«Алтын уақыттың» сырын ұққан Гүлмира
«Кəсіп ашамын, бизнес бастаймын» дегендерге қолдау мол. Əсіресе, жастарға. Бірі бағын ауыл шарушылығында сынайды, бірі тігіншілікпен, аспаздықпен, автокөлік жөндеу ісімен байланыстырады. Ондайлар жетеді. Бірақ, аймақта алғашқы медициналық көмек көрсету курсын ашқан жалғыз Гүлмира ғана.
Қарағанды медицина университетінің 4-курс студенті Гүлмира Төрежанова – DAMU_MED курстарының негізін қалаушы. Облыс əкімінің жастар кəсіпкерлігін дамыту жəне қолдау грантын ұтып алып, оқу орталығын ашты. Оның орталығынан осы уақытқа дейін 150-ден астам адам алғашқы медициналық көмек беру негіздерін үйреніп шықты. Гүлмира ісін дамытып, басқа қалалардан да орталық ашқысы келеді. Себебі, сұраныс көп.
– Медицина қызметкерлері ғана емес, қарапайым адамдар да алғашқы көмектің қалай жасалатынын білулері керек. Жоба осы мақсатта қолға алынды. Қабылдау бөліміне алып келген пациенттердің көбісі алғашқы көмектің дұрыс көрсетілмеуінен қайтыс болып кететінін жұмыс кезінде жиі көреміз. Медицинада «алтын уақыт» деген ұғым бар. Егер зардап шеккен адамға бір сағаттың ішінде дұрыс алғашқы көмек көрсетілмесе, кейін жан-жақты емдегенімен, оның салдары қалады. Мысалы, көп адам инсультпен түседі. Инсульттің белгісін білмей, тек адам құлаған кезде ғана жедел жəрдем шақырады. Миға 2 минут оттегі бармаса, 2 миллион нейрон жасушасы өліп қалады. Кейін оны қалпына келтіру мүмкін емес. Адамның жансызданып, сал болып қалатыны содан, – дейді Гүлмира Төрежанова.
Оның мұндай жобаны қолға алуына отбасына қатысты жайт та түрткі болған екен. Айтуынша, ерекше болып туған бауыры алғашқы көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, көз жұмыпты. Қарапайым адамдарға аса қажетті білім мен машықты үйретуде Гүлмираның жан-тəнімен кіріскен себебінің бірі осы болар. «Алтын уақытты» өткізіп алмауға үйрету.
– Əкім гранты беріледі дегенді естіп, өз мүмкіндігімді сынап көргім келді. Жобаны жазып, қорғап шықтық. Əлеуметтік жоба болғандықтан да, маңызы зор. Мұндай жоба республикада Алматы жақта бар деп естідім. Облыста біздікі ғана. Грант бойынша алған 2 миллион теңгенің көп бөлігі мен екен, жиһаз алуға, кеңсе жалдауға кетті, – дейді ол.
Жобаны жүзеге асыруда Гүлмирамен қоса Айерке Кенжебекова да еңбек етеді. Екеуі университет студенттеріне кейбір пəндер бойынша семинар мен тренингтер де өткізеді. Ал, алғашқы көмек көрсету бойынша курс көбінесе сенбі, жексенбі күндері өтеді екен.
– Жұмыстан бос кезге қойдық. Сабақ үш күн бойы 4 сағаттан болады. Курс аяқталғанда сертификат береміз. Əрине, ол медициналық жұмыспен айналысуға мүмкіндік бермейді. Тек əркімнің өзі үшін керек машықты меңгергенін көрсетеді, – дейді Гүлмира.
Курстың мақсатты аудиториясы – қарапайым халық. Оның ішінде, медицинаға қызығушылық танытқан оқушылар, мұғалімдер, автобус жүргізушілері, жас аналар бар екен. Мəселен, қыздар автобус паркіне өздері ұсыныс білдіріпті, нəтижесінде 20 шақты автобус жүргізушісі курсты аяқтап шықты.
– Жазатайым оқиға кез келген жерде болуы мүмкін. Қоғамдық көлікте көмек көрсете білетін адамның болғаны жақсы. Мəселен, аналар екпе салу, баласы бөгде зат жұтып қойса, мұрнына кетіп қалса, не істеу керектігін үйренеді, – деп түсіндірді ол.
Жалпы, курстың ауқымы кең. Теориясын түсіндіріп, іс жүзінде көрсетеді. Қатысушылардың да манекендерге жаттығуына мүмкіндік береді. Манекендерде электрондық функция арқылы əрекеттің дұрыс не бұрыс жасалып жатқаны монитордан көрініп тұрады. Бір курсқа 5-6 адам ғана қатысады. Бастысы, нəтиже деп санайды ол. Келгендер клиникалық өлім, инфаркт, инсульт, эпилепсия, талма, күйік шалу, ток соққанда, суға батқанда, анафилактикалық шок, қан кету, сыну жағдайларында алғашқы көмек көрсету негіздерін үйреніп шығады. Оның айтуынша, бұлар – өмірде жиі кездесетін жазатайым жағдайлар.
Орталықты дамыту – Гүлмираның алға қойған мақсаттарының бірі.
– Алдағы уақытта курсты жетілдіргіміз келеді. Инстаграмнан көріп, əр қаладан хабарласып, өз қалаларында бар ма деп сұрап жатады. Басқа қалалардан ашу жоспарымыз бар. Бірақ, курсты онлайн оқу мүмкін емес,– дейді ол.
Курс ақысы қолжетімді. Студенттерге, көпбалалы аналарға жеңілдік те қарастырып қойыпты. Гүлмира резидентурны кардиолог немесе реаниматолог мамандығы бойынша жалғастырмақ ниетте. Жобасын да орта жолда қалдырмақ емес.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz