Бас тақырыпРуханият

Алтын Орда — 750: Хандар мекенінде

Ұлы қағанаттың 750 жылдығы қарсаңында жолға шыққан “Ұлытау — Алтын орданың бесігі” ғылыми-танымдық экспедиция ұлы хандар орда тігіп, билік құрған өңірге аяқ басты. Жол бастаушылар көне ескерткіштердің тарихын баяндап, ел арасындағы аңыз-әңгімелерді айтып берді. Сонымен…

Алаша хан кесенесі
Алаша хан кесенесі суретші Мадихан Қалмахановтың қылқаламында

Хандардың ханы — Жошы хан

Әлемге әмір жүргізуге ұмтылған Шыңғыс қағанның төрт ұлы төрткүл дүниені тітіркендіріп, қарсы келген дұшпанның көңіліне қорқыныш ұялатқанды. Заманында атақтары шартарапқа тараған ұлы хандардың есімі бүгінде тарихқа айналды. Сол ұлы қағанның үлкені Жошы өз ұлысында мәңлік жай тауып, Ұлытауда жерленген. Ал, Шыңғыстың мазары мен өзге ұлдарының қайда жерленгені беймәлім. Тарих үшін сыры ашылмаған жұмбақ.

Жошының қазақ жерінде жерленуі этнотуризмді дамытуға оң ықпал ете алады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ұлытау 2019″ Халықаралық туризм форумында баса айтқан болатын. Қазір аталмыш бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Жастар жылы аясында кіл жастарды тарихи өлкеге ғылыми-танымдық экскурисияға жіберу Президент тапсырмасын орындаудың бастауы.

Хош, әуелгі әңгімеге оралайық. Жошы хан кесенесінің архитектурасында көне түркілік наным мен ислами дүниетаным көрініс береді. Нысанды алғаш болып хатқа түсіріп, зерттеген қазақ ғалымы Шоқан Уәлихан. Кейін Әлкей Марғұлан кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қабірді ашады. Қабірден адам сүйектері мен киім қалдықтары табылған. Зертханалық жұмыстардан кейін тарихшылар олардың Алтын Орда дәуіріне тиесілі екенін анықтайды. Осылайша, кесене Жошы ханға тиесілі деген ғылыми тұжырым жасалған. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң ханның мәйіті қайта жерленген.

Жошы хан тұлғасы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Өкінішке қарай, Жошы ханның мұрасы, саяси-мемлекеттік, әскери істе жасаған дүниелері тым мардымсыз зерттелді. Алтын Орда мемлекетінің тарихын зерттеуді Жошы ханнан бастау керек. Өйткені, ол қазақ хандарының атасы. Алтын Орда мен Жошы хан тарихын зерттеу идеологияны жандандыруға себеп болатын тарихи және саяси маңызды жұмыс, дейді Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің аға ғылыми қызметкері Ғабдол Әуезов.

Ерекше архитектуралық және археологиялық ескерткішті сақтап қалу мақсатында бірнеше мәрте реконструкциялық жұмыстар жүргізілген. Зерттеу жұмыстары барысында кесене қабырғасындағы сылақтардың кейбірі 19 ғасырға тиесілі екені белгілі болған. Бұл сол кезінде өзінде кесенеге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін көрсетсе керек.

Алтын Орданың алғашқы астанасы

Сарай Базар қаласы
Сарай Базар қаласының орны

Хан кесенесінің дәл іргесінде Жошы ұлысының алғашқы астанасы Орда Базар қаласының орыны жатыр. Әбілғазының түркі шежіресінде бұл жер “Сарайлардың сарайы” деп суреттелген. Орта ғасырда Орда базар ақша сарайының қызметін атқарған. Қазба жұмыстары кезінде қалашық орнынан мыстан, қоладан жасалған монеталар көптеп табылған. Тарихшылардың айтуынша, бұл жәдігерлер қаланың саяси-экономикалық маңызға ие болғанын көрсетеді.

1996, 1997, 1998 жылдары қазба жұмыстары жүргізілді. Бірақ, археологиялық жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Қазылмаған, құпиясы ашылмаған жерлері көп. Алдағы уақытта қаланың орнында реставрациялық жұмыстар жүргізілуі керек. Өйткені, бертінге дейін қаланың орны ашық-шашық жатты. Тек, кейін ғана қалашықтың орны темірмен қоршалды, дейді Ғабдол Әуезов.

Алаша ханның аңызы не дейді?

Орталық Қазақстандағы ең ірі археологиялық, архитектуралық кешендердің бірі Алаша хан кесенесі. Бұл кесенеде кім жерленген? Тарихи фактілер не дейді? Жошы хан мазары мен Алаша хан кесенесінің арасында қандай байланыс бар? Экспедиция мүшелері өлкетанушы ғалымдарға дәл осындай сауал қойған еді. Тұщымды жауап алудың сәті түсті.

