Жаңалықтар

Арқа жұртының құлағы һәм көзі

Менің атам пәлен жыл қыр­да мал баққан. Қонышына газет-журналды қыстырып жүретін. Үйде де газет үйіліп жататын. Әсіресе, «Ortalyq Qazaqstan» га­зеті үзілмейтін. Дастархан басында шайын баппен ұрттап, мақалаға үңіліп отыратын. Көз алдымызда данышпандай терең ойға бататын.
Аядай ғана ауылдың газет оқитын зиялылары іңірде қой бөлуге шығып, әр нөмірді талдайтын. «Үлкен-үлкен» әңгімелер айтылатын. «Ortalyq Qazaqstan» – сол уақытта шал­ғайда жатқан ауыл жұртының құлағы һәм көзі болды. Қашан да солай болмақ. Газеттің аударылған парақтарындай жылдар сылдырап өте шықты. Мен де есейдім. Қазір қарашаңырақта қалам ұстап жүрмін.

 

«Ortalyq Qazaqstan» газетіне қызметке тұрғаныма өзімнен бұрын атам қуанды. Өзінің құрдастарына мен жазған мақаланы көрсетіп, мақтанғанын талай көрдім. Баладай мәз болады. Бір адамның мақтанышы екеніңді сезіну де таудай бақыт екен. Олар – газеттің қадір-қасиетін білетін буынның өкілдері. Қайран ақсақалдар!

Атамның құрдастары мені көрсе, «Жүрнәлісіміз келе жатыр» дейді. Түсінген адамға көп-көрім атақ. Шақырып, әңгіме сұрайды. Қора-қопсы, күйбеңнің айналасындағыны емес, өрелісін сұрайды. Ұлттың бүгінгі әдебиеті, саясаты, идеология­сы. Сол үш кластық мектепті ғана көрген қариялармен әңгімелесуге сес­кенемін. Әр сөзіме қарауыл қоя­мын. Өйткені, олар бар саналы ғұмырында оқудан ажырамаған. Олардың университеті – кітап пен газет. Өмірлік тәжірибе тағы бар. Қайран ақсақалдар!

«Ortalyq Qazaqstan» – Арқаның жаршысы. Тарихы ғасырға жуықтаған қарашаңырақ. Үздіктердің бәрі осында ұмтылады. Бұл – заңды құбылыс. Мен де сол мектепке келдім. Мақсатым айқын. Қазақтың мүйізі қарағайдай қаламгерлері, кіл мықтысы жүрген ұжымда қаламымды ұштағым келеді. Жазудың бейнетін тартқым келеді. Бейнет болмай, зейнет жоқ.

Шығармашылық ұжымға келгеніме бек қуаныштымын. Маңайымда жақсы мен жайсаң. Ылғи «Сен тұр, мен атайын» дейтіндер. Мықты болу үшін мықтылардың ортасында жүрмек керек. «Адамды өсіретін – орта» дейтініміз тағы бар.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ортасынан, редакция шаңырағынан шыңдалсақ деген ой-арман мені осында алып келді. Талай мықты қаламгерлерге қанат бітірген қарашаңырақ қой бұл. Біздің де осы газеттен өсіп-өніп, өз қолтаңбамызды қалыптастырғымыз келеді. Осында жүрген әр жас жорналшының ойлағаны да – осы. Қаламымыздан туған әр мақала, әр туындымыз Сіздерге азық, қадірлі оқырман. Сын айтып, шыңдаймыз десеңіздер де мархабат! Олай  болса, «Орталықтың» әр саны қолыңыздан түспесін!

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button