Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды
Бүгін таңертең Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 13 адамның мәйітін тапты. Қазір олардың өлімінің себебі анықталып жатыр, – деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, хостелдегі өрт туралы хабарлама таңғы сағат 05:33-те келіп түскен. Өрт сөндірушілердің алғашқы құрамы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті.
Белгілі болғандай, өрт үш қабатты ғимараттың жертөлесінен шығып, бірінші қабатты да шарпыған.
Алдын ала есептеулер бойынша, өрттің жалпы ауданы 30 шаршы метрді құрайды. Сағат 06.22-де өрт толығымен сөндірілді.
– Барлау және өртті сөндіру барысында 13 адамның мәйіті табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, олар көміртегі тотығымен улану салдарынан қаза тапқан, – делінген департаменттің хабарламасында.
Өрт кезінде хостелде барлығы 72 адам болған, олардың 59-ын эвакуациялап үлгерген. Өртті ауыздықтауға 46 адам мен 13 бірлік ТЖД техникасы жұмылдырылды.
– Өрт пен өлімнің себебі анықталуда. Соған сәйкес, ақпарат тағы да толықтырылатын болады, – деді ТЖД өкілдері.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА