Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Алып ардагер

Соғыс көрген, қан көрген, жан алысып, жан берген жарықтық ардагерлердің қай-қайсы да қандай құрметке болсын лайық деп білемін. Менің ардагер атам Күлтебай Стамқұлұлы 1914 жылдың 14 желтоқсанында Ақтоғай ауданында дүниеге келіпті. Сондағы М.Горький атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтоғайдағы сауаты нашарларға арналған мектеп мұғалімі және директоры қызметінде жүргенінде 1939 жылы әскерге шақырылған.

Әр жағы белгілі ғой. Әскерде жүрген кезінен-ақ Совет Үкіметі мен Қиыр Шығыстағы Халкингол әскери қақтығысына қатысады. 1941 жылы Совет Армиясы қатарынан міндетін атқарып ауылға қайтуға дайындалып жатқанда, соғыс өрті лап етеді. Бұл атамыз ұрысқа солай араласса, елде қалған ағалары Төлеубай мен Сәдуақас ауылдан аттаныпты. Үлкен ағасы Төлеубай соғыста Берлинге дейін барып, аман-есен елге оралса, Сәдуақас хабарсыз кетеді.

Күлтебай атам Совет Одағының Маршалы Рокоссовскийдің дивизиясында неміс фашистерімен үлкен ұрыстарға қатысып, жеңіл жарақат алады. 1945 жылы Жапон басқыншыларымен болған қанды ұрыстарға араласқан. Оған Совет Одағының Жоғарғы Қолбасшысы Сталиннің бұйрығына сәйкес «Әскери еңбегі үшін» медалі және 1945 жылғы 23 тамыздағы «Құрмет грамотасы», сондай-ақ «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталғаны айғақ. Көрсеткен ерліктері атаусыз қалмапты. «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен қатар алған «Ерлігі үшін» медалі бір төбе.

1946 жылдың желтоқсанында елге оралғаннан соңғы еңбек жолы да айтарлықтай баянды. 1947-1948 жылдары Ақтоғай ауданының әскери комиссары, 1948-1950 жылдары аудандық мектеп интернатының меңгерушісі, 1950-1955 жылдары «Берікқара» шахта директорының орынбасары, 1956-1960 жылдары полуторка автомашинасының жүргізушісі, 1960-1965 жылдары аудандық аурухана директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, 1965 жылдары Ақтоғай ауданындағы нефтебаза мекемесінің іргетасын қалап, осы мекемеде 1978 жылға дейін меңгеруші қызметін атқарған.

Адал еңбегінің арқасында алты дүркін халық қалаулысы ретінде Ақтоғай селолық Советінің депутаты болып сайланды. Депутат болып жүргенінде Ақтоғай селосының орталығына су жүйесін тарту туралы ұсыныс тастап және депутат есебінде осы ұсынысты жүзеге асырды.

Алматыдағы Қазақ ССР-нің Нефтебаза Құрмет тақтасында, Қарағанды облыстық нефтебазасының Құрмет тақтасында және Ақтоғай ауданының Құрмет тақтасында «Құрметті азамат» ретінде 1969 жылдан 1980 жылдарға дейін суреті ілініп тұрды. Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасының иегері, Қазақ ССР-і Нефтебазасының, Қарағанды облысы Нефтебазасының Құрмет грамоталарының бірнеше дүркін иегері. В.Лениннің 100 жылдық медалін, СССРдің Қорғаныс Министрінің соғыс жылдарындағы әр жылғы мерейтойлық медальдарын өңіріне таққан. Соғыс және еңбек ардагері «Еңбек даңқы» медалі тағы бар.

Атамыз ауданның аса құрметті ақсақалдарының бірі еді. Адамның да алыбы. Бойы – екі жарым метр. 1983 жылы өмірден өтті.

Анамыз Шабанбай бидің немересі Күлжәмилә Қалиакбарқызы екеуі 1947 жылы отау құрып, 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере, жиендерінің қызығын көрді. Ұрпақтары ата жолын жалғастарып, адал еңбек етуде.

Ернұр ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ,

 немересі.

Басқа материалдар

Back to top button