Руханият

Аншлагпен өткен ақын тойы

Ақын, жыршы Тілеген Әділов 50 жасқа толып, со­ған орай Кеншілер мәдениет сарайында «Біздің жүрек сіз үшін жыр жазуда» атты шығармашылық кешін өткізді. Ақынның тойына алыс-жақыннан игі жақсының бәрі жиылды. Өлеңге су­сап келген жұрттың көбіне орын жетпей, поэзияны тік тұрып тыңдады. «Ақынның тойы» деп ауыз толтырып айтатын кеш болды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Бірінші бөлімде Сәкен театрының актерлері ақынның өлеңдерін оқыды. Жастық шақтағы сарқыраған көңілдің өлеңдерінен бастап өмір турасында толғанған аға Тілегеннің пайымды өлеңдеріне дейін қамтылды. Ақынның мінезі мен кеудесін толқытқан ұлы сағыныштың иісі аңқыған «Тарлан- көк» өлеңіне театрландырылған көрініс қойылды. Бұл туындыдан Бұғылы мен Тағылыда тұлпар мініп, саятшылық құрған жырау­дың жан сөзі естіледі. Актерлер де кеш иесінің образын көркемдік деңгейде жеткізе алды. «Жалғыз досым бар менің» өлеңінде бес күндік жалғаннан өзіндік шындығын іздеп бұлқынған жүрек Жаратқанға жалбарынып, жұбаныш пен сабыр іздейді.

Айтыскер ақын Мақсат Ақанов пен Дидар Қами айтысты. Қос ақын Тілеген Әділовтің ақынды­ғын, азаматтығын жырларына ар­қау етті. Бұл кеште қос ақынның ай­тысуы заңды. Себебі, Тілеген Әділов – айтыста да қарабайырлықтан ада көркем тіркестерімен жарқыраған талант иесі. Республикалық сөз бәйгесінде аймақ абы­ройын талай асқақтатқанына ха­лық куә.

Астанадан Қазақстан Респуб­ликасы Парламент Мәжілісінің тө­рағасы Ерлан Қошановтың құт­тықтауын айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аман­жол Әлтаев жеткізді. Ерлан Қошановтың хатын оқығаннан кейін өзі де лебізін білдірді, шапанын жапты.

– Соңымнан ерген жақсы бауырым, 50 жасың құтты болсын! Ақыннан бұрын абыройлы, кең пейілді, адамдардың бәріне құшағың ашық азаматсың. Халқыңның саған деген құрметі бөлек. Кеншілер мәдениет сарайында ине шаншыр орын жоқ. Бұл көрініс – сөзімнің дәлелі. Өнердегі ағасы марқұм Сейіл Аяған «Тілегенді тыңдағанда, жыраулардың заманына тап болғандай күй кешесің» деуші еді. Шынымен де солай. Бабалардың асыл мұрасын бойына әбден сіңірген. Жырларыңнан жыраулардың үні естілетіні содан. Тілеген ақын – Арқаның мақтанышы деп зор сеніммен айта аламын, – деді Аманжол Әлтаев.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лекпаевтың сәлемін облыс әкімдігі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев жеткізді. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров та туған жерден азаматтарды бастап келді. Шапанын жауып, астына тұлпар мінгізді. Сөйтіп, аудан халқының атынан құрмет көрсетті.

Кешті айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов жүргізді. «Жалғыз досым бар менің» және «Тарланкөк» атты екі кітаптың тұсауы кесілді.

Қазақ эстрадасының жұлдыз­дары Роза Әлқожа мен Тоқтар Серіков қадірменді меймандардың қатарында. Олар да сахнаға шығып, әннен шашу шашты.

Бұл кешті көрген де арманда, көрмеген де арманда. Поэзия кеші аяқталғанға дейін көрермен тік тұрып тамашалады. Соған куә болған біз Тілеген ақынның, Ті­леген жыраудың абыройы мен бе­делін көрдік. Халықтан асқан дана жоқ. Кімнің кім екенін халық жақсы біледі.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button