Ресми

Қандай көлік тіркеледі?

Мемлекет басшысы елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы жариялағаны белгілі. Осы мақсатта қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, Үкімет ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың, көлігі тіркелмеген жеке тұлғаларды кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті.

Ереже ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни, 2023 жылдың 23 қаңтарында күшіне еніп, сол күннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады. Бекітілген ережеде автокөліктер қандай жағдайда 200 000 теңге алымы төленіп, утиль алымынан босатыла отырып, заңдастыруға жататын нақты алғышарттар белгіленген. Біріншісі, көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек; екіншісі, іздеуде болмауы қажет; үшіншісі, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс; төртінші, кедендік тазартудан өту керек.

Ереже 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болмақ. Жеңіл автокөліктерге, салмағы бес тоннаға дейінгі автобустарға, 3,5 тонналық жүк көліктеріне әрі оң рөлді автокөліктерге қолданылады. Бастапқы тіркеуге жататын шетелдік көліктердің жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Журналистердің «Автокөліктерді заңдастыру қалай жүзеге асырылады?» деген сауалына облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев жауап берді.

– Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Осыған орай, арнайы автоцондарда бейінді секторлар ұйымдастырылады. Сектор қызметкерлері автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды ғана жүзеге асырмақ. Ол жердегі әкімшілік полиция қызметкері заңдастыру тәртібін түсіндірумен шұғылданады. Мемлекеттік кірістер органдарының бір өкілі де сол жерде қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді, – деді спикер.

Есте сақтау қажет, жүгінуші мына төрт құжатты ұсынуы керек: өтініш; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат; көлік құралының паспорты, яки, көлікті тіркеу туралы куәлік; меншік құқығын растайтын құжат. Бұған мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес, мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда сенімхат, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болады.

Құжаттар тапсырылған соң көлік автоцонның тексеру пунктіне жөнелтіледі. Тексеру жұмысын ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді. Тексеру амалы өткеннен кейін екі күн ішінде темір тұлпарды заңдастыруға болатыны не болмайтын жөнінде шешім шығарылады. Бүгінде бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған. Автокөліктің шекарадан өту есебі оның сәйкестендіру коды (VIN коды) бойынша жүргізіледі. Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі, ал, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өту қадағаланады.

Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже туралы және көлігін тіркеу үшін арнайы автоцонға келуі туралы қысқа хабарлама жолданады. Меншігін тіркеуге қайта келген көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге алымын, техникалық паспорты үшін 4 313 теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ, мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде алым төлеп, құжат түпнұсқасын автоцон қызметкеріне тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасында уақытылы тіркеу туралы талаптарды сақтауы қажет. Заңдастырудан өтпейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдалануда деп есептеледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button