппақ армандармен сабақтаса бермек.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»