Жаңалықтар

«Қалжалы әйелден – олжалы ұл»

Ертеде қазақ жас босанған ананың күтіміне ерекше мән берген. Қазақтың қасиетті ырымына сай анаға ақсарбас қойын сойып, қалжасын уақытында жегізген. Ағаларымыз кейде ауырлау затты көтеруге әлі келмей тұрса, құрдастары қалжыңға айналдырып: «Әй, немене, шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқанын талай көргенбіз. Әлгі затты өзі көтеріп, орнына қойған соң «Құдайға шүкір, біздің шешеміз де қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп қоятын. Бүгінгі таңда кейбір келіндер өкінішке орай, «Қалжа» деген сөздің мағынасын түсінбей, белгілі бір тағамның «рецепті» деп сұрап жүрген көрінеді. Ендеше, келіндердің сұранысына орай «Қалжаның» сырын ашайық.

Дүниеге сәби әкелген ананың бар күш-қуаты азайып, әлсірейтіні белгілі. Баланы тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, соңында толғатып босанған әйелдің буын-буыны босап, үш жүз алпыс екі тамыры түгел ашылады. Толғақта мың өліп, мың тірілгендей күй кешеді. Әйелдің денсаулығын орнына келтіріп, нәрестенің аман-сау өсуі үшін қазақ бір малын қалжаға арнап соятын болған. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, күш-қуатын арттырған. Сондықтан, қалжа – жас босанған ана мен баланың сыбағасы.

Ал, қалжаны қалай жегізген? Алдымен, енелер келініне қойдың етін ұсақтап турап жегізіп, сорпа ішкізіп, терлеткен. Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген. Бұл баланың мойыны тез қатайсын деген ырым.

Келінге қалжа жегізу – міндетті. Өйткені, қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті тойымды әрі жеткілікті болады. Бала сүтке тойған қозыдай ұйықтайды. Анасы да шаршамай жүреді. Ертеректе қалжа жеген әйелге «ындыны жарыған» дейтін. Ондай әйел өмірде тапшылық көрмей, басқалармен санаспай өмір сүреді дегенге келтіріп айтқан. Бұрынырақта қалжаны жемеген немесе аз жеген келіндер бір баладан ары тумайды деген қорқыныш болған. Кейбір балалардың тамаққа сұғанақтығын көрсе, «шешесі» қалжаға тоймаған ғой» деп әзілмен қағытқан, – дейді Ырысбала әже.

Әжелердің айтуынша, қазақ халқында қалжа жеген әйелге қаратып айтылатын нақыл сөздер, мақал-мәтелдер көп. Мысалы, «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр», «Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі» деген мақалды әйелге қалжаны қырық күн бойы жегізіп, жігерлендіру үшін қолданады екен.

Ал, имамдардың сөзіне сүйенсек, қалжа жегізу – сауапты іс. «Кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген» деп айтатыны осы сауап істеуден шыққан көрінеді. Әлгі кедей әйеліне қалжа жегізуге шамасы келмесе, ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Осылайша, қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналыпты.

Ал, қалжаны кім әкелген? Қалжаны қыздың төркіні әкелуі дұрыс саналғанмен, кей өңірлерде келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті болып есептеледі.

Ерлан есімді оңтүстіктің тумасы «Қалжа алдымен, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналады, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылады. Сондықтан, қалжаны кім әкелсе де маңызды емес. Ең бастысы ол атқарылса болғаны» дейді.

– Аллаға шүкір! Үйленгеннен кейін 4 жылдан соң келіншегім бала көтеріп, қыз босанды. Əкем «келінім мықты болсын» деп қой сойып, қалжа берді. Қалжада малдың жасы қаралмайды. Қыз бала дүниеге келсе бір қалжаға бір қой, ұл бала болса 2 қой сойылатын болған. Сорпасы жақсы шығатын, семіз мал сойдық. Інілерімнің келіншектеріне арнап әкем қой сойды. Өмірден анамыз ерте өтіп кетсе де, əкеміз қазақтың ырымдарын қатты ұстайды, – дейді Ерлан.

Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» атты кітабында қалжа туралы жазыпты.

«Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі.Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады» делінген.

Қазіргі таңда көп жағдайда келінге қалжа жегізу бір күндік тоймен аталып өтілетіні рас. Босанған жас келінге қырық күн қалжа жегізіп, ыстық сорпа ішкізетін енелер де некен-саяқ шығар?! Көп жағдайда келіннің төркіні әкелген еркек қойды сойып, әйелдер жағын қалжа тойға шақырып жүр.

– Қалжаны шілдехана деп те атасақ болады. Қазіргі таңда қалжа жегізумен қатар молда азан шақырып ат қояды. Бесікке салып, шомылдырады. Бесікке салғанда да «тышты ма, тышты» жасап, бесікке үлкен, атақты, сыйлы адамдардың 7 киімін, әрі қап жауып, бесікке салған адам бесікке мініп, әр қалалардың атын айтып шабады. Ол ырым бала өскенде ел аралап, жер көрсін дегені. Әжем шақалақты қырқынан шығармай анасынан өзге адамға көрсетпей, қыдыртпайтын, – дейді Азиза есімді бойжеткен.

Ырымшыл қазақ «қалжасы жарасқан әйелден – қанжардай ұл өседі» деп, арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалапты. Балаңыз қажырлы болсын десеңіз, келінге арнаған ақсарбасыңыз дайын болсын.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button