Арқа жұрты азаматын ардақтады
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Дүйсен Қасейіновті арнайы қабылдап, 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. Дүйсен Құрабайұлы Арқа жеріне «Достарым – менің байлығым» музыкалық фестивалін өткізуге келген.

Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы көрнекті өнер қайраткерінің педагог қана емес, әлемдік мәдениетті жетік білетін дарынды дипломат екенін атап өтті.
– Еліміздің мәдениетін дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Сіз еңбек жолыңызды Қарағандыда бастап, өңіріміздің мәдениетін дамытуға баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің арқаңызда біздің әртістер Америка, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Италия, Иран, Ирак сынды мәдениеті терең мемлекеттерге гастрольдік сапармен барды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
«Достарым – менің байлығым» музыкалық мерекесі – халықаралық мәртебеге ие. Биыл өнерсүйер қауымның алдында Әзербайжан, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан солистері өнер көрсетпек. Оларды Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестр сүйемелдейді.
– «Достарым – менің байлығым» фестивалінің ерекшелігі – көрермендер алдында еліміз бен жерімізге құрметі бөлек жақын достарым өнер көрсетеді. Қай жерде болсам да, қандай қызмет істесем де, Қарағанды – әрқашан менің жүрегімде, – дейді Дүйсен Қасейінов.
Мерейтой иесі туралы достары да жылы лебізін білдірді. Олардың айтуынша, Дүйсен Қасейінов – өнердің шекарасын жоятын танымы терең жан.
– Дүйсен Құрабайұлын 15 жылдан бері білемін. Біз онымен фестивальде кездейсоқ таныстық. Ол – өнердің нағыз білгірі. Қай жерде болса да, әрқашан өз елін керемет сипаттайды. Оның арқасында біз Қарағандыға, қарағандылық әріптестерімізге ғашық болдық. Олар – қазақ өнерінің сарбаздары. «Елді білу үшін оның өнерін білу керек» деп бекер айтылмаған, – дейді Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі Роза Зергерли.
Жәлел ШАЛҚАР.