Басты тақырып

Арқада – аламан айтыс

    Қазақ халқы айтыс десе ішкен асын жерге қояды. Орақ тілді дүлділіне, домбыра күмбіріне құлақ түріп, елең етпес жұрт жоқ. Әсіресе, Арқа жұртының айтысқа ықыласы ерекше. Расы керек, дәстүрге айналған аламан айтысты қарағандылықтар наурыз айында асыға күтеді. Сан ғасырлардан бері халқымен біте қайнасқан айтыс өнерінің додасы 17 наурызда осымен он үшінші рет шымылдығын түрмекші. Бұл жөнінде «Арқа ақындары» айтыс мектебінің жетекшісі, айтыс­ты ұйымдастырушы айтыскер ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ хабардар етті.

Айтыс – дүниежүзіндегі басқа ешбір халықта жоқ, өнерді тамашалауға жиналған жұртшылықтың делебе­сін қоздыратын, ұлттың намысын қайраққа салатын, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген, қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Айтыскер ақындар ешкімнен сескенбей халықтың айтар сөзін айшықты өлең жолдары мен өрнектеп, ел жақсыларының даңқын асқақтатып, қалың бұқараның аузында жүрген шырқыраған шындықты дүйім жұрттың алдында ашық айтқан. «Хан» демей, «қара» демей, елге тізесін батырған озбырлардың қылықтарын әшкерлеп, өткір сынның тезіне салған. Сонысымен айтыс құнды, сонысымен бағалы.

Биылғы айтыс 17-ші наурызда сағат 17.00-де Кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында өтеді. Айтыстың өткізілуіне мұрындық болып отырған – Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, «Арқа» ақындар мектебі. «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық ақындар айтысының аясында Қаздауысты Қазыбек бидің 350 және Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы қамтылып отыр. Осы жылғы айтыс мерейтой иелеріне арналады. Бұл сөз жарысында өткір тілмен өрнектелген ұтымды жыр шумақтарымен ақындарымыз көрермен қошеметіне бөленеріне сенімдімін. Айтысқа республикалық сайыстарда жеңімпаз атанып жүрген Шет, Ақтоғай, Ұлытау, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Осакаровка аудандарының және Сәтбаев, Шахтинск, Қарағанды қалаларының белгілі айтыскер ақындары сөз барымтасына түседі. Барлығы 22 ақын іріктеліп алынды. Бір айта кетері, бұрын-соңды айтыстан шеткері қалып жататын Осакаровка ауданының өзінен қос ақын қатыспақшы. Мұны біз арқада айтыстың дамып келе жатқандығына балаймыз.

Бұл айтысқа ойы зерделі, сөз қадірін түсінетін ақын ағалар төрелік етеді. Тарқата айтсақ, қазылар алқасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, талай аламан айтыста маңдайы жарқырап, оза шауып, бәйге алған белгілі ақын, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас-Редакторының орынбасары Ерсін Мұсабек бастаған дүлдүлдер салмақтап саралайды. Кіру тегін. Келіп тамшалаймыз дегендер­ге есік ашық. Айтыста ақындардың сө­зіне тоқтау, шабытына шідер салынбай­ды,– дейді ақын Айтбай Жұмағұлов.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button