Руханият

Аманат өнердің аламаны

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды мен Павлодар командалары арасында ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған республикалық командалық айтыс өтті. Айтыс ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері арасында өткен өнер сайысының шымылдығын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев түріп, жылы лебізін білдірді.

Суретті түсірген Ақжол Асан

Бұл байқау 2024 жылы басталған еді. Содан бері байтақ Арқадан Атырауға, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі ұлы даланың төрт құбыласын түйістіріп, 20 команда бақ сынасты. Ұлы бәсеке бүгінде мәресіне жетіп қалды. Бірінші айналымда жеңіске жеткен командалар екінші кезеңде бақ сынасуда. Былтыр Қарағанды облысы Абай облысымен кездесіп, жеңіске жеткен еді. Ал, Павлодар облысы Ақмола облысының командасын жеңіп, осы кезеңге жолдама иеленген. Енді қос команда арасында жеңіске жеткен жеңімпаз – жартылай финалға жолдама еншілейді.

– Айтыс өнері ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың асыл қазынасы. Бабадан мұра болып келе жатқан сөз өнері бүгінде жаңа сипатқа ие болып отыр. Соның бір нақты айғағы – командалық айтыс. Бүгінгі айтыс екі облыс арасындағы ежелден тарихи сабақтастықты жалғастыруда. Сондықтан, бұл айтыс көрермен қауымға рухани қуаныш сыйлайды деп сенемін, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Айтыс тізгіні ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтайда. Ол өз сөзінде көрермендерге жылы лебізін білдіріп, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Әрі айтысатын ақындардың жұбын хабарлады.

– Бүгінгі айтысымыздың тақырыбын һәкім Абайдың «Талап, еңбек, терең ой» деген өлеңімен қоюымыздың да өзіндік себебі бар. Адамзаттың ақыл ойының асқағы Һакім Абай «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат рақым ойлап қой» деп бес асыл істі адамзат баласына үлгі-өнеге етті. Қарағанды жұрты һәкімнің осы бір сөзін ұран қылып, байрақты бәсекенің туын көтерді. Ұлттық өнерді ұлықтаған аламан жарыс құтты болсын! – деді Аманжол Әлтай.

Осындай ұлттық мерекеде сүйіншіні баладан, жастардан сұрататын. Сол бір қазақы дәстүрге сай Қарағанды облысының командасын таныстыру мәртебесі жас ақын Жантас Тілеубекке берілді. Ал, Майраның елін ақын Жанел Қизатова таныстырды. Облыс құрамасының сапында Айтпай Жұмағұл, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Дидар Қами, Нұрмұхамемед Байсүгіров, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Аркенов, Балқан Смағұлов сынды дүлдүлдер өнер көрсетті. Сахнаға алғашқылардың бірі болып шыққан жұп Тілеген Әділов пен Тілек Сейітовтің өнеріне көрермен зор ықыласын білдірді. Биылғы «Күміс домбыра» иегері Нұрмұхаммед пен Рауан Қайдардың да өнеріне қалың жұрт сүйсінді. Дидар Қами мен Ерлан Аманқожаның өнеріне дүйім жұрттың қошеметі ерекше болды. Ал, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов Абзал Қабырашпен жұптасып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байқау қорытындысы бойынша айтыскерлерге 500 мың, өнерпаздарға 250 мың теңгеден табысталды.
Айтыс қорытындысы бойынша 197-196 ұпайымен, яғни, бір ғана ұпай айырмашылығымен Қарағанды облысының командасы жеңімпаз атанды. Енді жерлестер Астана құрамасымен жартылай кезеңде бақ сынасады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button