Жаңалықтар

Қанатымды қатайтқан “Орталық”

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті бала кезден менің журналистикаға деген қызығушылығымды оятқан газет-журналдардың қатарынан. Ауданнан жететін, облыстың бас газетін ауыл болып бәріміз күтетін едік. Ол кезде халық әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы емес, тек теледидар мен газет арқылы ел хабарын біліп отыратын. Анам жазылған «Ortalyq Qazaqstan» газеті пошташы апайдың таратуымен мектепте жүрген менің қолыма тиетін. Үйге жеткенше өзіме ұнайтын тақырыптағы мақалаларды қарап шығамын. Облыстық газет беттеріндегі әдеби мақалалар мен саяси және мәдени жаңалықтарды оқып, үлкен газетте үлкен жүректі көп оқыған адамдардың жұмыс істейтінін ойлап, ұжымның жұмысын да өзімше көз алдыма әкеліп елестетіп отыратынмын.

Мен үшін халықтың құлағы, көзі, һәм тілі қызметін атқарып отырған өресі биік газеттердің бірегейі болды. Онда қызмет ету арманыма айналды. Осылайша, бала арманымды орындауға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Оқып жүріп, I курсты тәмамдағаннан кейін газет поштасына «Алтын көпір» атты мақаламды жібердім. Көп ұзамай мақалам жарық көріпті. Сол кездегі қуанышымды тіпті, қазірде сөзбен жеткізе алмаймын. Мақала өзім барып жүрген кітапхана жайында жазылған. «Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір» деп қол жетпес арман көрінген үлкен газетімізге алғашқы мақалам осылайша жарық көрді.

IV курс университет қабырғасындағы соңғы жылымыз болғандықтан 3 айға созылған өндірістік іс тәжірибеден өтеміз. Мен көп ойланбастан «Орталық Қазақстан» газетіне бардым. Ұзақ уақыт көлемінде өткен тәжірибеден үйренгенім көп. Облыстық газет редакциясының мықты мамандарының жолын қуып, жақсы маман болуға талпынамын. Ғимаратқа кірген бойда қайда келгеніңді сезіне бастайсың. Кірген беттегі кішкене үстел үстінде қайда келгеніңді есіңе бір түсіргілері келгендей газеттер жиналып тұрады. Және кіре берістен бірі келіп, бірі кетіп жататын журналистерді кездестіресіз. Ақпарат жинап келуге шығып кететін журналистер оны әкеліп теріп, қорытып ертеңгі нөмірге дайындайды. Облысымызда, қалада болып жатқан іс-шаралардың бірі ескерілмей қалмай, жарияланады. Газеттің бір нөмірінің жарыққа шығуы үшін атқарылатын зор еңбектің бір кішкене бөлігімен таныстым.

Біз төрт студент болып тәжірибелік сынақтан өтуге келдік. Алдымен Нұрқанат Қанапия ағаймен танысып, кейін директор Қамбар Ахмет ағаға кіріп, тәжірибелік сынақтан өтуге келгенімізді айттық. Қамбар аға болашақта газет айналысында қызмет етуге деген көзқарасымызды сұрап, ақыл-кеңестерін айтты. Ал, газеттің бас редакторы Ерсін Мұсабек аға өте білімді әрі қамқор басшы. Біздің ыңғайымызға қарай әр бөлімге бөліп, жетекші тағайындап берді. Мен мәдениет, руханият, әдебиет бөлімін таңдап, маған ақын, журналист Жәлел Шалқар аға жетекшілік етті. Жәлел аға жастарды қолдап, көзқарасына еркіндік беретін түсінігі мол жан. «Жастар ғой, ой-пікірлерін айтсын» деп отырады. Жәлел аға жазылған мақаланы бас редакторға дейін бірнеше қызметкерлердің алдынан тексеруден өтетінін айтып түсіндірді. Ол дегеніміз мақала оңайлықпен жарияланбайды сол үшін дұрыс тақырып таңдап, мәнді мақала жазуды ойлау керек.

Алғашқы тапсырма еркін тақырыпта жазуға берілді. «Періште» деп аталып қыс мезгілі көрінісі жайында жазылып, жарияланды. Жетекшім қателерімді түзетіп, қатемен жұмыс істеуді тапсыратын. Ең қызықты тапсырма «Абай жолы» романының желісімен түсірілген телехикаяны көріп шығып, ол жайында мақала жазу болды. Тапсырманы орындап, келесі бір мақала жарияланды. Ағай өзінің оқыған дүниелерін де айтып, оқуға ұсынып отыратын. Сондағысы осылай жазуға да машықтана беріңдер дегені. Кейін «Жыр жауһар» шығармашыл жастар орталығының он бес жылдығына арналған мақала, Түркияда білім алып жатқан қарағандылық жас Абай Омар жайындағы мақала,«Мен үшін Валентин әулие емес» атты Валентин күніне өз көзқарасымды білдіріп жазған мақалалар жарық көрді. Арасында жас тілші Ербол Ерболат ағаның «Жастар» бетіне де мақала беріп жүрдім. Әр мақалада менің емес, жетекшім Жәлел Қуандықұлының еңбегі зор болды.

«Ortalyq Qazaqstan» газетіне жарияланған әр мақала оқылмауы мүмкін емес. Әр материалдың жеке өз оқырманы бар. Газет ұжымында қызмет ететін тілшілер – жазу мен оқуды жақсы көретін, әдебиетке жақын ақын-жазушылар. Сондай жандардың қаламынан туған мақалалар осы уақытқа дейін халық көңілінен шығып келеді.

Дияна САҒЫМБЕК, облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық қамтамасыз ету және әлеуметтік технологиялар бөлімі инспекторы.

Басқа материалдар

Back to top button