Қалың ел-қара домбыра
«Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?» қазақ үшін? Кісі айтуға батпаған ақиқатты кезінде домбыра айтқан. Ұлы Шыңғыс қаһанға! Күні кеше сол шындықты Ханға күймен жеткізген Кетбұғы келді ортамызға. Кетбұғы домбырасыз келе ме? Елдің жайын ерте аңдап білетін Елбасы Жарлықты берді де жіберді. Төрге «Ұлттық домбыра күні» шықты. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Атаулы күнді естігенде сүйінбеген Алаш, қуанбаған қазақ жоқ. Мұқым қазақ мейрамдап жатқанда, Қарағанды қалсын ба? Қалың елді жиып, қадірменді шара қылды. Жүз домбырашы тұс-тұстан бебеулеткенде… Берісі дала, арысы аруақ тебіренгендей еді.
Көрген де, көрмеген де арманда дерсің! Кеншілер мәдениет сарайының алдында көне сарын, келісті күй. «Көне сарын емес, келешектің кемел күйі ғой!» дейді біреуі. «Ә-ә?!» деп таңырқаған екіншісіне тағы бірі «не десең де, қазақтың қай қасиеті болсын домбырамен тартатын күйі мен әнінде!» деп кесіп айтты.
Бұл – Кеншілер мәдениет сарайының алдында Домбыра күні құрметіне өткен шара басталмай тұрғандағы әңгіме. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» (Қадыр) деп мерейі асып тұрған ел ду-ду етеді. Елмен бірге жел де қалыспай гу-гу еседі. Жан бар, ес жоқ, дегендей ақжарылқап атаулы күн. Қаздай қалқып келіп, қасқайып отырыса кеткен жүзден артық домбырашыны көрген елдің есі шықпай қайтсін?! Бір мезетте бәрі бастап келіп жіберді. Аспан астын дүркіреткен жүз домбыраға шапалақ, қиқу қосылды. Елестетіп көріңіз.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шараға Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және осы қаладағы өнер мектептерінде оқитын жас домбырашылар қатысты. Тәттімбеттің тебіренісі пернеде ойқастағанда, Құрманғазының асау қағыстары қалақ домбыраның бетінен билеп шықты. Дабылдаған домбыраның үніне өршеленген желдің өзі бөгет бола алмады. Не дерсің? Оркестр дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай желмен бірге теңселіп, күймен бірге белсенгендей, әспеттегенде. Тәттімбетті тыңдап, Құрманғазыдан қуат алған ел рухтанып алған. Қазақтың арқасы – домбыра!
Оркестр Тәттімбеттің «Сарыжайлауынан» бастаған да, Құрманғазының «Сарыарқасынан» қайырған. Қазақтың күй аталары қалдырып кеткен ұлы сарын. Әрқайсының атауында тұр. Сарыарқа үшін, сол Арқаға біткен сары жайлау үшін атқа мінген қазақ. Сол мекенде өсіп-өнген ел үшін түн ұйқысын төрт бөлген Алаш. Жанын шүберекке түйген. Бізге соны мұраға қалдырып, ұрпағы ұмытпасқа күймен қаперлеген. «Ұмытпа! Бұл сенің ұлысыңа біткен ата қоныс, соны қорғауға, жатқа бермеуге тиіссің!» деп домбыра сөйлеп тұр. Адам айтпайды қазір оны… Адам айтса да, әсерсіз жеткізеді. Ал, домбыра? Домбыра ежелден ақиқатын айтқан. Таңдайына қорғасын құйса да! Әлі де сол домбыра айтып келеді. Айта береді…
Күй атасы Құрманғазының «Адайын» естіп өскен ұрпақ жасық болмауы тиіс. Ол тартылмай қалсын ба Домбыра күнінде. «Балбырауыны» ше? Ықылас Дүкенұлының «Жезкиігі» мен Нұрқұйса Тілендінің «Ата толғауы» да сәтті шықты.
Бір қарасам,
«Жез таңдайым,
Боз торғайым,
Енді саған не дейін?..» (Н.Айтұлы) деп мен емес, домбыра маған айтып тұр екен…
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»