Арқаның ақиығы – Алаштың абыройы
Құсбегілік өнер халқымызда ғасырлар бойы қалыптасқан. Шамамен жеті ғасыр бұрын қанатын жайған көшпелі елдің көне өнері. Қазақтың көк байрағында да қыран құстың бейнеленуі тегін емес. Өйткені, қыран тектес халықтың қырандай алғыр, жүректілігі дала тағысынан бойына сіңген. Еркіндікті сүйетін кереге қанатты – кең байтақ жерді жайлаған қазаққа ұқсатамын. Киелі құс – қасиетті елдің киесі. Тәубе дейік! Біз бабадан қалған мұрадан тамыры ажырамаған жұртпыз. Оған дәлел – елімізде жыл сайын жалауын көтеретін құсбегілер сайысы.
5-6 қарашада Елорданың іргесінде белгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі өтті. Айтулы додада Арқаның серісі, әнші, құсбегі Дулат Ақанов бас жүлдені қанжығалады.
Астанадан Қоянды ауылы бағытында шығатын «Софиевка тас жолдың бойында екі күн тартысты өрбіді. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйытқы болған турнирге биыл көршілес Моңғолия және Қырғызстан елдерінің бүркітшілері мен еліміздің барлық облыстарынан ат оздырған құсбегілер бағын сынады. 30 бүркітшінің ішінде облысымыздың абыройын асқақтатқан Дулат Бегендікұлының «Жебе» атты тастүлегімен тұңғыш қатысуы екен. Бағы мен бабы келіскен жігітке жүлденің жеңіл келмегендігі анық.
– Турнирдің бірінші күні бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру және шырғаға салу сияқты сайыстар болады. Алғашқы байқаудан өткендер соңғы күні бүркітті қоянға, қарсаққа салып аңшылықтың ең ғажап сәттерін бастан өткердік. Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалды еске түсіруге арналған турнир өткен жылы республика көлемінде болған еді. Осы жылы халықаралық турнир деңгейінде тұғырының биіктеуі қазақ құсбегілерінің мәртебесін асқақтатты. Бұл құсбегілік, атбегілік өнер маған әкемнен дарыған. Әкем Бегендік Ақанов баптаған аттар бәйгенің алдын бермейтін. Сол өнерді мен де жалғап, құсбегілік өнерді дамытуға сәл де болсын үлесімді қосайын деп бел будым. Құсбегілік – жаным сүйетін ата кәсібім, – дейді Дулат Ақанов.
Арқаның бет қарыған аязында қызара бөртіп, қолыңа қыран қондырып, соңыңа тазы ертіп, саф ауаны еркін жұтып, ат үстінде жүрудің өзі бір ғанибет! Салауатты өмір салтының далада екенін терең түсінген Дулат қалада болса да, осы ғанибетті басынан кешіп жүр.
Нұрдос КӘРІМ
Суретте: (солдан оңға қарай екінші) Дулат АҚАНОВ.