«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды»
Фотосурет өнері журналистиканың жауынгер жанрына айналғалы қашан. Бірде-бір газет, журнал саны тиісті дәрежеде кезендірілмесе, оқырманды тартпайды. Қаншама ізденіп жазған мақалаң портреттік немесе композициялық фотосуретпен немесе қазіргі тілмен айтқанда, заманауи дизайнмен көркемделмесе, құны төмендемесе де құты кетеді. Осыдан-ақ фототілшілер мен дизайнерлер еңбегінің бағасын бағамдай беріңіз. Сондықтан да, газет-журнал редакциялары фототілшілік қызметке кез келген кәсіби фотографты емес, журналистикадан хабары бар, ізденгіш, талғампаз мамандық иесін қабылдайтын.
1979 жылы газетімізде сонау соғыс аяқталған жылдан істеп келе жатқан, қашанда жайдары жүзді фототілшіміз әрі суретші Қамаш Шамов ағамыз зейнеткерлікке шығатын болып, орнына кісі іздей бастадық.
Екінші фототілшіміз Юрий Хейфиц те егде тартып қалған. Мичурин аудандық газетінен аты-жөнін «Джумабек Иманалиев» деп жазатын бір жас жігіт анда-санда фотосуреттерін әкеліп жүретін. Сонымен хабарластық. Оңтүстіктің жігіті екен, «өзбек, әлде ұйғыр ма?» деп жүретінбіз. Орысша сөйлейді. Онысы бір жағынан жақсы, өндірісте, бұрынғы облыс аумағындағы теріскей аудандарда қаптаған орыс. Тілін тауып, бізге фотосуретін әкеліп тұрса болды. Жауапты хатшы Рымқұл Сүлейменовке кіріп шығып, келісімін алған көрінеді. Кім қолынан іс келіп тұрған дайын кадрынан айрылсын, аудандағы редакторы Миша Сикордин жатып ашуланады, «жібермеймін» деп тулайды. Бірақ, облыстық газет сұраттырып тұрған соң не істей алады, обкомның органымыз, бір айдан кейін ауысты.
Бізге де керегі осындай жігерлі жас жігіт еді. Болашақ редакторымыз Мағауия Сембаев екеуміз сол кездегі редакторымыз Рамазан Сағымбековтің көреген саясатына сәйкес секретариаттың қара жұмысына жегілгенбіз. Макет сызамыз, газеттің беттелуін қадағалаймыз. Баспаханамен үнемі байланыстамыз.
Оған өкінбейміз, секретариаттың «кухнясынан» өтіп, газет шығару ісін, полиграфияны бір кісідей меңгеріп алдық. Кейін екеуміз де жауапты хатшы, редактордың орынбасары болдық, Мағауия газетті 21 жыл басқарды. Егер, секретариатта сол «мектептен» өтпесек, мұндай дәрежеге жетуіміз неғайбыл еді.
Жұмабектің келгені жақсы болды, айтқанымызға көнеді, айдағанымызға жүреді. Ақсақал жасындағы Қамекең мен Юрий Михайловичке дікіңдей алмаймыз ғой. Оның үстіне келесі жылы Рақаң маған және Мағауия мен Базарбай Мұстафинге республиканың алпыс жылдығына «Алпыс жылдыққа – алпыс репортаж» циклын жазуды тапсырған. Күн сайын бір, кейде екі материалдан беруге тура келеді. Сонда осы Жұмабек фоторепортаждарымен бізге үлкен көмек жасап еді. Ал, біз үшеуміз Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атандық.
Газеттің фототілшісі ретінде Жұмабектің облыста бармаған жері, баспаған тауы сірә да жоқ шығар. Әсіресе, алыстағы диқан-малшылардың құтты қонағы. Қамекеңнің астында жеке меншік машина болса, Жұмабек көлік талғамайды. Автобуспен жүре береді, жол-жөнекей машинаға мінуден де арланбайды. Барған жерінен фотосуретпен қатар газетке әп-әжептәуір материал алып келеді, бірақ орысша жазады. Орысшасы өте сауатты. Орыстілді газеттер оның жазғанын сол қалпы басатын. «Бауыржан батырдың бауыры екенсің, ағаң сияқты екі тілге де жетік бол» деп ақыл береміз. Елгезек жігіт қой, негіз бар, қазақшаны да жап-жақсы меңгеріп алды.
Сөйтсек, Жұмабек Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Чокпак деген шағын станция ма, разъез бе, сондағы саны аз қазақ теміржолшысының отбасында туған көрінеді. Мұндағы бастауыш мектепте қазақ сыныбы болмайды, онжылдықты Кременевское селосындағы орыс мектебінен бітіреді. Содан жол жұмысшысы болып еңбек жолын бастайды да, бір жылдан соң Шымкенттегі кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, 4-разрядты фотограф болып шығады. Аудан орталығы Жуалының тұрмыстық комбинатында фотограф, кейін алты айлық арнайы курс бітіріп, аудандық ауруханада рентген-кабинеттің лаборанты болады.
