Бас тақырыпРуханият

Алтын Орда – 750: құпиясы қатпарлы тарих

«Ұлытау – Алтын Орданың бесігі» атты тарихи-танымдық экспедицияның сапары Жезқазған жерінде жалғасуда. Кенді өлкенің қойнауы құпияға толы. Әсіресе, Сарысу өзенінің бойындағы Болған ана кесенесінің жұмбағы көп. Ол кім? Кесене қай ғасырда салынды? Бұл жер қорым ба, әлде қаланың орны ма? Аңыз көп. Тарихшылар да түрлі болжам айтады.

«ЖӘДІГЕР ЖИНАУ – ҚИЫН ІС»

 Экспедицияның мақсаты – өңірдің тарихымен етене танысу, жәдігерлерді көзбен көріп, жүрекпен сезіну. Ал, оны жергілікті өлкетанушылардан асырып кім айтып бере алады? Сондықтан да, ең алдымен Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне ат басын бұрдық. Музей қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған. Олардың дені археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жинақталыпты. Сонау тас дәуірінен бері қарайғы осы өлкенің тыныс-тіршілігінен хабар беретін құнды дүниелерді кездестіруге болады. Сонымен қатар, «Ұлы Дала мұрасы» халықаралық музейлер фестивалі нәтижесінде шет елдердегі тарихи орталықтармен тығыз байланыс орнатылып, аса бағалы құжаттардың, жәдігерлердің көшірмелері әкелінген. Мұның өзі музейдің даңқын асырып тұр. Әйтсе де, жәдігер жинау барысында бірқатар кедергілер де кездеседі екен. Мұны музей басшысы Раушан Қапарова айтып берді. 

– Жергілікті халық қолындағы құнды мұраларды музей қорына сирек өткізеді. Құнды жәдігер үшін ақша сұрайтын азаматтар да бар. Бізде экспонат сатып алуға қаражат қарастырылмаған. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағалы бұйымдарға сұрау саламыз. Кейде өз мүмкіндімізге сай ынталандыру сыйлықтарын береміз. Десек те, қарапайым көпшілік тарихи жәдігердің арнайы орында сақталуы керектігін түсіне бермейді. Бергісі келмейді. Бұл – тарихқа жасалған қиянат. Біз қолда бар асыл мұраны сақтап, келер ұрпаққа аманаттауымыз керек. Түрлі акциялар ұйымдастырып, кең көлемде насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Әйтсе де, жәдігер жинау – қиын іс», – дейді музей директоры.

Музейдегі құнды жәдігерлердің арасында тұрғындар өткізген мұралар да бар. Солардың бірі – Қаныш Сәтбаевтың «Гранат» минералы. Оны 2018 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева тапсырған. Ал, екінші жәдігерді мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов табыстапты. Музей басшылығы ол кісінің қолында XVIII-XIX ғасырларда жазылған «Шахнаме» кітабы бар екенін білген соң арнайы хат жазып, музей қорына сұрап алған. 

ЖОЛ АЗАБЫ 

Түс ауа Жезқазған қаласынан 50 шақырымдай қашықтықта, Сарысу өзенінің жағалауында орналасқан Болған ана кесенесіне аттандық. Қалаға тиіп тұрған жер. Бірақ, жолы өте ауыр. Қара жолдың шаңы аспанға көтеріліп, көлік ішіндегі адамның қолқасын қабады. Тас жолдың да оңып тұрғаны шамалы. Әрі өзен суы өткел бермей, жайылып кеткен екен. Анау-мынау көліктің өтуінің өзі мұң. Елу шақырым жолға бір жарым сағатқа жуық жұмсап, межелі жерге зордың күшімен жеттік. Десек те, көңілде бір үміт бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туризм форумында Ұлытау өңірін этнотуризм орталығына айналдыруды тапсырған болатын. Алтын орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірдің инфрақұрылымы жаңартылып, жолдары жөнделетін болар. Осыған үміт арттық. 

ЖҰМБАҒЫ МОЛ КЕСЕНЕ

 Ел ауызындағы аңызға сүйенсек, Болған ана әулие адам болған екен. Бойында сырқаты бар адамдар басына барып тәу етіп, Алладан медет тілесе, дұғасы қабыл болады-мыс. Ал, тарихшылар болса түрлі болжамдар ұсынады. Яғни, кесенеде Шыңғыс ханның немересі немесе шөбере келіні жерленген болуы мүмкін. Тағы бір деректерде бұл нысанның Қараханиддер дәуіріне жатуы мүмкін екені алға тартылады. Бір анығы – кесене хан әулетіне тиесілі. Бұған 2018 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған алтын тостақ дәлел бола алады. 

– 2 метр 20 сантиметр тереңдіктен ағаш табытқа салынған әйел адамның қаңқа сүйектері, мәйіттің бас жағынан алтын тостақ және сырға табылды. Сонымен қатар, Алтын Орда дәуіріне жататын материалдардың жұрнақтары кездесті. Осыған қарап, Болған ана кесенесі Алтын Орда дәуірінде тұрғызылған деп болжам жасауға болады, – дейді археолог Айдар Шерханұлы.

Болған ана мазарының оң жағында Құлан ана кесенесі тұр. Тарихшылардың айтуынша, бұл нысан туралы дерек жоқтың қасы. Түрлі болжамдар ғана бар. Бірақ, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Ол алдағы уақыт еншісінде.

Әлкей Марғұлан еңбектерінде Болған ана кесенесі орналасқан төбе қаланың орны ретінде көрсетілген екен. Төбеден айнала алақанға салып қойғандай анық көрінеді. Нағыз стратегиялық орын. Осыған қарағанда, әйгілі ғалымның болжамында шындық бар тәрізді. Оны анықтау – тарихшылардың құзыретінде.

P.S. «Ұлытау – Алтын Орданың бесігі» атты тарихи-танымдық экспедицияның ендігі бағыты – Ұлытау өңіріндегі Алтын Орда дәуіріне тиесілі тарихи жәдігерлер. Бұл туралы газетіміздің келесі санында толығырақ тарқатып жазамыз.

Басқа материалдар

Back to top button