Бас тақырыпРуханият

Алтын орда – 750: ежелгі өркениет естелігі

Шыңғыс қаған құрған алып империяның ең қуатты ұлысы Алтын орданың   ескерткіштерімен танысу барысында, ежелгі өркениетінен хабар беретін тарихи нысандарды да назардан тыс қалдырмадық. Ұлытау хандардың ғана емес, өндіріс пен өркениеттің ордасы. Бір сөзбен айтқанда, киелі өңір ежелден-ақ түркі халықтарының басты экономикалық белдеуі, негізгі тірегі болған. Толығырақ тоқталсақ…

 

Баламасы жоқ музей

Жезді кентінде Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі музейі орналасқан. Музей қорында 19 мыңнан астам экспонат бар. Олардың басым бөлігі, яғни, 15 мыңнан астам жәдігер түпнұсқа. Қазақстан бойынша баламасы жоқ музейдің тағы бір ерекшелігі экспонаттардың басым дені ашық аспан астында тұр. Мұнда бас сұққан жан сонау қола дәуірінен бері қарайғы металлургияның қалай дамығанын көзбен көріп, көңілге түйе алады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігермен қатар, ақ патша кезеңіндегі, кешегі Кеңес дәуіріндегі кен өндіру, металл балқыту ісіне қатысты бірегей экспонаттар жинақталған.

– Бұл жерде жалпы Қазақстандағы тау-кен және металл қорыту ісінің даму тарихы насихатталады. Музей ашылған кезде Ұлы Даладағы ежелгі металлургияның толық циклын көрсету үшін ашық аспан астында қола дәуіріне  тән пештердің үлгісін орнату идеясы туындаған. Осы пештер арқылы кен байыту, металл қорыту істері шағын қойылым ретінде көрсетіледі. Бұл музейге келушілердің танымын кеңейтуге, ұсынылған ақпаратты тез ұғынуларына мүмкіндік беріп отыр. Музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарының авторы Мәкен Төрегелдин. Бізге жылына 5 мыңнан астам адам келеді. Олардың арасында шетел азаматтары да бар, дейді музей директоры Зейпін Қазанбаева.

Экспедиция мүшелері музей қызметкерлері дайындаған шағын қойылымды тамашалап, кен тастарын шаю, балқыту, арнайы пештерде балқыту және қалыпқа құю сәттеріне куә болды. Әсері керемет.

Әрине, музей қорындағы әр жәдігердің өзіндік тарихы, мән-маңызы бар. Олардың бәрін бір мақаланың аясына сыйғыза алмаймыз. Сондықтан, Алтын орда дәуіріне тиесілі жәдігердің ішіндегі ең маңыздысына тоқталсақ. Ол Алтын орда мемлекетінің таңбасы салынған Жошы хан кесенесінің шырағданы. Белгілі ғалым Әлкей Марғұланның жеке архивінен алынған. Қазіргі таңда құнды жәдігер музей қорында көздің қарашығындай сақтаулы тұр.

– 1946 жылы Әлкей Марғұлан Жошы хан мазарына қазба жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде көп экспонаттардың арасынан дәл осы шырағданды алып қалып, жеке архивінде сақтаған екен. Шырағдан ұстаған кезде әйнек тәрізді әсер береді. Ерекше материалдан жасалған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Дәнел Әлкейқызы: “Сіздер Жошыға жақын отырсыздар ғой. Бірнеше жыл болды, бабалар аруағы түсіме кіріп, мазалап жүр. Бұл жәдігер сіздерде болсыншы” деп музейге табыстады. Сонау Алматыдан қастерлеп, алып келдім, деді Зейпін Қазанбаева.

Ұлытау негізгі тірек

Ұлытау ежелден металлургтер мекені. Аузын айға білеген елдердің көпшілігі тері жамылып, тас қашап жүргенде, біздің бабаларымыз мыс балқытып, алтыннан киім киген ғой. Бала күнімізде жастанып жатып оқыған “Алтын сақа”, “Ер Төстік” ертегілерінің өзі осыған дәлел бола алады. Тарихшылардың айтуынша, ертегідегі оқиғалар шынайы өмірде болған. Тек, бірден-бірге жеткен кезде өңделіп, мифке айналған. Әлгі “Жер астына түсіп кетті”, “Жер жыртығын жамады» деп жүргенімізшахталар. Жыландар патшалығы дегеніміз сол дәуірдегі діни ғұрыпты білдіреді-міс. Одан қалса, ертегілерде айтылатын жер-су атауларының көпшілігі Ұлытау жерінде орналасқан екен. Терең толғап, зерттеп жазатын-ақ тақырып. Кейін қайта тоқталармыз.

Хош, әуелгі әңгімеге оралайық. Әлкей Марғұлан жазбаларында Ұлытау өңірінде 1500 – 2000 адамға дейін еңбек еткен алып металл балқыту кешендері жұмыс істеп тұрғаны айтылған. Соңғы кездері жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде, өңірде алып кешендермен қатар, мыңдаған ұстаханалардың да болғаны дәлелденді. Жаугершілік заманда Қаратаудың бойын ен жайлаған халық Арқаға, оның ішінде Ұлытауға қарай ауа көшеді ғой. Мұның да мәнісі сол жұрт шөбі жүйгін өлкеге келіп шаруашылығын көтеруді және ұстаханаларда соғылған соғыс құралдарымен жарақтануды көздеген.

Тасқа таңбаланған тарих

Экспедицияның соңғы күні. Жезқазған қаласынан 85 шақырым қашықтықтағы “Теректі әулие” петроглифтері орналасқан аумаққа келдік. Иен даладағы шағын ғана бес-алты тас төбешік мыңжылдықтардың естелігін бойына жасырған. Тастағы суретке қарап тұрсаңыз, есте жоқ ескі замандағы бабалар өмірі көз алдыңызға келеді.

– Мұнда жылқының, жабайы бұқаның, арқардың және тауешкінің бейнелері тасқа қашап салынған. Болжам бойынша, суреттер біздің дәуірімізге дейін 2 мың – 3 мың жыл бұрын таңбаланған. Осы ескерткіш арқылы сол дәуірде өмір сүрген адамдардың табиғатпен байланысын түсінуге болады, дейді тарихшы Нұртас Смағұлов.

“Теректі әулие” ескерткіші туралы “Орталық Қазақстан” газетінің 2019 жылдың 8 тамызындағы № 86 (22 682) санында журналист Әлібек Әбдіраштың “Ұлытау әлемі: Теректі әулие” атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің ең көне ескерткішінің аңызы, тарихы және мәселесі туралы толыққанды ақпарат берілген. Көзіқарақты оқырман мұны жақсы білсе керек. Сондықтан, қайыра тәптіштеуді жөн көрмедік.

Түйін

Осымен алты күнге жоспарланған “Ұлытау – Алтын орданың бесігі” атты ғылыми-танымдық экспедициясы да аяқталды. Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе отырып ұйымдастырған тағылымды сапардың жастарға берген өнегесі мол болғаны анық. Экспедиция құрамындағы болашақ тарихшылар, географтар, туризм саласының өкілдері киелі жерлерді көзімен көріп, рухын сезіне алды десек, жаңсақ айтқанымыз емес.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Ortalyq Qazaqstan”

 

Басқа материалдар

Back to top button