Жаңалықтар

Амантай Ибраев: «Театр ғаламның суреткерлік келбетіндей…»

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры биыл жарты ғасыр­лық мерейтойын атап өткелі жатыр. Бұл – Арқа төсіндегі бай дәстүрі бар қасиетті өнер ошағы. Бұл – алдымен оперетта театры. Сондықтан да, оның өзіне тән сахна рухы, көркемдігі, нәзіктігі мен әсемдігі менмұндалайды. Театр өмірінің жай-күйі турасында ұжым басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Амантай Ибраевпен сұхбат құрғанды құп көрдік, қымбатты оқырман…

– Амантай Темірбайұлы, музыкалық комедия театры – жарты ғасыр­лық бай тарихы бар эксклюзивті театр деп айтсақ болар. Театрдың бірегей ұжымы мен ішкі ұйымы турасында тоқталып өтсек…

– Театрдың репертуарында 250-ден астам қойылым бар. Олардың ішінде әлемдік классика саналатын И.Кальманның «Баядера», «Сильва» мен «Марица», И.Штраустың «Цыганский барон» және «Летучая мышь», Ф.Легардың «Весёлая вдова», Г.Канчели­дің «Проделки Ханумы», Г.Гладковтың «Собака на сене» сынды ерек авторлардың туындыларын атап өтуге болады.

Театр репертуары жыл өткен сайын жаңа премьералармен толығып отырады. Балет, опера, мюзиклдерді сахналаумен қатар, жаңа қойылымдарға отандық және шет­елдік режиссерлерді, хореографтар мен композиторларды арнайы шақырып, тәжірибе алмасып отыру театр өнерінің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Бұл жаңа мәдение­тіміз бен театр өнеріне деген үлкен жауапкершілікті айғақтайды.

Ұжымда 300-ге жуық адам қызмет етсе, оның 150-ден астамы – актер. Біздің труппада Қазақстанның қос бірдей еңбек сіңірген қызметкері, екі «Мәдениет саласының үздігі», төрт «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегерлері, халықаралық байқаулардың лау­реаттары, халықаралық фестивальдер дип­ломанттары, «Құрмет» орденінің екі кавалері, Қазақстан Президентінің «Құрмет» грамотасының иегерлері және көптеген облыс әкімінің және Мәдениет басқармасы­ның жүлдегері, қаланың, облыстық және рес­публикалық деңгейдегі дипломдар иегерлері бар.

– Тамаша. Осы орайда театр тарихына көз жүгіртсек…

– Қарағанды музыкалық комедия театры 1973 жылы КСРО музыкалық театрларының арасында ең жас ұжым болғанын еске алуға тұрарлық. Өнер ошағы таңғаларлық қысқа мерзімде құрылды. Сол нау­рыз айында Қарағанды қаласында музыкалық комедия театрын ұйымдастыру туралы ҚазКСР Үкіметінің қаулысы шықты. Міне, сонымен 16 қарашада музыкалық театр тұң­ғыш рет шымылдығын ашты.

Сахнада ол кезде елге кеңінен танымал И.Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасының кейіпкерлері өмір сүрді. Көрерменмен алғашқы жүздесу естен кетпес қуаныш пен таңғажайып тамаша сәттер сыйлады. Осындай тамаша романтикалық оперетта театр өмірбаянының басы болды. Теміртау қаласында Сарыарқаның жас музыкалық театры өз өмірін осылай бастады.

Театрды құруда облыстық мәдениет бас­қармасының бұрынғы бастығы, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мақат Рымжанов жан-жақты қол­дау көрсеткенін тебіреніспен еске аламыз.

Жылдар жылғадай жылжып жатты. Ізденіс, өкініш, табыстары қатарласқан театр 1980 жылы Теміртау қаласынан Қарағанды қаласына көшіп келіп, Кеншілер мәдениет сарайына жапсарлас салынған дербес ғимаратқа қоныстанды.

Бұл кезде театр шығармашылық тұрғыда жетіле түсіп, жоғары орындаушылық кәсібилікке ие болды. Осы бір аралықты өнер ордасының «Күміс ғасыры» деп атасақ жарасар.

– Көрермен сіздің келуіңізбен театр репертуарына заманауи, шетелдік классика негізіндегі спектакльдер ойналатынын атап өтуде. Басшы болғаныңызда қызметте нендей тың шешімдер қабылдадыңыз? Жоқ, әлдебір қиындықтарға тап болған кезіңіз болды ма екен?

