Шет

Алмалыға шетел ынтық

Шет ауданының орталығы АқсуАюлыдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Алмалыдағы «Sary-Arka Copper Precessing» ЖШС жергілікті тұрғынның 60-65 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Зауыт іске қосылғалы – үш жыл. 2016 жылы геологиялық барлау және технологияны зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал, 2018 жылы зауыт жұмысын бастады.

Зауыт қарамағында мыс кен орны, үгіту-сұрыптау кешені, шоғырлы сілтісіздендіру учаскесі мен өндірістік ғимараттар – экстракция жəне электролиз цехтары бар. Алғашқы екі жылы өнім сынақ режимінде дайындалса, кейін 2018 жылы негізгі межеленген жоспар іске асты. Жоба бойынша жылына 10 мың тонна катодты мыс өндіріледі. Өнім экспортқа шығарылады. Жаңа зауыт халықаралық стандарттарға сай заманауи үлгіде са­лынып, жабдықталған. Атап айт­қанда, кəсіпорын цехтарында «OUTOTEC» (Финляндия), «BatemanAdvancedTechnologies LTD» (Израиль, Италия), «TELESTACK LTD» (Ұлыбритания), «DYNAPOWER LLC» (АҚШ), Metso тобы (Финляндия) секілді осы саладағы көшбасшы компаниялардың озық үлгідегі технологиялық құрылғылары тізіліп тұр. Қондырғылар, тіпті, құрамында мысы төмен кенді өңдеуге де қауқарлы. Ерекше атап өтерлігі, өндіріс толығымен автоматтандырылған жəне «Индустрия 4.0» бағдарламасының талаптарына толықтай сай келеді. Автоматтандыру «OUTOTEC» компаниясы жасап шығарған «Proscon» технологиялық үдерістерді басқару жүйесі негізінде құрылған. Бүгінде зауытта 800 адам жұмыс істейді.

– Жұмыскерлер 15 күндік демалыспен, яғни, ауысыммен жұмыс жасайды. Бір вахтада 400 адам. Бұл дегеніміз, зауыт жұмысы тәуліктің 24 сағаты тынымсыз жұмыс істейді деген сөз. Зауыттың бұл бөлігіндегі жұмыскерлердің жұмысы тек заманауи құрылғыларды басқару және қадағалау болып табылады. Сондай бел шойырылып, қол таларлық жұмыс жоқ. Жоспардағы атқарылар міндет қондырғыларға байланысты. Әрине, темір болған соң сынбай тұрмайды. Осының барлығына жұмыскерлер жауапты. Жұмыскерлердің көбі ауданнан, Кеншоқы ауылынан. Олар зауыт автобустарымен қатынап отырады. Ал, алыс мекендерден қатынайтындардың (мысалы, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент қалалары) зауыттың қаржысынан қарастырылған, – дейді экстракция және электролиз цехының басшысы Нұркен Жолдасов.

Зауыттың осы бөлігі толық заманауи қондырғыме электролиз бөлігі болған соң мұнда электрлонды құрылғы, оттық, темекі, сіріңке секілді заттарға қатаң тыйым салынады. Ондай заттарды кіреберісте қалдыру керек. Цех басшысының айтуынша, мұнда тек 2 жұмыскер ғана қызмет істейді. Олар аппаратшы гидрометаллургтер Нұрлан Есілбаев және Глеб Голубев. Олардың міндеті – құрылғыларды бақылап отыру. Экстракция және электролиз цехы зауыттың жүрегі іспеттес. Технологиялық үдеріске тоқталатын болсақ, бірінші саты – минералды шикізатты қайта өңдеу. Үгіту кешені үш үгіту кезеңінен және екі жолақтан құралған. Үгітілген кен шоғырлы сілтісіздендіру учаскесіне жіберіледі. Онда 60 бірліктен құралған қойма кешені орналасқан. Цикл толығымен тұйықталған, экологиялық жағынан қауіпсіз. Бірінші экстракция цехына түсетін ерітінді бір литрге 45 грамға дейін байытылады. Мыңдаған агетатор (үгіткіш лента) мен сорғылар карьерден келген шикізатты ұсақтап, үгітіп, құрамынан кенді күкірт қышқылы арқылы бөліп алады. Күкірт қышқылымен тікелей жұмыс жасағандықтан қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Қондырғыларға толы алаңның әр 3 метрінде арнайы душтар орнатылған. Жоғары бөлігінде де. Бұл күкірт қышқылы адам денесіне тиген жағдайда тез арада шайып жуу үшін керек. Цех жарылғыш заттар жағынан да қауіпсіз. Қорғау деңгейі өте жоғары. Арнайы өткізгіштік режим және автоматты түрде өрт сөндіру жүйесі бар. Аяқ астынан өрт шыққан жағдайда басатын түймелер бар. Түймені бассаңыз, бүкіл зауыт жұмысы бір мезетте-ақ тоқтайды. Өнім цехтан сыртқа шығарылып, бөлек-бөлек үйінділерге жиналады. Мұнан соң кен арнайы катодқа отырғызылып, ванналарға салынады. Ал ол ванналардан таза мыс алынады. Дайын өнім жеке қатталып, кезекті экспорттауды тосады. «Ең басты ресурс – адам» деген ұстаным өндірісте жұмыскерлерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Кəсіпорын базасында жұмыскерлер тұратын бес корпус бар. 150 адамдық асханасы жұмыс істейді. Онда жұмыскерлер таңғы ас, түскі ас, кешкі ас және түнгі ас ішеді. Ас мәзірінің негізгі түрлері бесбармақ, қуырдақ, лағман, кеспе, палау. Сондай-ақ, тәтті бәліш, пицца, құймақ және түрлі салаттар да бар. Әр жұмыскердің туған күні де назарда. Асхана басшысы һәм бас аспаз Венера Мунсейтованың айтуынша, туған күндер ерекше аталып өтеді. Оларға арналып ені 30 см, ұзындығы 50 см-лік тәтті бәліштер арнайы пісіріліп, ас мәзіріне қосылады.

– Асханаға 4 мезгіл тамақтануға келеді жұмыскерлер. Әр мезгілінде оларды ыстық және әртүрлі ас күтіп тұрады. 1 лекпен 100-140 адам тамақтанады. Олар тамақтарын ішіп жауапты орындарына барады. Осылайша күніне 400 адамды тамақтандырамыз. Біздің аспаздар тамақты кешіктірген емес. Барлығы уақытқа сай. Себебі, тамақ кешіксе, жұмыскер жұмыстан қалады. Жұмыскердің жұмысы тоқтаса, өндіріске кері әсер етеді. Міне, осының барлығы ескеріледі. Сонымен қатар, біздің асхана қалалық жәрмеңкелерге де шығады. Бірнеше рет облыс әкімі, аудан әкімдігі атынан марапаттар да алдық, – дейді бас аспаз.

Өндірістің тағы бір ерекшелігі – қоршаған ортаға залалсыздығы. Цех мамандарының пікірінше, келтірер залал арнайы мониторингтен өтіп, қадағаланып тұрады. «Қоршаған ортаға қауіп аз. Жұмыскерлер жылына бір рет тексеруден өтіп денсаулықтары қаралады. Ол үшін Қарағанды қаласының денсаулық сақтау ұйымымен жасалған келісімшарт бар. Әзірге зардап шегіп, жұмыстан ауру тапқан адам жоқ» – дейді мамандар.

Өндірістің асты-үстін аралап жалпы жұмысына қанық болдық. Зауыттың негізгі кен қоры 15-20 жылға жетеді деп есеп жасалған. Кәсіпорын қазірдің өзінде ірі халықаралық трейдерлердің бірі – Trafigura компаниясымен өнімдерін экспорттау жөнінде келісімшартқа отырған. Сонымен қатар, компанияға қаржылық институттар үлкен қолдау көрсеткен. Нақтырақ айтсақ, «Цеснабанк» 14 млрд. теңге көлемінде несиелік ресурс ұсынған. Келешекте компания кеңеюді жоспарлап отыр.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button