Жаңалықтар

Алтын қолды акушер

Ана мен сәбидің аман-саулығына жауапкершілікпен қарау – тұтас ұлттың амандығына алаңдаушылықпен қарау. Бұл – ақ халат киген акушерлердің бойтұмар сөзі, қағидат, ұстанымы. Әу баста тележурналист боламын деген арманын анасының бір ауыз өтінішімен медицина маманына алмастырған акушер-гинеколог Жарқын Нұркеева өз кәсібінің кәнігі майталманына айналып үлгерді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әрине, Жарқын Сыздыққызы мұның жолында үздіксіз оқуды, тынымсыз еңбекті сарп етті. Анасының «Біздің үйге бір дәрігер керек», деген бір ауыз сөзін жерге тастамаған ол «Анам, қолымнан келетінін білген екен ғой», дейді. Бала кезден келе жатқан арманы – тележурналист болу. Содан болар алдына алаңдап келген жүкті аналарды алдымен жылы сөзімен жұбатады. Сосын барып қана ем-домына кіріседі.

Осылайша, Жарқын Сыздық­қызы 1996 жылы Қарағандының медициналық институтының жалпы медициналық факультетіне оқуға түседі. 2002 жылы емдеу факултетінде акушер-гинеколог мамандығын тереңдетіп оқып, одан кейін тағы бір жылдық білімін интернатура арқылы жетілдіреді. Білім алып жүріп, практикаға да қатысып, тәжірибесін әбден толықтырып алған жас медбике дипломына қолын жеткізген соң алғашқы еңбек жолын бастайды. Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы орталық аурухананың босану және гинекология бөлімшесінің меңгерушісі болып. Сонда бес жыл еңбек етіп, екінші дәрігерлік категориясын алады. Аудандық ауруханадан біліктілігін молайтып алған ол қайта Қарағандыға қоныс аударады. Облыс­тық перзентханада 2022 жылға дейін акушер-гинеколог болып еңбек етеді. Осы уақыт аралығында аймаққа мықты акушер ретінде аты танылады. Жүкті аналардың барлығы тәжірибесі толыққан, ана мен бала денсаулығының білгірі болған Жарқын Сыздыққызын арнайы іздеп келеді екен. Еңбегі еленіп, жоғары санаттағы дәрігер атанады. Жарқын Сыздыққызы 2022 жылдан бастап №2 перинаталдық орталықтың меңгерушісі. Яғни, білгір маман, білікті басшы қаланың Пришахтинск бөлімінде перзентханаға жетекшілік етіп отыр.

Жарқын Сыздыққызының медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 25 жыл. Осы бір жылдар уағында қаншама қызықпен де, қиындықпен де бетпе-бет келген.

Жұмысына алғаш кіріскен жылы шалғай ауылдағы бір ананың толғағы жетіп, өз көліктерімен аудан орталығына келе жатады. Күн – 40 градус аяз. Оған алаңдаған жас акушер жедел-жәрдем көлігімен оларға қарсы бет алады. Содан орта жолда кезігіп, жедел-жәрдем көлігінің ішінде аспай-саспай аман-есен босандырып алады. «Дегенмен, сол жолы жауапкершілікті қатты сезіндім. Күн қытымыр аяз. Аса қатты керек-жарағымыз да жоқ. Бір өзім ғана. Оның үстіне енді ғана жұмысқа қабылданғанмын ғой. Содан бастап, әр ана мен балаға үлкен жауапкершілікпен, аса ұқыптылықпен қарау керегін түсіндім. Өйткені, бір емес, екі адамның денсаулығы мойыныңда тұрады», – дейді білікті акушер.

Осы бір мамандығының арқасында түрлі қызықтарға тап болады. Әсіресе, ақ көйлекпен келген қалыңдықты босандырып алғанын әлі қызық қылып айтады. «Сол жолы жедел-жәрдем көлігі құйғытып келіп, сигналын қайта-қайта берді. Ішіндегі жүргізуші «Келін келді, келін келді!», деп дауыстап шықты. Біз түсінбей тұрмыз. Сөйтсек, тойда отырып толғағы жеткен келіншек екен. Перзентхана кәдімгі ақ көйлекпен кіргізіп алдық. Аман-есен босанды. Оны естіген тойда отырған туыстары перзентханаға келіп, әрмен қарай думандатқан. Осы бір ерекше сәт есімізде әлі», деп жылы естелігін жымиып жеткізді абзал жан.

Ардақты акушер жыл сайын білімін жетілдіріп, тәжірибесін тереңдетіп отырады. Үнемі ізденіс үстінде. Онсыз тағы болмайды дейді. Өйткені, медицина ғылымы да көз ілестірмес жылдамдықпен дамып келеді. Озық технологияны оқып, білуді өзіне талап етіп қойған. Әр жылы Израиль, Түркия, Ресей елдеріне барып, арнайы курстарды оқып отырады. Ол мемлекеттердің ана мен бала денсаулығына қалай қарайтынын, қандай көмек көрсететінін оқып-тоқиды. Сол арқылы тәжірибесін байытып, кәсібилігін шыңдайды.

Жарқын Сыздыққызының көп жылғы еңбегі елеусіз емес. «Алтын дәрігер» медаліне, «Кәсіп­одаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Алдыңғы жылы министрліктің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» мәртебелі марапатына қол жеткізген.

Еңбек жолында мұндай биік дәрежеге қол жеткізуіне өмірлік жолдасының да қолдауы бар. Мұны акушердің өзі бізге былай жеткізді: «Жан-жарым екеуміз сонау студент кезімізде отау құрдық. Өмірдің әр баспалдағын содан бері бірге басып келеміз. Ол маған, мен оған қолдау білдіремін. Өйткені, жауапкершілігі жоғары жұмыстың ауыртпашылығы әрдайым басым болады. Жолдасым да медицина саласында еңбек ететіндіктен, бір-біріміздің жанымызды түсінеміз».

Иә, жолдасы Самат Нұркеев те облыстық клиникалық аурухананың білікті проктологы, хирургы. Жоғары санаттағы дәрігер. «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Бір шаңырақтың астындағы екі бірдей алтын дәрігер бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдары Нұрәли Назарбаев интелектуалдық мектебінің 10 сыныбын, қыз­дары Жансұлу «Мұрагер» мектебінің 5 сыныбын бітірді. Екеуі де әке-аналары секілді алтын дәрігер атанып, емделушілерге шипа дарытқысы келеді. Ата-­аналары өздерінің жүрегі қалаған мамандыққа оқуға түссін деп отыр. Бірақ, балалары бала кезінен бастап, таңдау жасап қойғандықтан, оларды қазірден бастап оқытып, тоқытып жатыр. Иә, шын мәнінде ең мықты ұстаз – әке мен ана.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button