Жаңалықтар

Арқа жұрты қара жамылды…

Қазақ ғылымы ауыр қайғыға душар болып, Арқа жұрты қара жамылды. Арқа аспанын мұң торлады. Қазақтың физика-математика ғылымындағы біртуары, саналы ғұмырын білім-ғылымға, мемлекеттік тіл мен ұлттық рух мәселелеріне арнаған біртуар тұлға Темірғали Әбілдаұлы Көкетаев 87 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Сурет: жеке мұрағаттан

Темірғали Әбілдаұлы Көкетаев 1938 жылы 25 наурызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Жеткіншек ауылында (қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылы) қарапайым шаруа Әбілда мен Сақыштың шаңырағында дүниеге келген.

Алғашында 1946 жылы Жеткіншек ауылындағы орта мектепте, кейін Қызылағаш бөлімшесінің бастауыш мектебінде оқыған Темірғали Әбілдаұлы 1957 жылы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектеп-интернатын тәмамдайды.

Орта мектептен соң, 1957-1959 жылдар аралығында өз ауылында екі жыл шопан болып еңбек еткен.
1959-1964 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетінің физика бөлімінде оқып, оны 1964 жылы тәмамдайды.

Әу бастан ғылымға құштар Темірғали Әбілдаұлы 1964 жылы Эстонияның Тарту университетінде тағылымдамадан өтіп, келесі жылы аспирант атанды. 1970 жылы академик Ч.Б.Лущиктің ғылыми жетекшілігімен Тарту мемлекеттік университетінің мамандандырылған Ғылыми кеңесінде кандидатық диссертациясын сәтті қорғады.

Елге оралған жас ғалым өзі білім алған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының теориялық физика кафедрасында доцент болды. Кейін ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп, физика-математика факультеті деканының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды.

1972 жылы Қарағандыда жаңадан ашылған университеттің ректоры, академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің арнайы шақыруымен физика факультетінің қатты дене физикасы кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалып, әріптестерімен бірге университеттің негізін қалауға сүбелі үлес қосты.
Сол кезден бастап, Темірғали Әбілдаұлы Қарағанды мемлекеттік университетімен байланыста өмір сүрді. Әр жылдары физика факультетінің деканы, университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

Әріптестерімен бірге, Қазақстанда екінші болып ашылған университетіміздің физика факультетінің өрлеп дамуына атсалысқан ағалары Қанапия Мүбаракұлы, әріптестері Жамбыл Сәулебекұлы, Қанат Төлеуханұлы, Сағатбек Дәрібекұлы, Ақылбек Жүрсінұлы және өзі ашқан кафедра ұжымымен бірге мыңдаған жас шәкіртке ғылым мен білімге жол аша білді.

Темірғали Әбілдаұлының жетекшілігімен ҚарМУ-де бірнеше ғылыми зертхана құрылды. Ғылыми зерттеулерден алынған нәтижелер алыс-жақын елдерде өткен ғылыми конференцияларда баяндалып, талқыланды. Осы зертханаларда ол ғылыми еңбегін жалғастырып, университет қабырғасында өзінің докторлық диссертациясын дайындап, 1988 жылы «Әртүрлі модификация­дағы активацияланған иондық кристалдағы люминесценция және электрондық қозулар» тақырыбында Оралдың мемлекеттік политехникалық институтында физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясын сәтті қорғады.

Темірғали Әбілдаұлы жоғары білікті педагог қана емес, ол Қазақстандағы қатты дене физикасының негізін қалаған ғұлама ғалым болды.

Бір үлкен жетістігі – Кембридж университеті жанында құрылған Халықаралық өмірбаян орталығы оған физика ғылымына қосқан жаңалығы үшін «ХХ ғасырдың ғұламасы» атағын берді. 2002 жылы халықаралық деңгейде «Жыл адамы» атанды. 2007 жылы Оксфорд университетінде арнайы дәріс оқыды.

Білім беру мен ғылым жолындағы еңбектері бағаланып, КСРО космонавтика федерациясының ұшқыш-ғарышкер ­Ю.Гагарин атындағы медалімен, білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталып, «Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне Еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы медалімен, «Қазақстандағы нақты ғылымдар бойынша ең көп сілтеме жасалатын авторлар» деген номинацияның I дәрежелі дипломымен марапатталды.

2007, 2018 жылдары екі рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.
Темірғали Әбілдаұлы – Жаңаарқа ауданының, Қарағанды қаласының, Ұлытау облысының Құрметті азаматы. Елінің қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысқаны үшін «Замандас-2010» қалалық сайысының жеңімпазы, мемлекеттік тілімізге шынайы жанашырлық танытып, қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқаны үшін «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері атанды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің 2022 жылдың 17 наурыздағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды.
Темірғали Әбілдаұлы 500-ден аса ғылыми мақалалардың, 3 монографияның, 6 авторлық куәлік пен патенттің, 10-нан аса оқулықтардың авторы.

Оның ғылыми жетекшілігімен 31 ғылым кандидаты, 2 философия докторы және 8 ғылым докторы диссертациялық жұмыс­тарын сәтті қорғады.

Марқұмның қайғылы қазасына байланысты Темірғали Әбілдаұлының отбасына, ағайын-туыстарына, барша Арқа жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз.

Жаныңыз жәннатта, тәніңіз рахатта болғай!
Қажырлы қайраткер, тіл жанашыры, ғұлама ғалым Темірғали Әбілдаұлы Көкетаевтың отандық ғылымды дамытудағы ерен еңбегі мен жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Е.БӨЛЕКПАЕВ, А.ТАЙЖАНОВ, Б.АСАНОВ, ­Е.АЛПЫСОВ,

Е.ҚҰСАЙЫН, Ә.ӘЛДЕНЕЙ, Е.ҒАЛИЕВ, ­Н.БИКЕНОВ,

Н.КОБЖАНОВ, Е.АЙМАҒАМБЕТОВ, ­Р.ОМАРБЕКОВА,

Б.АЛТЫНБЕКОВ, С.АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, О.ТӨРЕҒОЖИН, Н.ДУЛАТБЕКОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button