Тұлға

Алтын кездік

Қарағанды медици­насының бәсі – қашаннан жоғары. Мақтан тұтар майталмандарымыз баршылық. «Отандық онкологияның атасы» деуге тұрарлық ғалым, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қани Мұсылманбековтің өңеш­тің қатерлі ісігін сылып тастау жөніндегі бір ға­на әдісін айтыңыз… «Азуын айға білеген» талай мықтыға таңдай қақтырған. Бүкіл Одақ көлеміндегі онкологтар «емі жоқ» деп, қол қусырған обыр­дың осы түріне шалдық­қандардың өмірін ұзартып, өз әріптестері арасында «қылтамақтың әулиесі» атанды. Мақсатшылдығымен мұратқа жетіп, табандылығымен табысқа жеткен, онкология саласына орасан олжа салған көрнекті ғалым – бүгінде 85 жаста.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

 Балалық шағы Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылында өткен бала Қанидың хирург боламын деген ой «үш ұйықтаса түсіне кірмеген». Арнайы формамен жүретін тау-кен инженерлеріне қызыға қарап, өзі үшін іштей шешім де қабылдап қойған. Баласының әр қимылын бағып, болашағын болжап отыратын сұңғыла әкенің көзі де қырағы екен. Мал сойғанда көмектесіп, қасында жүретін тұла бойы тұңғышының болашақта «ұлы хирург» болатынын іштей сезген әкесінің түйсігі алдамапты. Әрі, үлкеннің айтқаны – заң, әке сөзінен аса алмай, іштей қарсыласса да, 1951 жылы медицина институтына түсіп, 1957 жылы емші-дәрігер мамандығын алады. Жолдамамен қазіргі Жезқазған қаласы, бұрынғы Жезқазған кенішіне учаскелік терапевт болып, жұмысқа орналасады. Әке аманатына адал ұл бұл кезде дәрігерліктің қыр-сырын меңгеріп, алдына үлкен мақсат қойды. Сол кездің өзінде шахтерлер астанасы – Қарағандыда жиі орын алған емі жоқ қылтамақ ауруынан көз жұмғандарға қалай араша түсемін деген ой, хирург болуға жетеледі. Кесімді үш жылға шыдамай, бас дәрігерінен рұқсат алып, Қарағандыға қайтып, облыстық денсаулық басқармасына келеді. Қани Жұмкенұлының хирург ретіндегі күресі осы кезден басталды…

ТАБАНДЫЛЫҚ ТАБЫСЫ

 «Үш жылың өтелмей неге келдің?» деген сұраққа «Терапевт болмаймын, қайда болса да, хирург қылып жіберіңдер» деп, тастабандап тұрып алған жас маманның «әуселесін көрейік» деді ме, жанында 100 орындық терапевтік бөлімі бар Сұрыптау елді мекеніндегі психологиялық диспансерге «қолыңнан келсе, хирургия бөлімін ашып ал» деп, қоя береді. Өзге жағдайды айтпағанда, су да келмейтін 5 орындық хирургия бөлімінде жалғыз медбикемен жұмысын бастаған 28 жасар Қани Мұсылманбеков үш жылдың ішінде 200-ге тарта ота жасап үлгерген. Дәрігерлік шеберлігінен бөлек, жұмысты ұйымдастыру жағына да ебі бар жас маманды байқаған облыстың бас хирургі Хафиз Мақажанов бір күні шақырып алғаны. «Қарағандыда дұрыс онколог жоқ. Сені аспирантурға жіберейік. Келісесің бе?» дегені. Көктен іздегені жерден табылып, баруға келісті. Мәскеудегі бүкілодақтық онкология орталығына келгенімен, орын жоқ деп қабылдамай, Ленинградқа барғысы келмей, Бүкілодақтық онкология орталығының директоры, атақты Н.Блохиннің өзіне кіріп, «осында қалсам қалдым, қалмасам еліме қайтамын» деп, тұрып алған Қани Мұсылманбековті қалдыруға мәжбүр болды. Ұсынған ғылыми тақырыпқа көңілі толмай, есіл-дерті еліне жақсы хирург ретінде оралу болған Қани Жұмкенұлы екі жылға тарта операцияларға қатысып, кандидаттықты қорғаудан бас тартып, Қарағандыға қайта оралды. Бірақ, алдында тағы кедергі… 1963 жылы ашылған облыстық онкологиялық диспансерде жас маманға орын болмады. Тағы да Х.Мақажановтың тегеурінімен қатардағы дәрігер ретінде кіріп, бір жылдан соң, хирург боламын деп тықылдаған оған, жаңадан кеуде бөлімін ашып беріп, өңеш пен асқазанның қатерлі ісігіне, өкпеге, кеуде қуысына облыста алғаш рет осы жерде сапалы ота жасалды.

