Қапысыз құрмет – абзал жандарға

        Құшақ-құшақ гүл, риясыз пейіл, кіршіксіз көңіл… Кеше Қарағандыда Медицина қызметкері күні мерекесіне орай, сала қызметкерлеріне тағайындалған облыс әкімінің сыйлығы табысталды.0_003

Ақ желеңділер құрметіне арналған салтанатты жиын облыс орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Рәсімге аймақ басшысы Ерлан Қошанов арнайы қатысты.

Қарағанды облысының медицинасы, тек, ел көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде жоғары бағаланады. Біздің облыста ірі-ірі ғылыми медициналық орталықтар орналасқан. Тарихы өткен ғасырдың басынан бастау алатын бұл орталықтар жыл санап жаңғыру үстінде.

Жыл сайын жаңашыл жабдықтармен жасақталып, заманауи технологияларды енгізу ісі қарқынмен жүзеге асырылып келеді, – деген аймақ басшысы дәрігер мамандардың еңбегіне лайықты баға берді. – Қарағанды қаласындағы медициналық мекемелерді аралау барысында кестеде көрсетілмеген бір емханаға тосыннан бардым. Емхананың шынайы жұмыс процесімен жақынырақ танысуды мақсат еттім. Барсам, бәрі ойдағыдай. Тұрғындар емхана қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Көңілімнен шықты. Бұл – Қарағанды дәрігерлерінің кәсібилігінің биік көрсеткіші деп білемін.

Осы жерде дәрігер кәсібіне ғұмырын арнаған, аймақтың маңдайалды мамандары облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Сонымен…

«Үздік акушер-гинеколог» – Балқаш қалалық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Роза ТЕРЛІКПАЕВА;

«Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» – Нұра аудандық орталық ауруханасының дәрігері Жібек БИЛЬДЕНОВА;

«Үздік педиатр» – Қарағанды қаласындағы балалар ауруханасының дәрігері Людмила ЕЛЯКИНА;

«Үздік терапевт» – Теміртау қаласындағы №1 емхананың бөлімше меңгерушісі Валентина МАРЧЕНКО;

«Үздік хирург» – облыстық медициналық орталықтың отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан КҮЛМАҒАНБЕТОВ;

«Үздік мейірбике» – Саран қалалық орталық ауруханасының мейірбикесі Ирина ШПЕРЛИНГ;

«Үздік денсаулық сақтау саласы ұйымының ұйымдастырушысы» – Қарағанды қаласындағы №3 емхананың директоры Сәния БОРАНҚҰЛОВА.

Кеш шымылдығы түсірілер тұста Нұрлан Күлмағанбетұлымен тілдесудің сәті түсті.

Медицина саласында отыз жылдан артық тер төгіп келемін. Талай қиын операцияларды жасадым. Бірақ, дәл бүгінгідей толқымаған шығармын. Еңбегімді елеп, бағалап отырған облыс басшылығына, облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысым шексіз. Халық алдындағы қызметім билік тарапынан қолдау тауып жатқанына ризамын, – дейді оташы.

Сондай-ақ, Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығындағы оңалту медицинасы орталығының басшысы Отан МАҚЫШЕВ «Мамандыққа адалдық» аталымына ие болды. Республикаға есімі мәшһүр, қолы емсекті оташыға бас сыйлықты Ерлан Жақанұлы тапсырды.

Сәні келіскен жиын әнмен әрленіп отырды. Қазақстан эстрадасының жұлдызы Нұрлан Абдуллин бастаған өнерпаздар қауымы дәрігерлерді төл мерекелерімен құттықтады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.