Жұмабек үшін отбасы жағдайымен Қарағанды облысының Топар кентіне көшіп келген 1974 жыл – өміріндегі жаңа белес болды. Жоғарыда айтқанымыздай, аудандық газеттің фототілшісі атанып, журналистік қадамын бастайды. Содан табаны күректей 40 жыл қалың сөмкесін арқалап, журналистік жолдармен Арқа төскейін аралайды. Соның ішінде зейнеткерлікке шыққанша табан аудармай 34 жыл «Орталықта» еңбек етті.
«Жұмабекпен іссапарға шықсаң бір ғанибет, – деп еске алушы еді ұзақ жыл газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған әріптесіміз, бүгінде марқұм болған Тілеш Байтұрсынов әріптесіміз. – Қай совхозға бармайық, Жұмабектің алдынан таныстары шыға келеді. Басшыларымен де жақсы. Қысқаша айтқанда, тамағымыз тоқ, жатын орнымыз дайын болады. Және қалтасында қай ауданнан болмасын мөрі қойылған іссапар куәлігі, автобустың күні қойылмаған билеттері толып жүретін. Әлдебір себептермен бара алмай қалсақ, Жұмабектен соларды сұрап алып, бухгалтериямен есептесіп, сыра-пыраға тиын-тебен табатынбыз…».
Өзінің фототілшілік жолындағы іздері тек газеттерде ғана емес, өлке тарихына арналған кітаптарда, слайдтарда, фотоальбомдарда сайрап жатыр. Бұл тұрғыда белгілі маман, ҚазТАГ-тың фототілшісі Валерий Петуховпен бірге ынтымақтаса еңбек етті. Әсіресе, алыстағы аудандардың фотошежіресін жасауға елеулі үлес қосты. Тың игерудің 50 жылдығына арналған кітап шығарысты. Нұра ауданының әйгілі ауыл шаруашылығы мамандары – Г.Прокоп, Қ.Отарбаев басқаратын шаруашылықтар туралы фотоальбом
құрастыруға қатысты. Облыстық әкімдіктің, басқа да мемлекеттік мекемелердің тапсырмасын ойдағыдай орындап отырды. Сондықтан да, екі мәрте облыс әкімінің Құрмет грамотасымен (2000, 2011 жж.), сондай-ақ, салалық министрліктің Алғыс хат-тарымен (1999, 2000 жж.), Құрмет грамоталарымен (2002, 2005 жж.), бірнеше рет облыстық мәдениет департаментінің, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының дипломдарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыста 2006 жылы журналистер арасында «Алтын сұңқар» конкурсы ұйымдастырылғанда әріптестері арасынан «Байқағыштығы үшін» аталымы бойынша жүлдесіне тұңғыш рет ие болған осы «Орталықтың» Жұмекеңі. Ал, 2010 жылы 60 жасқа толуына байланысты Қазақстан Журналистер одағының «Құрметті журналист» атағының лауреаты атанды. Бірнеше рет елді тамсандырған фотокөрмесін ұйымдастырды.
Біз секретариатта жүргенде сонау 6-қабаттың қатарындағы баспахананың газет беттеушілеріне ешкім тапсырмаса да «клишені көріп келемін» деп жаяулап жиі барғыштай беретін. Сөйтсек, Ғалия, Роза деген метронпаж қыздарға барып жүреді екен. Ақыры дәм-тұздары жарасып, Ғалиямен отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Араларындағы дәнекер Жанар атты қыздары да бой жетіп, еңбек етуде.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» деген шын екен. Зейнет жасына жетіп, жолын жастарға бергеннен кейін екі жылдай жартылай тапсырылған пәтерін жөндеумен айналысты. Қолынан келмейтіні жоқ. Сылақшы-сыршы, сантехник, электрик те өзі. Кейін де қол қусырып отырғысы келмеді. Жақсы фотосуретшіге қашанда жұмыс табылады ғой. Бірақ, қазақтың тойынан сурет түсіріп, телміріп жүргісі келмеді. Мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетіп үйренген басы Қарағанды техникалық университетіне келсе, ректоры Арыстан Ғазалиев мұның газеттен түспейтін Жұмабек Иманәлиев екенін білгеннен кейін сөзге келмей қызметке алады.
Үлкен оқу ордасында талай игілікті шаралар өтіп жатады. Баспасөз орталығының техникалық қызметкері Жұмабекті қашан да сол оқиғалардың жуан ортасынан көресіз. Бүгінгі фотожурналистика да адам танымастай өзгерді. Кешегі пленка шығарып, фотоқағаз құрғату сияқты «дымқыл үрдістер» құрдымға кеткен. Ғылым мен техника жетістіктері, цифрландыру, компьютерлік технология мұнда да жеткен. Бүгінде 70 жасқа толып отырған кешегі кәнігі фотожурналист сол күрделі техника тілін меңгеріп алып, жастармен қатар заман ағымынан қалысар емес… Жетпіске желе жортып жеткен Жұмабек замандасымызға зор денсаулық, жаңа шығарма-шылық ізденістер тілейміз.
P.S. Әлі де ат үстінен түспеген ардагер фотожурналистің әр жылы түсірген суреттерінен жариялап отырмыз.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист, облыстық
«Ortalyq Qazaqstan» газеті
ардагерлер кеңесінің төрағасы.