«ӨҢЕШ ХИРУРГИЯСЫНЫҢ АҢЫЗЫ»

 Қани Мұсылманбековтің тынысы осы кезде ашылды. Жұмыс жасай жүріп, өңеш пен асқазан арасындағы қатерлі ісікке қатысты материал жинап, 1968 жылы кандидаттығын қорғады. Ендігі мақсат – қылтамаққа ота жасауды жетілдіру. Ол кезде мұндай отаның 60 пайызы сәтсіз болатын. Қажырлы еңбек, табандылық пен білім көздеген мақсатқа жеткізбей қоймайды екен. 1980 жылға дейін қылтамаққа жасаған оталары табысты болып, өлімді азайтты, өмір сүру жасын 30 жылға дейін арттырды. Ал, докторлық диссертация қорғауға қатаң талап қойылған 1980 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық онкология орталығында диссертациясын 100 пайыз дауыспен қорғап, Ресейде «Легенда пищеводной хирургий» атағын иемденді. Олай деуге де себеп бар. Сол кездерде дәрігерлер өңеш және асқазан ісіктеріне ота жасаудан бас тартып, сәулелі емдеумен ғана шектелген кезде, Қани Жұмкенұлының ота жасаудағы әдісі ресейлік ғалымдар үшін ашық күнгі найзағайдай болды. Тіпті, осы елдің ғалымдары жиылып, мемлекеттік сыйлыққа ұсынды да. Бірақ, мемлекеттік бөлініп кетіп, ала алмай қалғаны. Оған өкінетін де емес, бастысы – мақсатына жетті.

Өмірінде 5 мыңға тарта ота жасаған Қани Мұсылманбековтің қазір өзінің хирургтер мектебі бар. Бес доктор, он төрт кандидат тәрбиеледі. Мемлекеттен алған атақтары айға жетіп тұрса да, қызметке мүлдем қызықпады. Онкологиялық диспансердің бас дәрігері болды да. Екі жылға жетер-жетпесте, ғылымнан қол үзіп қалатындықтан, Медицина академиясында бастапқыда онкология курсын, кейіннен кафедра ұйымдастырып, жиырма жылға тарта проректор да болды. Қарап отырсақ, «тыңнан түрен салу» Қани Жұмкенұлының еншісіне бұйырған екен. Хирургтердің біліктілік арттыру курстарын да ұйымдастырған осы кісі, одан бөлек, ашқан жаңалықтары мен ғылыми еңбектері қаншама?! Табанды еңбегінің жемісі – бүгінгі облыстық онкологиялық диспансердің табысты жұмысы әрі беделі. Себебі, бұл жерде жұмыс істейтіндердің барлығы Қани Мұсылманбековтен білім алған, тәжірибесін үйренген. Бүгінде 85 жасқа келген профессор қазір де осы жерде кеңесші, әрі ғылыми жұмыспен айналысады. Қарағанды медицинасы бәсінің өзге облыстармен салыстырғанда бір төбе жоғары болуы да осы кісінің еңбегінің арқасы.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

 «Мен – ең бірінші адаммын. Адам болып келген соң, осы атты абыроймен алып жүру міндетім», – дейді ол. Медицинадан бөлек, былайға жасаған жақсылықтарының өзі есепсіз. Кезінде, жағдайы болмай, шетелден қашып келген қазақ қызына көмек жасап, баласын институтқа түсіргені бар. Сол үшін таяқ жеуі де мүмкін еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен адам келгенде, бір-ақ ауыз сөзімен тоқтатып, бас сауғаламағаны жақсы істерінің бір парасы ғана.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Құрметті азамат, қолы алтын хирург Қани Мұсылманбеков – осындай адам. Абырой мен беделге қажырлылығы мен табандылығы, еңбегі арқылы жеткен аңызға айналған хирург бала күнгі армандағанындай тау-кен инженері болғанда осы салада да талай жетістікке жетері сөзсіз еді. Бірақ, елінің бағына туған ұлдың маңдайына жазғаны – мықты хирург болу. Ақыры мақсатына жетіп, отандық хирургияның алтын кездігіне айналды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button