Жаңалықтар

Арқа жұртын әуенмен әлдилеген

Қазіргі уақытта оркестрдің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, бас дирижер – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей, дирижері – халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев та репертуар саясатын берік ұстанып, жан-жақты дамытуда.

1938 жылдың 6 наурызында Қарағанды облыстық атқару комитеті Президиумының қаулысымен Қарағандыда облыстық филармония құрылған еді. Бұл ұжымның алғашқы қарлығаштары, кейін мерейлі атақтарға ие болған – Қазақ КСР-ның халық әртістері Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Зәбира Жұбатова, Қосымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртіс­тері Қуан Лекеров, Мағауия Көшкімбаев, Алтын Әлиева, Қайныкен Әлімбаева, Нағима Өсербаева, Жабай Тоғандықов қызмет етті. Және дарынды өнерпаздар Қазбай Ешимов, Мұхит Битенов, Қабира Жетімтаева, Ләйлә Хаджымұратова, Жаңыл Қартабаева, Ақатай Көпбаев, Ібірәхім Өкпенов, Нұрсұлу Тәкенова, Мұхан Есупов, Шора Әлішев, Рахметжан Ыбыраев, Николай Торнер, Құрмаш Рахымбаев, Меделхан Исмағанбетов, Мира Абдуллина, Зүлзира Укежанова, Рая Гуснулина, Александр Завьялов, Василий Дворников, Александр Фендзеляу, Н.Ким До Нюр де филармония құрамында еңбек етіп, қазіргі Қ.Байжанов ұжымның қалыптасуына, өркендеп, өсуіне елеулі үлес қосты.

1990 жылы 16 сәуірде филармонияға ҚазССР-ның халық әртісі Қали Байжановтың аты берілді, ал 1993 жылы филармония атауы концерттік бірлестік деп өзгертілді. Концерттік бірлестік құрамында бүгінгі таңда Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфония оркестрі, джаз оркестрі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Әуен», «Мерей», «Арай» ансамбльдері бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Мәдениет қайраткерлері, Мәдениет саласының үздіктері, халықаралық және республикалық конкурс лауреаттары қызмет ететін өнер ордасы. Биыл бірлестікке 85 жыл толды. Ғасырға жуық уақыт Арқа өңірінің мәдениет саласын биікке көтерді, республикаға, алыс-жақын шетелге ұлттық өнерімізді таныта білді.

Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі дегенде, әрине, ең алдымен Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі аталады. Оркестр 1988 жылы құрылды, оның алғашқы құрамы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлектері. Оркестрді басқарған алғашқы дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай болатын. 1990 жылы оркестрге ұлы күйші, халық композиторы Тәттімбеттің аты берілді. 1992 жылы оркестрге жетекшілік етуге КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев шақырылды. Қазір өнер ұжымының Тәттімбеттің атымен қатар Академиялық оркестр деген мәртебелі атағы бар. Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі әр жылдары гастрольдік сапармен АҚШ-та, Франция мен Швейцарияда, Швеция, Чехияда, Иран, Ирак, Түркия, Ресей мен Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінде болды.

Биыл Тәттімбет оркестрі 35 жылдық мерейтойын атап өтеді. Репертуары бай, еліміздің әр өңірінің шығармалары, шетел классикалары тоғысқан. 35 жыл еңбек жолында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Италия, Ресей сынды елдердің өнер қайраткерлерімен, атақты музыканттарымен тығыз шығармашылық байланыста келеді. Осы жылдар ішінде еліміздің ең үлкен, ең салмақты, ең кәсіби шеберлігі жоғары деңгейдегі оркестр бола білді. Бүгінгі күні Қазақстанның алдыңғы қатарлы өнер ұжымының бірі әрі бірегейі. Дирижер Шамғон Қажығалиев: «Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрін басқа ұжымдардан ең алдымен музыканттардың ойнау шеберлігіндегі ерекше үйлесімділік, дыбыстардың тазалығы, ансамбльдік жоғары бірлік сезімі ерекшелендіріп тұрады. Тағы да бір айрықша қасиеті оркестрлік барлық топтар біркелкі топтас­тырылған. Оркестрдегі барлық аспаптар дыбысы біркелкі шығады. Аспаптар үні үйлесіп, ерекше жарасымдық тапқан», – деп баға берген.

Қазіргі уақытта оркестрдің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, бас дирижер – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей, дирижері – халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев та репертуар саясатын берік ұстанып, жан-жақты дамытуда. Түрлі бағыттағы музыка жанры мен стилі сақталып, халық музыкасы мен қазіргі заманауи туындылар үйлесім тапқан. Қазақстанның кәсіби музыканттары, атақты орындаушылары әркез Тәттімбет оркестрімен бірлесіп концерт беруге, жеке кештерін өткізуге тырысады, шығармашылық ұсыныстарын білдіріп, ұжыммен үнемі шығармашылық қарым-қатынаста болуға ниетті.

Жыл басынан бері көптеген жеке кештер, жоспарлы концерттер өткізген Тәттімбет оркестрі 25 мамыр күні өзінің XXXV концерттік маусымын жабады. «Шалқыма» залында өтетін бұл жолғы концерттің қонағы – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда. Оркестр дирижерлері қызу дайындық үстінде, көрерменге репертуардағы ең үздік шығармаларды тарту етеді.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің баспасөз қызметінің редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button