Руханият

«Қансонарда бүркітші шығады аңға…»

Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінде саятшылықтан облыстық чемпионат өтті. Ұлттық рух пен ата кәсіптің асқақ көрінісіне айналған бұл додаға өңірдің қала-аудандарынан 25 тәжірибелі құсбегі қатысып, қыран құстардың бабын, өздерінің шеберлігін сарапқа салды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Сарабдал сабырды, аса ықтиярлықты талап ететін қазақтың төл өнері қазіргі қоғамда да төрден табылуда. Чемпионат барысында бүркіт, ителгі және қаршыға санаттары бойынша үздіктер анықталды. Әр санатта қыранның аңға түсуі, ұшу мәнері мен дәлдігі қатаң сынға алынды.

«Бүркіт» санаты бойынша Қарағанды қаласындағы «Қайрат» мектебінің өкілі Жәнібек Ерболатұлы топ жарып, жүлделі орындарға Бұқар жырау ауданы Тасшоқы ауылынан Нұрәділ Есенгелді мен Шет ауданынан Абылай Қанат ілікті.

«Ителгі» санатында бұқаржыраулық Темірәлі Төлегенұлының бағы жанды. Ол Доскей ауылының намысын қорғады. Ал, күміс пен қола жүлделерді Тасшоқы ауылынан Арман Матей мен Қарағанды қаласындағы «Қайрат» мектебінің шәкірті Нұрасыл Ерболат иеленді. «Қаршыға» санатында Қарағанды қаласының спортшысы Серік Кәріпов жеңімпаз атанса, Шалқар ауылынан Әлихан Уәлиев пен «Қайрат» мектебінің тағы бір өкілі Абылай Матей жүлдегерлер қатарынан көрінді.

– Мен Жұлдыз атты ителгіммен өнер көрсеттім. Бағдарлама үш кезеңнен тұрды. Қолға шақыру, далбай айналдыру және қоянға салу. Барлық кезеңде жоғары ұпай жинадық. Бұл доданы ұйымдастыру арқылы ұлттық спортқа деген құрмет көрсетілді. Алдағы уақытта республикалық жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғауға ниеттіміз, – деді жеңімпаз Темірәлі Төлегенұлы.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысу құқығына ие болды. Чемпионат Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Бұқар жырау ауданы спорт бөлімінің және «Сарыарқа құсбегілері» облыстық федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Ата кәсіптің жүлгесі үзілмей, уақыт озған сайын саятшылық сайысы өскелең ұрпақтың санасына сіңіп, ұлттық мұра лайықты түрде ұлықталып келеді. Дала мәдениеті, ерлік пен сертке адалдыққа негізделген бұл дәстүр бүгінгі күнде де өз мәнін жоймайтыны хақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button