Руханият

Алтайдағы айтыста топты жарды

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағайда өткен «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысында жерлесіміз Дидар Қами топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Осыған орай, мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Күллі түркі әлемінің құт қонған ұясында өткен ақындар додасында еліміздің танымал ақындарынан бөлек, көршілес Моңғолия, Қырғыз­стан елдерінің сөз сүлейлері де бағын сынады. 12 ақыннан тұратын кіл мықтылар өзара өнер сайысына түсіп, сырлы сөздің сәнін келтірді. Ал, осы бір додадан қара үзген ақынын Арқа жұрты ардақтап, төрге шығарды. Мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы ақынды жеңісімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

– Айтыс – қазақтың қастерлі ұлық өнері. Шығыс Қазақстанда өткен дүбірлі додада дарабоз Дидардың топ жарып, жеңістің тұғырынан көрінуі – облыс үшін үлкен жетістік. Келесі айдың оныншы жұлдызында Маңғыстау өңірінде командалық айтыс­тың финалы өтетінін білесіздер. Бүгінгі қанжығамыздың майлануын жақсы ырымға балап, алдағы командалық айтыста да облыстың өнерпаздарының құрамасы топ жарып, жеңіс туын желбіретсін, – деп жылы лебізін білдірді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Командалық айтысты өткізу бастамасы тұңғыш рет өткен жылдан бастау алды. Тың жоба ретінде қолға алынған бұл сайыста айтыстың ежелден келе жатқан сан-салалары жаңғырып, жаңаша түлеуде. Айтыс ақындарынан бөлек, топ құрамы жыршы, термеші, күйші секілді дәстүрлі өнерпаздардан тұрады. Шілденің оны күні Маңғыстауда болатын ақтық сында облыстың құрамасы Түркістан облысының құрамасымен бақ сынасатын болады. Команда жетекшісі Айтбай Жұмағұлов алдағы болатын ақтық сайыс жайлы өз пікірін білдірді:

– Аламан топқа түсетін ақынның соңында тілеуін ті­леп отырған елі болмаса оның додада топ жаруы екіталай. Ақынның халықтың батасын алып, елінің ризашылығына бөленуі де оның сайыста сыннан сүрінбей өтуіне жәрдемдесері анық. Ақтық сынға топ құрамы жасақталып, үзбей дайындық жасалуда. Дидар онда «қайым айтыс» түрі бойынша өнер көрсетеді. Бақ пен бап қатар шауып, сәтін салып, облысымыздың намысын қолдан бермей, жеңістің тұғырынан көрінуге бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Айтбай Жұмағұлов.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері ақынға сауалдарын қойып, жоспарлары жөнінде сұрады. Дидар Қами сауалға салмақты жауап беріп, өз пікірін білдірді.

– Мені қолдап, әрқашан да тілекші болып жүрген Арқаның ардақты жұртына алғысымды білдіремін! Жасымнан өр Алтайды Оралханның, Қалиханның шығармаларынан оқып, тамсанып, бір барсам деп құмартып жүруші едім. Сәті түсіп, тұңғыш сапарымыз оңды болып, бәйгенің алдынан көріне білгеніме қуаныштымын! Таңдаулы ақындар қатысқан аламан айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталған фестивальде ерекше әсерге бөлендік. Алдағы күндері шырайлы Шымкент қаласында өтетін ақындар айтысында да топқа түспекшімін. Сіздердің әр қолдауларыңыз біздің шабытымызға шабыт қосады. Бүгінгі жеңісіміз жалғасын тауып, онда да жетістікке ұласа бергей, – деді дүлдүл ақын.

Арқаның намысын қор­ғайтын облысымыздың өнерпаздарына алдағы болатын ақтық додаларда тек қана жеңіс тілейміз! Арқаның айтыс аламанының арғымақтары сүрінбей, бәйгеден топ жарып, жарқырай берсін!

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button