АЛТЫН ҚАЗЫҚТЫ ӘУЛЕТ
Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, құшағы ыстық, қолтығы кең замандасымның бірі – Балташ АБЗАЛБЕКОВ.
Таныстығымыз туыстыққа ұласып, отбасымызбен аралас-құралас болып, жақсылығымызды бірге бөлісіп келеміз. Жарастығымыз үзілген емес, қайта бір-бірімізге деген сый-құрмет арта түскен.
Шаңырағын шаттықа орап, барлық күнін бақытқа балаған Балташтың аяулы жары – Күләш Сақитқызымен отау тіккеніне 50 жыл толыпты. Арнасы қатты ағындаған өмір өзен уақытты сырғытып «Алтын тойға» жеткізіпті. Күләш – алтынқұрсақ ана. Тоғыз балаға түн ұйқысын, төрт бөліп, ұл ержетіп, қыз бойжеткенше аналық парызын асыра орындаған жан. Қазір сол Алла берген тоғыз баладан Балташ пен Күләш немере, шөбере сүйіп отыр.
Балташ Абзалбекұлын бір кісідей білемін, өткен ғұмырымен де таныспын. Құт қонған Қарқаралының Көктас деген ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Абзалбек пен анасы Бижамал елге белгілі кісіліктің, іріліктің қадір мен қасиеттің тізгінін тең ұстаған сыйлы отбасы болыпты. Өкінішке орай, Абзалбек әкеміз өмірден ерте озған. Ол кезде Балташ небары он төрт жаста көрінеді. Ағайынды бес ұлдың болашағына алаңдаған анаға тірек болар адам аз еді. Сол кезде жастығына қарамастан еңбекке ерте араласты. Көзін тырнап ашып, еңбекке араласқан Балташты өмірдің өзі болаттай балқытып, құрыштай шынықтырды. Арқалықта МТС-та токарь болып еңбек жолын бастады. Барлық еңбек сатысынан өтті. Механик болды. 1975 жылдан кейін Мәди совхозында завгар, бас инженер қызметтерін атқарды. 1983 жылы Едрей бөлімшесінің басшылық қызметі тізгінін ұстады. Бұдан кейін 1989 жылы Мәди совхозына бас инженер болып орналасты. 1992 жылға дейін совхоз тарағанша жұмыс істеді. 35 отбасы алған үлесін біріктіріп, сол уақытта «Үшқара» шаруа қожалығын құрды. Шаруашылықтың 9 мың гектар жері, 380 жылқысы, 2500 қойы, 120 сиыры, 5 тракторы, 2 комбайны, 4-5 қосымша машинасы болды. Бірақ, малдың құнсыздығы шаруаны алға бастырмай дағдарыс кезінде қиындықтарды бастан кешірді. 2000 жылы шаруашылық тарап, әр отбасы өз алдына шаруашылық құрып кетті. Ал, Балташ болса Доскей ауылына көшіп келді. Міне, содан бері ақынның атымен аталатын ауылда берекелі-мерекелі ғұмыр кешуде. Зейнеткер екенмін деп үйде отырмайды. Қайта, қайрат қылып, білгенін қасындағыларға үйретіп, көпті көрген кең мінезді, көпшіл әке балаларына оң тәрбие беріп, азамат болып қалыптасуына себеп болды. Кейінгіге келісті аға, сыйлы ақсақал атанды. Алтын қазықтай азаматтың, алтын тойының алдындағы толғанысымызды теріп, тізіп жаза берсек бір кітапқа жүк.
Жақсыдан шарапат…
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» демекші арын жоғары қойған замандасым құрсақтан босап, жарық дүние есігін ашқан күннен бастап адалдықты ту еткен. Балташ пен Күләштің жүріп өткен жолы әр жасқа өнеге. 50 жыл қол ұстасқан екеуі ұлылықтың уығын шаншып, кемелдікпен керегелерін кеңейтті. Бұл да, тағы бір айқындылық. Жаратушы екі дүниесін абат, қуанышын қабат қылсын деген тілек айтамыз!!!
Отан МАҚЫШЕВ.