«Қыстың қамын жаз ойла». Облыс алдағы орақ науқаны мен жылыту маусымына дайындығын пысықтады. Мәселен, биыл 909 мың гектар алқаптан астық жинау жоспарлануда, бұл ретте жаппай егін орағы қыркүйек айында басталады. Аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ауыл шаруашылығы техникасын уақытылы дайындауды және арзандатылған дизель отынын жеткізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігін атап өтіп, қысқы кезеңге дайындыққа ерекше назар аударуды қадап тапсырды.
Осы ретте жекелеген шаруашылықтар жұмысқа кірісіп те кеткен. Алдағы жоспарлары туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов хабарлады.
– Биыл дәнді дақылдар жинау алаңы 909,3 мың гектарды құрайды, оның ішінде, бидай – 766,6 мың гектар. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдары 34,9 мың гектар алқапта майлы дақылдарды, 11 266 гектар – картоп, 979,3 гектар көкөніс жинауы тиіс, – деп атап өтті Сырым Бошпанов. – Бүгінде Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының жекелеген шаруашылықтары егін жинау жұмыстарына қызу кірісті.
Алдын ала болжам бойынша орташа өнімділік гектарына 9,8 центнер құрайды. Фермерлер 887,9 мың тонна астық, оның ішінде, 749 мың тонна бидай жинауды жоспарлап отыр. Егістікке 2 мыңнан астам астық жинайтын комбайн шығады. 3500-ден астам техника комбайндар астық жинауға жұмылдырылады. Ал, шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Облыста астықты сақтауға арналған сыйымдылықтар да жеткілікті. Олардың барлығы жаңа егін жинауға дайын.
Өз кезегінде аймақ басшысы ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы дақылдарын уақытылы және қалдықсыз жинауды қамтамасыз етуді тапсырды.
– Егін жинауға қатысатын ауыл шаруашылығы техникасын толық дайындау қажет және арзандатылған дизель отыны уақытылы жеткізілуі керек. Астықты қабылдау пункттері мен кептіру амалдары бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар тәулік бойы жұмыс істеуі тиіс. 2025 жылы отырғызуға қажетті тұқым мөлшерін қамтамасыз етіңіздер. Егістіктерді күзгі азықтандыру үшін минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша алдын ала жұмысты ұйымдастыру керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Осы мерзім аралығында қарағандылықтарға ертерек көмір түсіріп алған тиімді. Аймақта энергия көздеріндегі жабдықтарды жөндеу де жүйелі негізде жалғасуда. Барлық станциялар көмір жеткізуге келісімшарттар жасасып, қоймаларға отын әкелу басталды. Облыс тұрғындарын да көмірді мерзімінен кешіктіріп алмай сатып алуға шақырады.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау 78% құрайды. Оның 472 бірлігі – жергілікті жылу көздері. Бүгінде 1800 шақырымнан астам инженерлік желілер, 894 әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар және 4388 көпқабатты тұрғын үйлер дайындығы қамтамасыз етілді, – деп хабарлады энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте.
Облыстың энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жалғасуда, көмір мен мазут сатып алынады. Жергілікті қайнар көздер мен халықтың ең негізгі қажеттілігі үшін көмір жинақталуда. Өңір басшысы бағаны көтеру туралы астыртын сөз байласу үрдісі белең алмас үшін сату пункттерін ұдайы бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындық барысы туралы қала әкімдері есеп берді.
– Қарағандыда екі жылу электр орталығында 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс кесте бойынша жүргізілуде, – деп хабарлады Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.
– Қалада барлық қайталама гидравликалық сынақтар өткізілді. Қазір анықталған ақаулар жойылуда. 2582 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 1938-і – қысқа дайын. Бірқатар проблемалық үйлер анықталды. Оның нақты саны – 15, бұл үйлер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар үшін сатып алынатын көмірдің сапасын тексеру жөніндегі комиссия құрылды, – деді Мейрам Кожухов.
Биыл үшінші жылу шығару құбырын іске қосу көзделіп отыр. Шамамен 3 шақырым желіні төсеу және қысымын тексеру мен толтыруды бастау ғана қалады. Осы жылы орталық жылытуға үш әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысан және қаланың Пришахтинск бөлігіндегі Шахтерский кентінің 40-қа жуық тұрғын үйі қосылады.
Өңір басшысы басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдердің мойнына жылу беру маусымына дайындық кезінде әр мәселеге дербес жауапкершілік арқалайтынын еске салды.
– Жылумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Сіздердің әрқайсыларыңыз жеке жауап бересіздер. Күзгі-қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен тұрғын үй қорын сапалы даярлауды қамтамасыз ету қажет. Көмірді жергілікті жылу көздеріне уақытылы жеткізуді ұйымдастыру керек. Көмірді алдын ала сатып алу туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Энергетикалық қадағалау департаменті станциялық жабдықтар мен электр беру желілерінің жылу беру маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»