Бас тақырып

Алты бөлмелі амбулаториядан “Арглабинге” дейін

Қарағандының қала мәртебесін алғанына – 85 жыл. Осы уақыт ішінде шаһармен бірге «қызыл ауруханадан» бастау алған аймақ медицинасы да заманауи технологиялармен үндесіп, қарыштап дамып келеді. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар, ғылыми тұрғыдан тиімділігі дәлелденген жаңа әдістер кеңінен қолданылуда.

1930 жылы ашылған алты бөлмелі амбулаториядан облыс орталығының медицинасы қалыптасты. Ал, Ақмола округінен жолдамамен ерлі-зайыпты Герман және Ядвига Алалыкиндердің келуі денсаулық ісін жолға қойды. Медициналық құрал-жабдықтың жоқтығы да бірі хирург, бірі терапевт мамандарға қолбайлау болған жоқ. Бүгінде тарихи ғимарат сақталмаса да, ол қалыптастырған сара жолды жалғастырушы қаладағы №1 қалалық аурухана саналады. Одан бөлек Қарағанды қаласында жеке меншік клиникаларды қосқанда 25 медициналық мекеме қала халқына қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысының өткен жылы өңірге жасаған сапары кезінде берген тапсырмасына орай халық тығыз орналасқан аудандарда ықшам емханаларды ашу қолға алынуда. Мәселен, былтыр екі емхананың ашылғанынан көпшілік хабардар. Биыл наурыз айына Майқұдықта тағы бір емхана ашу жоспарланған. Сонымен бірге, екі отбасылық денсаулық орталығының құрылысы бой көтеретін болады. Бұл емханалар жүктемесін азайтуға бағытталған. Атап айтсақ, учаскелік дәрігерлердің қазір қабылдап жүрген 2 мыңнан астам адамын 1700 адамға дейін азайту мақсатын көздейді.

Медицина саласындағы кадрлардың тапшылығын шешу үшін жастарды ынталандырудың түрлі жолдары қарастырылуда. Емханалар мен ауруханалар Қарағанды мемлекеттік медицина университетін бітіретін түлектермен келісім жасасу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы былтыр бекіген. Оған сәйкес жас маман сол мекемеде 3 жыл жұмыс жасауға міндеттеледі. Бұл екі тарапқа да тиімді. Ал, бастысы халықтың үдесінен шығуға мүмкіндік. Жалпы медицинаны қол жетімді ету үшін цифрлық технологияларды қолдану аясы артып келеді. Біздің аймақ алғашқылардың бірі болып кешенді медициналық ақпараттық жүйе негізінде жұмыс жасай бастаған болатын. Бүгінде «ДамуМед» қосымшасын қолданушылар қатары 360 мыңнан асып жығылады. Ал, электрондық денсаулық паспортын жасау аяқталып қалды десе болады. Жалпы тұрғындар санының 94 пайызы электрондық нұсқаға көшті. Қарағандының «Арглабині» – алты құрлық мойындаған зор жаңалық, медицина ғылымына қосқан сүбелі үлесіміз.

Алла алқап, Қарағанды миллионер қалаға айналса, барлық саласы, оның ішінде, медицинасы да қарыштап дамиды деген сенім бар. Себебі, бөлінетін қаржының жыл санап артуы, одан бөлек инвестицияның тартылуы, медициналық құралжадбықпен қамтылуы медицинаны халыққа барынша қол жетімді етуге бағытталған.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button