Қанаты қатайған фабрика

Виктор Колчаев қора-қора қой өсіріп, үйір-үйір жылқы айдап отырған жоқ. Бірақ, бұл кейіпкеріміздің «Ақнар» ЖШС кәсіпорыны өңірге белгілі. «Қайдан естідім?», «Неден көрдім?» дерсіз. Дүкен сөрелеріндегі «Ақнар құс фабрикасы» ЖШС атауымен шығатын құс еттері осы кейіпкеріміздің фабрикасынан. 2002 жылдары шетелден «Бройлер» тұқымды тауығын алып, Бұқар жырау ауданы орталығына әкелген болатын. Бүгінде шағын кәсібі үлкен фабрикаға айналып, өнімдері өңірдегі ірі сауда орталықтарында саудалануда.

«Бройлер» тұқымды тауық – етті әрі ірі. Сонау жылдары кәсіпкер шетелден тауықтың осы түрін алдырып, кәсібін дөңгелете бастаған. Әуелі, Сібір ғылыми-зерттеу институтының мамандары мен Израильден кеңесші шақыртып, арнайы дәріс үйренген. Одан қала берді, Венгрия, Израиль, Ресей, Украина және Жапония елінің мамандарының көмегіне жүгініп, тәжірибе жинаған.

«Ақнар құс фабрикасы» ЖШС – өңірдегі ірі кәсіпорындар­дың бірі. Олай дейтініміз, біріншіден, кәсіпкеріміз тауықты өзінің Ботақарадағы фабрикасында өсі­реді. Одан бөлек, осы жерде сою және құс етін өңдеу, дайын өнімді орау және жөнелту цехы орналасқан. Тіпті, жем шығаратын жеке жем зауыты да бар. Бүгінде үл­кен төрт бірдей орталықтың жұмысын 340 адам өрге домалатып отыр.

– Әу баста кәсіпті екі қора тауықпен бастаған едік. Бүгінде 27 құс қорасы бар. Барлығы да аудан орталығының маңында ор­наласқан. Құс қоралары 45 гектар жерді алып жатыр. Бұның ішіне жем зауыты мен екі цех кірмейді. Тауық еттерінен бөлек, ауыл шаруашылық жануарларына арналған жем шығарып отыр­мыз. Бұны өзіміз пайдаланудамыз. Жем зауытында жылына 45 мың тонна өнім өндіріледі, – деді «Ақнар құс фабрикасы» ЖШС директоры Виктор Колчаев.

Қазіргі таңда тек бір ғана тауық тұқымы өсіріледі. Бүгінде жалпы 500 мыңнан астам тауық бар. Сою цехында сағатына 3000 тауық сойылып, орау және жөнелту цехына жіберіледі. Тауық еттері арнайы қаптамалармен қапталып, сатылымға жөнелтіледі. Айта кетейік, аталмыш кәсіпорын жыл сайын 8200 тонна құс етін өндіреді. Ал, басты тұтынушылардың бірі – «Қарағанды нан компаниясы» ЖШС.

– Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алғанбыз. Нәтижесінде өнім көлемі артып, оң нәтижесін берді. Енді тағы 10 құс қорасын салып, қосымша 100 адамды жұмысқа алу жоспарлануда. Сөйтіп, өнім көлемін одан әрі арттырып, құс еттерін тек аймаққа емес, күллі республикаға импорттау көзделіп отыр. Одан бөлек, жем зауытына да біршама өзгерістер енгізсек пе дейміз. Жемді түйіршіктеу технологиясын енгізіп, импорттау қажет, – деді Виктор Колчаев.

Фабрика – елдегі сала кәсіпорындары арасындағы бәсекеге қабілетті кәсіпорынның бірі. Өндіретін өнімінің саны да, сапасы да, тіпті, бағасы да көптің көңілінен шығып үлгерген. «ҚМДБ халал» стандарты бойынша сертификатталған.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.