Жаңалықтар

Арқаның алтын бесігі – Ақтоғай

Арқаның алтын бесігі болып саналатын Ақтоғай ауданының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында тойға ерекше жасалған тарту деп аудан, облыс, тіпті, бүкіл Қазақстанға аты әйгілі өлкетанушы, осы киелі топырақтың ұрпағы Тұңғышбай Мұқан ағаның «Ақтоғай» атты энциклопедиясын айтуға болады. Бұл еңбек өзінің атына сай энциклопедиялық дәрежеде жазылған еліміздің Тәуелсіздік алғалы осы аудан (өңір) туралы жан-жақты терең тарихи анықтамалық зерттеулердің нәтижелері көрсетілген кітап болды.

Кітап облыс әкімі Ерлан Қошанов пен аудан әкімі Салтанат Әбеуованың кіріспе сөздерімен басталады да, бірнеше тараулардан тұрады. Кітаптың алғашқы тарауы «Дәуірлер тоғысынан жеткен тарих» деп аталыпты. Мұнда туындыгер (автор) Ақтоғай өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Ә.Марғұлан, М.Қадырбаев, Қ.Ақишев, Ә.Оразбаев, Қ.Жолдасбеков, А.Ермоленко, А.Бейсенов сынды белгілі ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелерінің негізінде бұл өлкені ХVIII ғасырдан бастап, Арғынның Қаракесек пен Тобықты аталарынан тараған Жалаңтөс Жидебай, Қараменде, Сеңкібай, Шабанбай, Сана бабалар мен Абылай батырдың ұрпақтары, Садір Қожадан тарайтын қожалар мен Төре Бөкейдің ұрпақтары мекендегенін дәлелді дәйектерімен негіздейді.

Бағзы заманда бүгінгі Ақтоғай өлкесін мекендеген қола, сақ, ғұн, оғыз тайпаларының мал шаруашылығымен шұғылданғандығын, жаз жайлауы шұрайлы шалғайдағы Тоқырауын Қаратал, Жіңішке, Қаршығалы, Түлкілі, Жамшы өзендерінің бойында, ал қыстау құрылыстарының тау аңғарлары мен өзен алқаптарының бұйығы бұйра алқаптарда үй-қара тұрғызып өмір сүргендерін жоғарыда аты аталған ғалым-археологтардың ғылыми еңбектерінен танып білудеміз.

Келесі «Орта ғасыр, көшпелі қоныс, болыстық билік» атты тарауда ХIV-ХV ғ.ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ территориясында бірнеше мемлекеттік құрылым ішінде қазақ халқының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуының аталғаны ерекше әсер сыйлады. Осы тарауда қалыптасу дәуірінде Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған қаралы көшпен басталған қазақ елінің басынан өткен қилы-қилы аласапыран кезеңдерде халқының қасынан табылып, еліне пана бола білген көрнекті батырлар мен билердің үлкен тобы өмір сүргені туралы терең толғаған.

Ресей императоры І Александрдың жарлығымен 1822 жылы ұзақ дайындықтан кейін орта жүз аумағын басқарудың жаңа ережесін белгілеп, айқындайтын ерекше құжат «Сібір қазақтары туралы» қаулы қабылданады. Осы кезден бастап болыстық және округтік басқару жүйесі енгізіліп, Дадан-Тобықты болысы, Әлтеке-Сарым болысы, Тоқырауын болысы, Нұра болысы, Балқаш болысы, Қотан-бұлақ болыстарының құрылғанын және олардың басқарған аймақтары туралы жан-жақты және айғақты ақпараттар келтірілген.

1917 жылы Революцияның жеңісінен кейін қазақ даласында қоғамдық қозғалыстар етек алып, осы жылдың желтоқсанында Орынборда өткен ІІ Жалпы Қазақ съезінде ұлттық территориялық Алашорда үкіметінің құрылғанын жариялайды. Осы үкіметтің 15 адамнан тұратын құрамының 3 бірдей мүшесі Ақтоғайдың төл перзенттері – Алаш партиясының төрағасы Әлихан Бөкейханов, вице-премьері Әлімхан Ермеков, Қазақстанның тұңғыш заңгері (бас прокурор) Жақып Ақбаев Қазақстан мемлекетінің құрылуының басында тұрған тұлғалары болуы – Арқа елінің тектілігі мен топырағының киелілігін көрсетеді. Осы Алаштың үш арысына туған жері Ақтоғай ауданының дәл ортасына «Тәуелсіздік күрескерлері» атты қоладан құйылған алып ескерткіш орнатылғандығын тілге тиек етеді.

Энциклопедияда Тұңғышбай ағамыз ауданның құрылғаннан кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдісін бірнеше кезеңге (әрбір кезең 10 жылдан тұрады) бөліп, әрбір кезеңдегі жетістіктерді салыстырмалы түрде зерттеп тиісті құнды қорытындылар жасаған.

Кітапта Алаштың үш арысынан басқа, киелі Ақтоғай топырағынан шыққан Кеңес үкіметін орнатуға күш-жігерін сарп еткен азаттық күрескерлері, Екінші дүниежүзілік соғысты Кеңес одағының айбынды батырлары, орақ тілді ақындар, қазақтың бетке ұстар ұлағатты ғалымдары, күміскөмей әншілер мен өнер қайраткерлері, басқа да мемлекеттік адамдардың суреттері мен өмірбаяны жан-жақты терең сипатталған.

Айта кету керек, қолымыздағы энциклопедияның жоғарыда жазылған пікірлерден басқа да рухани-мәдени және танымдық құндылықтарын бір мақалада тізіп жазу мүмкін емес. Осы жұмысқа дейін де Ақтоғай туралы бір-екі кітапша жазылған, бірақ бұл тәуелсіздік алғаннан бері жоғарғы идеялық энциклопедиялық дәрежеде жазылған тұңғыш тарихнама кітап деп санаймыз. Осындай танымдық дүниені зерделеген Тұңғышбай Мұқан ағамыз Ақтоғайдың Құрметті азаматы деген құрметті атаққа лайықты деп ойлаймыз.

Елімізді экономикалық дағдарыс жайлаған кезде Ақтоғай ауданын таратып, басқа Приозерный ауданына қосуға сәл қалғанда ел ағасы Сағадат Абеков, сол кезде еліміздің Қаржы министрлігінің басқармасын басқарған, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алтай Зейнелғабден ағамыз, үлкен ғалым Қабылсаят Әбішев, Әнуарбек Сұлтанғазин, Жорж Панин және басқа да тұлғалардың қайсар еңбектерінің арқасында Ақтоғай ауданы сақталып қалды. Жері мен елі үшін тер төккен азаматтардың есімдері халықтың есінде болуы керек.

Жақсылық ТОЛПАКОВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің профессоры,

Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медаль иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button