ЖаңалықтарСпорт

«Қансонарда бүркітші шығады аңға»

Ақмола облысында атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған «Қансонар-2022» аңшы құстармен аң аулау шеберлері арасында халықаралық турнир өтті. Аталмыш турнирде қарағандылық Таңат Оспанқұлов пен Бердібек Сьез жүлделі орыннан көрінді.

Додаға Қазақстан, Түркия, Ресей және Қырғызстанның жеті облысынан 60-қа жуық спортшы қатысты. Турнир үш кезеңде өтті. Әділқазылар алғашқы кезеңдерде құстар мен бүркітшілердің сыртқы келбетін, еркін ұшуын, және иесіне екі жүз метр қашықтықтан оралу қабілетін бағалады. Ал, «шырға тарту» деп аталатын үшінші кезеңде құстардың аң аулауы бағаланды. Қос қарағандылық аталмыш турнирде «Ителгімен аң аулау» аталымы бойынша үздік деп танылды.

– Бұған дейін құсым Самал екеуміз әлем чемпионатына қатысып, топ жарған болатынбыз. Бұл жолы да жетістікке жетіп, бірінші орынды алып жатырмыз. Енді ақпан айында Атырауда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындаламыз. Спорттың осы түрі кейінгі уақытта танымалдыққа ие болды. Алайда, құстарды жарыстарға тасымалдауда біраз мәселе бар. Мәселен, алыс жаққа турнирге бара жатқан уақытта поездға құсты темір торға салып тасымалдауға болмайды. Бұл құстардың мінезіне қатты әсер ететін жағдай. Жарыс алдында үлкен қолайсыздық тудырады – деді Таңат Оспанқұлов.

Ал, Бердібек Сьез  «Бүркітпен аң аулаудың үздік шебері» аталымында жлделі ІІІ орын иеленді.

Аталмыш турнир ата-бабадан қалған ежелгі дәстүрді жандандырып, ұлттық спорт түрін насихаттауға бағытталған. Төрешілер алқасының құрамына ұлттық спорт түрлері комитетінің өкілдері мен еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі сарапшылар кірді.

gov.kz.

Басқа материалдар

Back to top button