Ел арасындағы аңыздарда бұл кісінің Тұранды билеген ханның ұлы екені айтылады. Әйтсе де, нақты тарихи фактілер жоқ. Кесене орта ғасырға тиесілі. Бұл нысанды Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан зерттеді. Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде ғимараттың алғашқы келбеті, айналасындағы ескерткіштер туралы деректер қалдырған. Кейін қазба жұмыстары да жүргізілді. Бірақ, аяғына жетпеген. Сондықтан, археологиялық деректерге сүйену мүмкін емес, дейді Ғабдол Әуезов.

Аңыз-әңгімелерде бұл жерде Шыңғыс хан жерленуі мүмкін деген болжам да айтылады. Әйтсе де, зерттеу жұмыстары оны дәлелдей алған жоқ. Бір анығы мұнда сол Шыңғыс секілді ұлы тұлға жерленген.

Ғимараттың биіктігі 10 метр. Хандық дәуірде кесене діни-ғұрыптық және саяси атрибут ретінде пайдаланылған. Бірнеше мәрте реставрация жұмыстары жүргізілген. Қалпына келтіру барысында ғимараттың бастапқы келбетін сақтап қалуға талпыныс болған. Әйтсе де, уақыт өз дегенін жасады. Кесене қабырғаларына салынған ою-өрнектердің көпшілігі жоғалған. Бұған Кеңес дәуірінде кірпіштерінің ұрлануы да айтарлықтай ықпал еткен.

Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің құрылысы ұқсас. Екеуінің де архитектурасында түркілік және ислами наным-сенімдер көрініс тапқан. Мәселен, Алаша хан кесенің сол жағында жоғары көтерілуге болатын сағана-саты бар. Оның жоғары жағында қасқыр табанының ізі салыныпты. Тарихшылардың айтуынша, бұл көне түркі халықтары бірлігінің таңбасы.

Ер Едіге және Әмір Темір естелігі

 Алтыншоқы
Алтыншоқы. ҚарМУ студенттері

Экспедицияның төртінші күнінде Едіге тауының шыңына шығып, батырдың мәңгілік жай тапқан жеріне тәу еттік. Тұмса табиғаттың әсем бейнесі жаныңды жадыратып, ерекше рух береді. Шың басынан шет-шегі жоқ ұлан-ғайыр дала алақанға салып қойғандай анық көрінеді екен. Тарих пен табиғат әсем үйлесім тапқан. Осынысымен-ақ, талай туристтің назарын өзіне аудара алар еді. Әттеген-айы сол мұнда инфрақұрылым жоқ. Едіге тауына жету үшін жол машақатын тартуға тура келеді. Бәлкім, осылай болғаны дұрыс та шығар. Жол салынса даланың өзіне ғана тән еркіндігі мен пәк бейнесіне нұқсан келердей сезіледі. Ең абзалы туристерді көлікпен емес ат немесе түйе арқылы әкелу. Әлемдік туризм саласында дамыған инфрақұрылым емес, табиғи этно және экотуризм қарқын алып келеді емес пе?!

Аңызға сүйенсек, шың басында Ер Едіге жерленген. Сарбаздар тас үйіп, батырдың моласын көтерген. Ескерткіш тақтада бұл жерде Ер Едіге мен Тоқтамыс хан жерленгені жазылыпты. Әйтсе де, өлкетанушылар аталмыш дерекпен келіспейді. Айтуларынша, мұнда Тоқтамыс ханның мүрдесі жоқ. Тек, Ер Едіге ғана жатыр.

Алтыншоқыға қатысты аңыз да осыған ұқсайды. Аңыз бойынша Әмір Темір 200 мың сарбазбен Алтын Орданы шабуға жорыққа шығады. Осы өңірге жетіп, оның шұрайлы жерін, әсем табиғатын көргенде бір белгі қалдыруды көздеп, сарбаздарына көтергенше тас әкеліп, төбе қылып үюді бұйырады. Бұл жай ғана үйінді емес, металлургиялық пеш. Тас үйіндісінің айналасында қуыстар бар. Сол қуыстар арқылы от жіберіп, төбешіктің үстіне орнатылған метеорид тасын қыздырған. Тас балқыған кезде зергерлер бұл жерге Әмір Темірдің өз әскерімен келгенін қашап жазады. Қазіргі таңда Әмір Темірдің тасы Эрмитажда тұр. Ал, Алтыншоқыға көшірмесі орнатылған.

P.S. Экспедиция сапары Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде жалғасты. Қазақстанда баламасы жоқ музей туралы газетіміздің келесі санында толығырақ тарқатып жазамыз.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button