– Өзімнің ішкі күйімді әуел баста қалып­қа келтіру үшін бәрінен сырт айналып, әлдебір ситуациядан бейтарап болуға талпынамын. Содан кейін, ақыл суытып барып қана, сіз әдеттегі жолға ораласыз, өйткені жұмыс барысында кейде күрмеуі шешілмейтін жағдайлар болады. Егер сіз ондай жайттарға үнемі жауап бере берсеңіз, онда күресінде қалуыңыз ықтимал… Сондықтан, әріптестеріммен жүздескенде алдымен «Қалай демалып жатсыңдар?» деп әзілдеймін. Мұндай диалогтар ұжымға тосын болғанымен, емен-жарқын көңіл күй сыйлайды. Бүгінде театр ұжымы жаңа кәсіби деңгейге шығып, көптеген ұйымдастырушылық мәселелерді өз бетінше шешуге, репертуар­ды таңдау еркіндігіне және әлемнің жетекші әртістерін, қоюшылары мен дирижерлерін шақыруға мүмкіндік алды. Айта кету қажет, Қарағанды музыкалық комедия театры – Қазақстандағы осындай ерек жанр­лық бағыттағы жалғыз театр. Театрдың бұндай бірегейлігінің сыры бір демде әр түрлі бағыттағы жұмысының жалғастығында жатыр. Әр спектакльдің шығуы күрделі құрылым. Өйткені, бір қойылымның өн бойында хор, оркестр, балет және әрине, әртіс-вокалистер өнер көрсетеді. Талап өте жоғары. Актерлеріміз вокалдық қабілетке ие болып қана қоймай, сонымен қатар тамаша актерлік шеберлікке ие болуы, жақсы билеуі және тіпті кейде іс жүзінде цирк трюктерін орындай білуі маңызды.

Әлбетте, бүгінгі күннің бәсекелестік ты­нысын ескере отырып, жұмысымызды ауық-ауық қайта қарап, үнемі жетілдіріп жүреміз. Мәселен, театрдың қазіргі заманғы интернет кеңістігіне қатысуын кеңейтеміз, бұл біздің аудиториямызды кеңейтуге, әлеу­етті көрермендерімізді тартуға мүмкіндік береді. Біз өндіріс үдерісінде де жаңа инновациялық әдістерді енгізудеміз.

– Театрдың мерейтойына даярлық қалай?

– Мерейтойға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Біз көптеген қызықты жобаларды жоспарлап, жыл басынан бастап жүзеге асыра бастадық. Алдымен жетекші вокалистердің, театр оркестрінің сүйемелдеуімен балет әртістерінің жеке концерттерінің циклін атап өткім келеді. Одан соң, айтулы әртістер, сахна шеберлері, өнер ошағына үлес қосқан әрі өкінішке қарай арамызда қазір жоқ есімдерді ұлықтау бағдарламаларының тізбегі. Бұған театрдың 50 жылдығы аясында жыл сайынғы фестивальдар өткізуді қосыңыз. Маусымның алғашқы күндерінде «Кукляндия» V ашық қуыршақ театрларының фестивалі өтеді. Оған қатысу үшін еліміздің әр қаласынан, алыс шетелден келген режиссерлер, қуыршақ әртістері қатысады. Күзде кезекті халықаралық «Досstar» фестивалі. Еліміздің Астанасына үлкен гастрольдік сапар жос­парлап отырмыз, онда біз Астана Опера сахнасында өнер көрсетеміз. Әрине, біз мерейтой күнінде театрдың барлық достары мен жанкүйерлерін шақыра отырып, үлкен концерттік бағдарлама дайындаймыз. Қазіргі уақытта театр туралы кітап пен фильм шығару жұмыстары жүргізілуде.

– Спектакльдердің орыс тілінен қазақ тіліне немесе керісінше синхронды аудармасы жүргізіле ме?

– Театрда әлі синхронды аударма жоқ. Бірақ болашақта бізде мұндай мүмкіндік пайда болады деп үміттенеміз. Есесіне концерттік репертуарды, Ростов қуыршақтарының балалар студияларының ағымдағы репертуарын және «Буратино» театрының студиясын мемлекеттік тілге аудару бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Қазақ тіліндегі шығармаларды орындауға келетін болсақ, сахнада қазақ және қазақстандық композиторлардың шығармалары үнемі орындалады, тақырыптық кештер өткізіледі.

– Театр ендігіде неге басымдық бермек?

– Театрдың жарқын болашағына келетін болсақ, біздің басты миссиямыз – біздің теа­тр туралы барлық жерде насихат жұмыстарын жүргізу. Уағыздалмасаң, уағыздаласың. Сон­дықтан, түрлі фестивальдер ұйымдастыруды және оларға белсенді қатысуды, жаңа жобаларды енгізуді жалғастырамыз. Әрине, бізді жаңа премьералар, гастрольдер күтіп тұр. Театр өзі ғаламның суреткерлік бейнесіндей қастерлі ұя. Өйткені, мәдениет – бұл әр халықтың негізгі құндылығы. Өлмейтін өнер арқылы біз дүйім елді рухани байытып, тарихымызды таразылаймыз. Біздің өмір сонысымен мәнді…

– Тебіреніске толы әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button