Арқа жұрты Аққызын ардақтады
Мұқым елдің назары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде болды. Білімнің ғана емес, ұлттық рухтың ордасына айналған шаңыраққа қазақтың дәулескер күйшілері, мүйізі қарағайдай қаламгерлері, әншілері жиналды. Университет төрінде күйші-композитор Аққыз Ахметқызының есімін ұлықтауға арналған «Күй-ғұмыр» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Айтулы шараға күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбеков пен күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, Арқа жұртының мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев арнайы келді. Күй шеберлерінің ізімен келе жатқан дарынды күйші Қайрат Айтбаев та осы қатарда.
Кеш басталмас бұрын білім ордасының ректоры Нұрлан Орынбасарұлы құрметті меймандарға университет аумағында орналасқан күй аллеясын көрсетті. Көк аспан астында Кетбұғаның, Тәттімбет пен Құрманғазының, әйгілі Тоқа Шоңманұлының, Ықыластың, Дайрабайдың, Ахметжан Сармантайұлы, Қыздарбек Төребайұлының, Сембек Айдосұлының, Әбди Рысбекұлының, Әбікен Хасенұлының, Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының, Нұрғиса Тілендиевтің, Мағауия Хамзиннің, Төлеген Момбековтің, Дәулетбек Сәдуақасұлының күйлері орындалып тұрды. Құрметті меймандар қатарындағы Секен Тұрысбековтің де атақты «Көңіл толқыны да» шертілді.
Ал, кеш «Күй-ғұмыр» өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімімен басталды. Бұл кітапқа Аққыз күйшіге арналған өлеңдер енді. Осы жылдың наурызында республикалық мүшәйра жарияланған еді. Сол жыр бәйгесіне келіп түскен өлеңдер топтастырылған. Кітаптың лентасын қиюға Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы мен ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі мен Аққыз күйшінің ағасы Өмірбектің немересі Нұрланбек Сағадибекұлы шықты. Салтанатты рәсімнен кейін Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Жақанұлының арнайы жолдаған ыстық ықыласын жеткізді. Сонымен қатар, айтулы шарадан алған әсерін жеткізді.
– Құт қонған, күй дарыған қазақ руханиятының іргелі орталығының бірі қастерлі Қарағандыда керемет күй кешінің куәсі боп отырмыз. Қарағанды Бөкетов университеті кеңестік кезеңнен бері Қазақстандағы ең ірі екі жоғары оқу орнының бірі саналған. Білім ордасының негізін қалаған Бөкетовтің жолын жалғап, біліммен бірге руханиятты қатар дамытып отырған оқу орнының ректоры Нұрлан Орынбасарұлына алғысым шексіз. Бүгін міне, университет ауласындағы Күй аллеясына да ат басын бұрдық. Мұндай теңдесі жоқ дүниелерді басқа өңірде көрген емеспін. Күймен тербеліп өскен шәкірттердің бойында ұлттық құндылықтың, ұлттық сана-сезімнің мол болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, осындай кеш ұйымдастырып отырған Аққыз Ахметқызының ұрпақтарына, өнерсүйер қауымға да ризашылығымды білдіремін. Аққыз апамыздың мүшәйрасына арнап басылып шыққан кітапқа ену әр ақынның арманы деп есептеймін, – деді Дархан Қыдырәлі.
Содан кейін, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев Аққыз әжеміздің мұрасын зерттеуші, насихаттаушы Болат Жұматайұлына аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың Алғыс хатын табыстады.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов: «Біз батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті «шығыстың қос жұлдызы» деуші едік, ендеше, күй өнеріне келгенде қазақтың Динасы мен Аққызы осы «Шығыстың қос шынары» деуге әбден лайық. Сонымен қатар, бүгінгі кештің университетіміздің қабырғасында өтіп жатқанында айрықша заңдылық бар. Өйткені, білім ордамызға аты берліген Евней әкеміз өнер мен әдебиеттің адамы еді. Ебекеңнің кезінде дуылдаған кештер, талай өнерпазбен кездесулер өтіп жататын. Тіпті, Зейнолла Қабдоловтың «Селен мен өлең» деп мақала жазғаны да осыдан. Селен – химиялық элемент болса, өнер – қазақтың жаны. Ебекеңнен басталған жақсы дәстүр кейінгі жылдары жаңарып, жаңғырып келе жатыр», – деп Аққыз күйшінің өнерге деген адалдығы жайында айтып өтті.
Республикалық мүшәйраның жүлдегерлері марапатталды. Жүлделі үшінші орынды Әсет Аманжолов, Асылбек Жаңбырбаев, Мұхтар Күмісбек иеленді. Екінші орын Ұмтыл Зарыққанға бұйырды. Бірінші орын Дәуренбек Бұланбаевтың қанжығасында. Ал, елдің назарын баураған республикалық жыр додасының бас бәйгесін Мирас Асан алды. Жүлделі орындардан бөлек 5 ақынға арнаулы жүлде табысталды. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлық берілді.
Марапаттаудан кейін гала-концерт басталды. Аққыз Ахметқызының әндері орындалды. Секен Тұрысбек пен Жанғали Жүзбаев күй шертіп, залдың ішін тылсым күйге бөледі. Секен Тұрысбек сахнаға шыққанда халық күйшінің авторлық туындысы «Көңіл толқынын» сұрады. Ресми шаралармен басталған кеш құдіретті күймен түйінделді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz