Жаңалықтар

Арқа мен Ақжайықтың арасында…

Ару Алматының біраз көшелерін аралап, Қарағандыға қайтуға вокзалға келе жатырмыз. Кітап дүкендерінде болып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында бұрын көрмеген ғалымдарға ұшырасып біршама әңгіме-дүкен құрғанбыз. Біз көңілді едік. Олай болуының басты себебі,1989 жылы мамыр айында ҚазМУ мен ҚарМУ-дың айтысы кеншілер қаласы Қарағандыда өтсе, араға жыл салып 1990 жылы ІІ Республикалық университеттер арасындағы айтыс Алматыда жалғасқан. Біз белгілі ғалым Задан Тасқалиұлы Жұмағалиев екеуіміз Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттерін жарысқа алып келгенбіз. Бұл айтыста ҚарМУ студенттерінің мерейі үстем болып, кенішті қаламызға қайтуға бет алған болатынбыз. Таң атқалы көңілді жүрген бір жағынан ұстазым, екінші жағынан әріптес Зәкеңнің вокзалға келгеннен қабағы түсіп, көңілсіз күйге ауыса қалды. Бір жері ауырды ма, әлде бір заты ұмыт қалды ма? Ештеңе түсіне алмай, ақырын мән-жайды сұрай бастадым.

Сурет автордан

– Зәке, неге тұнжырай қалдыңыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма?
– Жоқ. Бәрі дұрыс. Өткендер еске түсіп тұр.
– Жастық күндер осы әсем қалада өткеннен соң, қимай тұрған боларсыз.
– Ол да бар. Кейін асықпай әңгімелесерміз. Әуелі отарбаға отырып алайық.

Сол сәтте жүйрік көлігіміз де келіп тоқтады. Вагондағы орнымызға отыра бастадық. Жол азығымызды керегінше алып, тиесілі орынға жайғастырдық. Үзеңгілес ағамыз Задан Тасқалиұлы бірден қисайып, көлік жылжымастан жеңілденіп жата қалды. Іштей бұл кісінің сыры енді белгілі болды. Түнде дұрыс ұйықтай алмаған деген ойға келдім. Мазасын алмай алған кітаптардың бірін ашып, оқуға кірісіп кеттім. Жүйрік көлік жүйтки бастағанда Зәкең басын көтеріп, орамалын алып купеден шығып кетті. Сәлден кейін қайта оралып, «бір шай ішкен дұрыс болар еді» – деп, өтіп бара жатқан жолсеріктен шай әкеліп беруін өтінді. Алып шыққан жол азықтарымызды ыңғайлап, көп ұзатпай жеткізген азаматтың шайына алғыс айттық. Түскі асымыз тамаша өтіп, өткен-кеткен оқиғаларды әңгіме еттік.

– Алматыдан шығарда көңілсіз болғаныңызды қаладан қозғалып, жүйрік көлік жүйтки бастағанда ұйықтағаныңыздан аңғардым. Түнде ұйқы болмады ма?
– Жоқ. Оның қисынын келтірдік емес пе? Асықпай тұрдық. Жолға шығатын уақыт та қолайлы болды ғой.
Сәл үзілістен кейін, Зәкең әңгіме бастады. «Менің студенттік күндерім Алматыда өтті. Сонау батыс өңірі айтулы Ақжайықтан соғыс бітіп, ел есін енді жинаған кезде астанаға келіп студент атанғандардың бірі мен едім.

1956 жылы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетіне оқуға қабылданып, арманым орындалғанына марқайып жүрдім. Әйтсе де түрлі ауыртпашылықтардан арыла алмадық. Студентке жетпейтіні қаржы емес пе? Мен соны бастан өткердім. Маған көмек бере қоятын үйдегі жағдай өзіме мәлім, етжақындарым күйбең тірліктерімен күн көрген бейбақтар еді. Алыстағы ауылға тек барып қайту қиындығын көп көрдім. Жоғары курстарда қысқы демалыс аз болғандықтан ауылға бара алмай, жазғы емтихандарды өткере салып асыға аттанатынмын. Сол қалыптасқан студенттік бес жыл, одан кейінгі аспирантурадағы үш жылдағы әдет осында келсем көңілсіз күйге бөлейді. Ең қиыны вокзалда басталады. Ауылға кеткім келіп тұрады. Кейде Қарағандыдан келіп, қайтарда Оралға билет ала жаздаған сәттерім болған. Көңіл құлазиды, туып-өскен жерді аңсайсың. Ақжайықтың жағасы еске түседі. Алматыдан Қарағандыға шыққанда қисайып, жата қалатыным өзімше Оралға кетіп бара жатырмын деген қиялдан туған. Қарағандыға барған соң тез ұмытып кетем. Оның себебі, менің өмірімнің көбі кенішті қалада өтті. Осында отбасын құрып, балалы-шағалы болдым. Жастық кезеңде ретіне қарай елге барып, аз да болса аунап-қуанып қайтушы едік. Кейінгі жиырма жылдан асып барады елге ат ізін салған жоқпын». Студенттік кезімде декан, кафедра меңгерушісі болып, қазіргі кезеңдегі әріптес ұстазыма алғаш рет қадала қарап қалдым. Тым егделене бастапты. Кең маңдайы, қастарының арасы мен көздерінің айналасына әжім іздерін салыпты. Шашы ақ түске өзгерген. Біз оқыған жылдары шашы тікірейіп, сұсты көрінетін өңіндегі өзгерістерді енді байыптай бастадым. Біраз үнсіз қалдық. Одан әрі үзілісті мен жалғадым.

– Зәке, Сізге қолайлы сәттер туып келеді, бұрынғыдай емес, қолыңыз босай бастайды. Ауылға барып қайтатын уақыт көп болады.
– Қайдам. Жылда өзімше бармақ болам. Үнемі кездейсоқ жағдайлар кері тартады да тұрады. Балаларыма елді көрсетіп, таныстырмақ болғанымда сәті түспеді. Олардың жұмысы, менің тірлігім қисыны бір келмеді. Өстіп жүріп өткінші жалған өте шығады-ау!
– Елге амандық болса әлі талай жол түсер қисыны келетін сәттер туар.
Бұдан біздің әңгімемізді айтыстан қайтқан ақындарымыз келіп, солармен біршама сыр шертістік. Біршама тынығып, ертемен Қарағандыға да жеттік. Университеттегі қарсы алу, жеңіспен келген жастарға жақсы тілектер айтылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталып жатты. Сол жолғы сапардағы ұстазымның туған елі мен жеріне деген сағынышы есімде қалды. Әйгілі «Ақжайық» әнімен елін елжіреткен Қадырдың ақындығы, әрідегі Махамбет пен Исатайдың дархан даласы үшін күрескені, Құрманғазының күйлері сол естелікті жиі-жиі еске түсіретін. Оқырмандарынан алғыс арқалаған «Көш», «Домбыра» жинақтарымен танымал болған Қадыр Мырзалиев те сол Зәкеңнің туған жеріне деген сағынышын дөп басқан. Сыртта жүрген ақынның да, ғалымның да аңсағаны сол киелі мекенге деген сағыныш сазы:
«Туған жер-ай, күнім де, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем
Керегі жоқ басқа атақ,
Басқа абырой,
Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең!», –
дегенді ақын қалай жеткізген. Таңқалдырып, таңдай қақтыратын жыр жолдары туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, арайлы ақ таңдарын еске түсіреді. Осы оқиғалар еске түскенде, әріптес ұстазға «елге баратын болдыңыз ба?» дегенді айтқым келіп тұратын. Оның қисыны кейін басқа бір қырынан келді.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өзгерістердің бірі ретінде бұрынғы Ақмоладағы С.Сейфуллин атындағы пединститут Ұлттық университетке айналып, оған Л.Гумилев аты берілді. Тез арада бұл оқу орнын жаңа астананың көшуіне байланысты мәртебесін өсіріп, белгілі ғалымдарды осында шоғырландыруға күш салынды. Университетте бірнеше диссертациялық кеңестер ашылып, ғылыми еңбектер қорғалатын болды. Осында филология бойынша қорғалатын диссертациялық жұмысқа оппонент болып қатысуға шақырылдым. Басқа да қорғалатын диссертациялық жұмыстар болып, бірнеше ғалымдар осында жиналған екен. Кешкілік бәріміз бас қосып, әңгіме құрған кезде менің Қарағандыдан келгенімді біліп, Оралдан келген Алпысбай дейтін азамат жақын танысып, жөн сұрасу барысында ағалары Қайролла Нұрмұқанов пен Задан Жұмағалиевті сұрастырды. Осы кісілер біздің Е.Бөкетов университетінің белгілі ғалымдары екендігі мәлім. Бірден «Сіздің сұраған ағаларыңыз аман-есен жүріп жатыр. Екеуі де елі мен жерін сағынып жүр», – дедім.

– Онда ағаларды шақыру керек екен. Бұрын біз мемлекеттік емтиханға шақырып, ғылыми жұмыстарына қатысты келе алмап еді. Онда бірден бұл істі қолға алам. Ағаларға құлаққағыс қылыңыз.
– Міндетті түрде айтам. Сіздің бұл ісіңіз оңынан келіп тұр. Ол кісілер балаша қуанады.
Арада жылдар жылжып өтіп жатты. Біз құрметтейтін Қайрекең мен Зәкең Батыс Қазақстан университетіне екі реттен мемлекеттік емтихан төрағасы болып, бір айдан артық туған жерлеріне барып қайтты. Екі ұстазыма да бұл жағдайды айтқан жоқпын. Себебі, айтқанын орындаған Алпекең азаматтың дегеніне ректор көнбей, факультет түсінбей қала ма деген күдік болған еді. Бәрі де ретімен болып жатты. Кейінгі шақырғанда Зәкеңе ертерек келуді өтініп, лекциялық дәрістер берілген екен. Ол кезде кафедра меңгеруші болғандықтан Задан Тасқалиұлының баруына мүмкіндік жасадым. Бізде де мемлекеттік емтихан мен дипломдық жұмыстар қорғауы өтіп жатқан. Бәрі де бітіп, енді түлектерге диплом тапсыру кезінде Оралдан Зәкең де келіп жетті. Шұрқыраса амандасып, жөн сұрастық. Алғашқы барып қайтқандай емес, бұл жолы ұстазымыз Қарағандыға қайтуға асыққанын айтып күлдіріп алды. Арада оншақты күн өткенде кафедраның оқу жылының қорытындысына қатысты мәжіліс өткізіп, Задан Тасқалиұлының есебін тыңдадық. Сөз соңында Зәкең; «Ол жақтан Қарағандыға қайтуға асығып ем, енді Оралға барғым келіп тұр», – деп сөзін әзілмен аяқтап еді.

Міне, осы сапары соңғы болып қалғанға ұқсайды. Одан кейін ол кісінің елге барғанын естімедім. Университетте ұстаздың бірнеше рет мерейтойлары аталып өтті. «Елге хабар айтайық», – десек, үнемі Зәкең: «Алыс қой. Қайтесіңдер әбігерге түсіріп, келіп кетулері оңай емес», – дейтін.

Өтпелі өмірден мәңгілікке аттанбайтын адам жоқ. Зәкең де фәниден бақиға аттанды. Сексеннің сеңгіріне өтіп, тоқсанға таянғанда өмірден өтті. Қарауыл болған қасындағы дәрігер түнімен күбірлеп, бірдеңе айтпақ болғанын баяндады. Не айтқысы келгенін кім білсін. Балаларына аманат айтқысы келді ме? Жоқ әлде:
«Ақжайық сенің орның ала бөтен,
Таппадым ешбір жайлау далаңа тең.
Өзіңе деген ыстық махаббатты,
Өзіммен көрге бірге ала кетем», – деді ма екен. Кім білсін…

Берік РАХЫМ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button