Тұлға

Алтын жүрек

Өткен ғасырдың мың да тоғыз жүз алпыс алтыншы жылы күні бүгінгідей есімде. Хрущев «кемеңгердің» мектеп оқуын өндіріспен ұштастыруға керек деген пәрменімен сол кездің орта білімі он бір жылмен тәмамдалатын. Біраз жыл дәуірлеген он бір жылдық бізбен түйінделіп, қайтадан он жылдыққа оралу ұйғарылған. Үш-төрт сынып қатар оқимыз. Бізбен бірге екі-үш сыныптап тұратын оныншыдағылар да кәмелеттік аттестатқа ие болмақ. Балқаш қаласындағы бұл мектеп мейлінше үлкен, бала көп. Әртүрлі ауысымда оқитын бұлар бірін-бірі толық біле бермейді. Тек, «Пәленшеев деген озат оқиды екен, түгеншеев деген алтын, иә, болмаса, күміс медальға бітіреді екен» деген дақпырт естіліп жатады. Солардың арасында мен үйінде жатып оқитын туысым Серік Сарымсақов (бүгінде марқұм) пен Жақсылық Толпаковтың есімі де ел құлағына ілігетін.

Бір мектепті бітірсек те, жөнді араласа алмай кеткен Жақсылықпен мен содан қырық бес жыл өткенде Қарағандыда кездестім. Жақаң ел-жұрты жағынан балқаштық болып есептеледі, мен ақтоғайлықпын. Бұрында бір мектепті бітіргендіктен, әрі ақтоғайлық жиен қарындасым Шараны алып отырғандықтан арқажарқа араласып кеттік.

Жақсылықтың мектепте озат оқығанын айттым. Әсіресе, математикаға алғырлық танытты. Ол кезде аймақтағы беделді оқу орындарының бірі медициналық институт болса, екіншісі кооператив институты еді ғой. Келді де осы жоғары оқу орнына түсті. Содан бастап оның бүкіл өмірі мен қызметі аталған университетпен тығыз байланысты. Ғылыми дәреже қорғады, профессор атағын алды, қызметтің де көрігін осында қыздырды. Мол білімі мен терең тәжірибесінің арқасында әлі де қыздырып келеді.

Жазушылықтың мәні көркем шығармалар туындату болса, ғалымдықтың мәні ғылыми еңбектер жазу ғой. Жақаңның ақылды басы мен жүрдек қаламынан туындаған мұндай дүниелер баршылық. Бірақ, солардың ішінде шоқтығы биігі – қазақша-орысша қалың томнан тұратын «Бухгалтерлік есеп» атты еңбегі дер едік. Бұған дейін оқулығы орнықты арнаға түсе қоймаған бұл сала үшін профессор Толпаковтың аталған еңбегі зор табыс және жаңалық болып енді. Оның дәлелі – бүгінде бұл кітапты Қазақстан ғана емес, жақын шетелдің бірқатар жоғары оқу орындары тиімді құрал ретінде пайдаланады.

Жақаң – ақарлы-шақарлы отбасы иесі. Оның алтын қасықтай жарқылдаған Бақытгүл, Гауһар, Меруерт, Маржандары бүгінде өмірден өз орнын тауып, әрқайсысы осы бір үлкен әулеттің бір-бір ошағын маздатып отыр. Әсіресе, қатардағы демалыс, зәуімде келетін мейрам күндері Жақаң мен Шәкеңнің алты бөлмелі пәтері немерелердің құс базарындай қиқу-мекеніне айналатынын айтсаңызшы. Адамда бұдан артық қандай қызық болмақ?! Абай атаңыз да «Адамның бір қызығы бала деген» дегенде осыны айтқан ғой.

Бірақ «баланы өзі болғандай, келінді өзі келгендей» етсек, әнтек кеткен болар едік. Бәрінің басын қосып, берекесін келтіріп отырған Шараны айтамын да. Шынында да, мезгілімен ас-суын ішпеген профессор қағазға қарай ала ма, уақытымен күтім көрмеген бала балпанақтай болып өсе ала ма? Үйге қарап, түзді түгендейтін кім? Ол – Шара. Жазда сойыс қойын байлап, қыста соғым малын сайлайтын кім? Ол – Шара. Шарасыз бұл үйдің шаруасы бітіп, мәселесі шешілмейтіні ақиқатқа айналғаны қашан?! Өйткені, бәрі бір Шараның мейіріміне сүйеніп, қамқорлығына иек артуға үйреніп алған. Кейде отбасының бүкіл тауқыметін өз қалауымен тартатын әйел заты болмаса, бұл дүние не болар еді, – деген ойға қаласың. Алла ең алдымен әйел затына қуат бергей.

Уақыт шіркін де көшкен сеңдей, ескен желдей бір орнында тұрмайтын құбылыс қой. Кеше ғана алпыстың бірдеңесіндемін, – деп жүрген Жақсылық дос та жетпістің жотасына шығыпты. Сол биіктен алды-артын барлай қараса, өмір босқа өтпеген екен. Үй-ішіне жұғымды, ағайынға қадірлі ел ағасына айналыпты. Осынау ұлан уақыт көшінде өз қолымен қанаттандырған шәкірттері тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етіп жүр. Хабарласып хал сұрасып жататындары қаншама?! Жетпісіне қыры сынбай, қылаң ұрып жеткен Жақаң берісі – ортасына, арысы аймағына керек адам.

Қазіргі нарықтық экономика жағдайында кәсіпкер болып, жүрген шәкірттері жеткілікті. Осы шәкірттерін Жақсылық Серікбайұлы мақтанышпен еске алып, айтып отырады. Қазақстанның тұтыну кооперациясына мамандар дайындаған еңбегі ескеріліп, 50 және 60 жасқа толған мерейтойларына байланысты Қазтұтыну одағы басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталған.

2011 жылы ұстаздық қызметі мен ғылыми еңбектерін жоғары бағалап, конкурстық комиссиясының шешімімен университет бойынша «Жыл адамы» деген атақ алды. Сол жылы жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы тұтыну кооперациясы одағының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Жақсылық Серікбайұлының жоғарыда айтылған ғылыми-ұстаздық қызметтері Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары бағаланды. 2006 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды экономика университетінің ашылғанына 40 жылдық мерейтойына байланысты және сол уақыт ішінде жазылған ғылыми еңбектері үшін конкурстық талдау негізінде «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет төсбелгісімен, 2010 жылы 60 жасқа толуына орай және білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2016 жылы экономикалық университеттің 50 жылдық мерейтойына орай және ғылыми-ұстаздық қызметі мен ғылыми еңбектері конкурстық іріктеу негізінде «Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңашыл ұсыныстары және жаңа буын мамандар дайындаудағы инновациялық істері үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы Алтын медальмен марапатталады.

Өткен жылы үздік ұстаздық қызметі үшін алған марапаттарының қатарына Ахмет Байтұрсыновтың Алтын медалі қосылғанда, «кең кеудесіне тағылған алтын сылдырмақ та жақсы-ау, бірақ соның арғы тұсында тұрған алтын жүрек одан да жақсы», – деп пайымдағам. Бүгінгідей той күні сол алтын жүректің дүрсілі тынбай соғып, сенімді серігі Шара екеуі ұзақ жылдардың қызығына үрім-бұтағымен кенеле берсін, – деп тілеймін. Жетпісің құтты болсын, Жақсылық дос!

Абзал БӨКЕН,
ақын, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері

 

Басқа материалдар

Back to top button