Бас тақырып

Аманат арқалағандармыз

Ұлт баспасөзінің Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстанның» мерейтойы – ормандай оқырманның ордалы қуанышы. Өйткені, «Орталық» пен оқырман егіз ұғымға айналып кеткелі ғасырға жуықтады. Тоқсан жыл топта толғап, қазыналы өлкенің қан тамырында рух болып бұлқынған байырғы басылымның бағы да – оқырман, бағасы да – оқырман.

Тарихы терең, дәстүрі бай басылым ретінде ұлт баспасөзі тарихының төрінен орын алдық бүгінде. Дегенмен, «Орталықтың» тағдыры жеңіл, соқпағы даңғыл болды дей алмаймыз.

1931 жыл. Қанды ғасырдың қасіретке малынып, қанмен жазылған шежіресіндегі қаралы кезең ұлтымыздың жаралы жүрегін паршалап жатқан. Көмірлі Қарағандының қайлалы кеншісі айлалы империяның түпкі мақсатын қайдан ұғынсын?! Сол тұста көмір шаңына көмілген Қарағандыға сәуле шашыраған. Ол – өздеріңіздің сүйікті «Орталықтарыңыз» еді, ойлы оқырман.

Иә, өзінің соқтықпалы-соқпақсыз тағдырында тарпаң басылым қазақ шеккен қасіретті шеге жүріп, ұлтқа қалтқысыз қызмет етті. Алып империяның даланы да, сананы да отарлау саясатына ашық болмаса да, астарлай қарсылық білдіріп, мүлгіп кеткен саналарға саңылау тауып, сыналап сәуле түсіруге ұмтылды. Алғашқы редакторларының атылып я болмаса айдалып кетуінің астарында дәл осы ақиқат жатыр. Ақиқатпен қыз алыспас ағайындай болып, Алаш көгінде алдаспандай жарқылдаған «Орталық» сонау жылдардан бері осы мінезінен айныған жоқ. Дәуітіне сия емес, қан құйылған қаламгерлер қаймықпай жазды. Сарғайған газет тігінділерінен арда басылымның ақиқат үшін арпалысқан адуынын аңғарар едіңіз. Парақтап шықсаңыз, әрине…

Басылымның тарихы да, дәстүрі де – бізге аманат. Ал, аманат жүгі ешқашан жеңіл болмаған. Сөз зергерлері Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, ұлттық публицистиканың жарық һәм аққан жұлдызы Сәттар Ерубаевтан бастап берідегі Бейсенғали Тәйкіманов, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбековтер, тіпті, кешегі Нұрмахан Оразбеков, Рымқұл Сүлейменов, Мағауия Сембай сынды қалам қайраткерлерінің сол аманатқа адалдығы арқасында ұлы мектеп болып қалыптасқан басылымның байырғы дәстүріне қылаудай қиянат жасалған жоқ.

Республикалық деңгейдегі шығармашылық ортада «Егеменнен» кейінгі екінші газет», «Мінезді газет» деген бейресми атауымыз бар. Бұл пікірді қалыптастыруға жоғарыда аты аталған, аты аталмаған Арқа баспасөзі алыптарының еңбегі орасан. Газеттің тамырлы тарихы, байырғы дәстүрі, қалыптасқан бет-бейнесі, бәрі-бәрі бізге зор жауапкершілік жүктейді. Қалай десек те, кешегі Одақ орға жығылар тұстағы «тамыз бүлігі» кезінде 15 республикадағы мыңдаған басылым жұмған аузын ашпай қалған сындарлы сәтте «Иә, бұл – төңкеріс!» (Нұрмахан Оразбеков) деп атой салған жалғыз басылымның сарбазы екенімізді мақтан тұтамыз.

Өздеріңізбен 90 жыл біргеміз! 22 994-ші рет жүздесіп отырмыз. Осынша жылда аманатқа адалдық танытқан әр буынның орасан еңбек, көл-көсір көзмайымен қалыптасқан ұлы мектеп дәуір жүгін арқалап, дәуірлеп барады. «Орталық» ойлы оқырманның сырласы ғана емес, олжасына да айналды. Оқырманынан оқшауланбаған басылым ғана мәңгілік! Ортақ қуаныш, ортақ мерейіміз құтты болсын!

Ерсін МҰСАБЕК, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button