Алты бағытпен – алты құрылыққа
Жұма күні Саран қаласының әкімдігінде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру міндеттерін сараптауға арналған қала активінің жиыны өтті.
Жиынға қаладағы еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, қоғамдық кеңес өкілдері, шағын және орта бизнес, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жолдауды жүзеге асыру бойынша басты баяндаманы Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов жасады.
– Халықтың әл-ауқатын және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Ұлт Көшбасшысы одан әрі жұмыс істеу үшін алты негізгі бағытты анықтады. Ол бағыттарды жүзеге асыру үшін бүгіннен бастап кірісуіміз қажет, – деді қала әкімі.
Қала басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Саран қаласы елеулі әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізген. Анығырақ айтқанда, 1400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, 6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылады. Республика бойынша шағын және орта бизнесті дамыту аясында жыл сайын қосымша кем дегенде 30 млрд. теңге қарастырылатын болады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты қалалық кәсіпкерлерге уақытында бөлу – әкімдік тарапынан жүзеге асырылады.
Осыған орай, қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне Кәсіпкерлер палатасының Саран қалалық филиалымен бірлесе отырып бизнес-ортада кең ауқымды ақпараттықнасихаттау жұмыстарын жүргізуді, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалануды тапсырды.
Қалада спорттың 23 түрі қамтылған. Айта кету керек, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап 10 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға арналған триатлон секциясы ашылған. Дене шынықтыру мен спортты дамыту бағдарламасымен қаланың 15 мыңнан астам тұрғындары қамтылып отыр.
Осы тұрғыда Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне спорттық-сауықтыру орталықтарын салу үшін құжаттаманы дайындауды ерекше бақылауды тапсырды қала басшысы.
Жиын барысында қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Омаров, Саран қалалық мәслихатының депутаттары Яна Внукевич, Сергей Чернышев, «Sunpaper» ЖШС өндіріс директоры Наил Манафов, №7 мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Қошжанов сөз сөйлеп, “Педагог мәртебесі туралы” заңның әзірленуі ұстаздардың беделін жаңа биікке көтеріп, олардың ел болашағы жолындағы жұмысына тың серпін, жаңа күш, жаңа қуат береді деп сенеміз. Өйткені мұғалімдердің мәртебесін көтеру – елдің мәртебесін көтеру. «Жаста оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей» демекші, ақыл дариясы мен ой теңізінен сусындаған жас өрендер “Туған жер” бағдарламасы аясында өткізілген “Менің Отаным – Қазақстан” атты облыстық байқауда Саран қаласының құрама командасы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді. Республикалық “Өлкетану” акциясына қатысып, Ақтөбе облысына барып қайтты. Мектеп оқушыларына заманауи технологиялардың қыры мен сырын үйрету мақсатында ІТ-сыныбы ашылды. Осы сыныптың оқушылары түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, білімдерін жетілдіруде. Қазіргі кезде олар ІҮ Халықаралық робототехника фестиваліне қатысу үшін қызу дайындық жүргізіп отыр» деп атап өтті.
Актив барысында, сондай-ақ, Саран қалалық орталық ауруханасының клиникасын басқару және дамыту бөлімінің бастығы Анна Савицкая, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Рахымжанов сөз сөйлеп, жолдауға қолдау білдірді.
Актив соңында қала басшысы қалалық «Казцентрэлектропровод» ЖШС кәсіпорнын 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, табыс тіледі.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»